26.10.2020, 15:08
Қараулар: 76
Ақпарат ақылға шақыра ма, әлде адастыра ма?

Ақпарат ақылға шақыра ма, әлде адастыра ма?

Бұрынғы күнді аңсап отыр екен деп айыптамассыз, оқырман! Бірақ біздің балалық шағымызда экраннан көпшілікті жақсылыққа, адамгершілікке, адал еңбекке, достыққа үндейтін керемет туындылар көрсететін еді. Ата-анамыз бізге арнайы жаздырып алатын «Ұлан», «Балдырған» сынды газет-журналдарда да тек осы тектес мақалалар мен ертегілер жарық көретін. Бұқаралық ақпарат құралдарының бала түгілі, ересек адамның да санасына ықпал ете алатыны бесенеден белгілі. Осы ақиқатты ескерген сол кездегі басылымдағы мақалалар мен теледидардағы бағдарламалардың мәдениеті, таным көкжиегі ерек болатын. Ал қазір ахуал мүлдем басқаша. Көрермен мен оқырман үшін таласқан БАҚ өкілдері мен не себептен екенін білмеймін, журналистермен терезесі теңестірілген блогерлер дабыра тудыратын, бірден көптің талқылауына түсетін сенсация іздеп әлек. Тұтынушының қалауына қарай ғана қызмет ететін нарықтық кезеңнің заңдылығы да сол шығар. Бірақ мұндайдың әттеген-ай дейтін тұстары көп…

Бұқараға жеткен озбырлық

Соңғы кезде, шыны керек, теледидар мен әлеуметтік желі, көптеген бейресми басылымдарда зорлық-зомбылық оқиғалары, одан зардап шеккен адамдардың хикаясын баяндайтын материалдар көбейді. Қай кезде қоссаң да, теледидарда судай ағылған қан, жарқылдаған атыс-жарыс. Ақылдының емес, әлдінің дәурені жүретінін анық сипаттайтын көріністер белең алған. Бұл көріністердің анайы сөздермен көркемделетіні тағы бар. Ал әлеуметтік желіге кіре қалсаңыз, бұдан да зорын көресіз. Ел көлеміндегі жаңалықтарды тарататын танымал ақпараттық орталықтардың халыққа жеткізетіні де осы – біреудің біреуге жасаған әлімжеттігі, зорлық-зомбылық ашық та, айқын көрсетіліп, бүге-шүгесіне дейін баяндалады. Әйелдерге қатысты озбырлық болса да, сол.

Ал балаларымыз күнде ойнайтын видеоойындарға келсек, айқай соғыс. Мұздай қаруланған сарбаздың кейпіндегі балақай қарсыластарын түгел қырып, ойынның соңына жеткенше тоқтамайды. Не болмаса, жүйрік көлікпен виртуалды әлемді шарлаған ойыншы жолында кездескен жолаушыларды жапырып, айналасындағылардан әлі зор екенін дәлелдеп шыққанша, бір тынбайды. Бір сәт 2-3 жасар баланың  Youtube бейнехостингінен қарайтын мультфильмдеріне назар аударып, көріңізші. Бұрынғыдай мейірім мен жылылыққа толы туындылар емес, ебіл-себіл атыс-жұлысты қарайды. Бірде әлі тілі шықпаған жиенімнің телефоннан бас алмай осындайды көріп отырғанын байқаған соң, қолынан алып, бұрын тамсана қарайтын «Маша мен аюын» қосып берсем, зұлымдыққа толы антұрған видеосын қайта көремін деп еңіремейсің бе?!  Телеэкран мен әлеуметтік желіде қаптаған зорлық пен озбырлықтан баланы қалай қорғауға болады, содан бері осы ой маза бермейді.

Күні кеше ғана ақпарат айдынында жарқ еткен бір-екі жаңалыққа шолу жасалық. Солардың бірі – орамал таққан жасөспірім қыз өзінің замандасының шашын жұлып, ұрып-соғып әбден ит сілікпесін шығарғаны туралы ақпарат. Талайдың телефонын шарлап, телеэкраннан бүкіл халыққа тараған осы жаңалықтың артында не жатыр, соны ойлап көрдік пе?! Әлде жай ғана көре салып, жасөспірімдердің қатігездігіне тағы бір рет бас шайқап, айыптадық па?

Алысқа бармай-ақ қоялық, 21 қазан түнде Орал қаласында орын алған жастардың арасындағы атыс ше? 20 шақты еңгезердей жігіт бір-бірін мылтықпен атып, айдың күні аманында бір-бірімен қырылысып қалды. Телеарна, әлеуметтік желіні жаулаған осы ақпаратта жоғарыда айтқан мәселенің түйіні жатырғанына баршаның көзі анық жетеді. Шынайы өлімді кинодағы өлімнен, нағыз қанды жасандыдан ажырата алмайтын ұрпақтың ісі емес пе бұл?

Мұндай деректер өмірде өте көп. Балалар көптеген жағдайларда шынайы өмір мен телеэкраннан көргендерінің айырмашылығын аңғара бермейді. Олар осылайша телеэкрандағы медиазорлықтың құрбандары болып жатады.

Қазір елімізде кішкентайлар  теледидар, әлеуметтік желіден өлім, алашапқын, жыныстық зорлы, үркіту, тіпті сөзбен қорқыту сынды адами қасиетке тән емес әрекеттерді еркін көре алады. Жоғарыда айтып кеткен компьютерлік ойындар да баланың болжалды жауымен қарсыласу қажеттігін насихаттайды. Шетел ғалымдарының жүргізген зерттеуінің нәтижесіне сүйенсек, эфир уақытының 85-90 пайызын қылмыспен күрес және зорлық-зомбылық қаптаған көрсетілімдер алады екен, жаңалықтармен де жағдай тап осылай. Бұл дерек қазіргі қоғамда қылмыстың неліктен көбейгенін анық түсіндіріп тұрған жоқ па?

Атың шықпаса жер өрте

Телеэкрандағы көрсетілген дүниеге еліктеудің тағы бір көрінісі – бүгінде жастардың арасында «хайп», «хайп жасау» деген сөздер кең таралуда. Бұл сөздің түп мағынасы дабыра туғызу, елді елең ету дегенді білдіреді. Әр адам өзі ақпарат көзі бола алатын мына заманда бұл ұғымның жастардың санасына мықтап сіңгені де біраз алаңдатады. Экран жұлдыздарындай әп сәтте танымал болуды армандайтын олар әлеуметтік желі арқылы көпті есеңгірететін түсірілімдер жолдап, патша көңіл көрермен жинап, әуре. Елден ерек әрекет жасап, жұртты тамсандырғысы келеді-ақ. Дегенмен, сол әрекеттері олардың дөрекілік пен дарақылықты насихаттаған бүгінгі БАҚ-тың құрбандары екендігінен хабар бергендей. Олай демегенде ше, «кәуап жасаймын» деп иттің басын есікке қысып, айуандықпен қинаған жас жігіт, әкесінің ыдыс жумағаны үшін ұрысқанын желіге жүктей салған қыз бала, төсін жалаңаштап, қазақтың сәукелесін қор еткен бойжеткен сынды жандарға ата-анасы осындай ерсі қылықтарға барып, елдің алдында ұятқа қал деп тәрбие бермеген шығар.

Бүгінде халықты таң қалдыруға құмартқандар қатары көбеймесе, сиремек емес. Хайп қуамын деп, шектен шыққан осындайлардың әрекетін көріп, соны дұрыс деп санайтындардың  да қатары қалыңдары анық. Себеп баланың психологиясында жатыр, көргеніне еліктеп өскен олар желіні шулатып, арзан бедел мен абырой жинауға құмар боп шыға келеді.

Бар бәле өзімізден

Бәленің себебін қарапайым көрермен, мына сіз бен бізден іздеу қажет шығар. Жоғарыда нарық заңдылығы жөнінде айттық емес пе, міне, сондықтан сіз бен біздің көргенімізді бүгінгі бұқаралық ақпарат көздері елеп-екшеп, соның ішінде зор сұранысқа ие болған мақала-бағдарламаларды ұсынады. Айталық, теледидарда бәсекелестік рейтингпен анықталады, қай бағдарламаның көрермені көп болса, соның да уақыты тұрғындарға ыңғайлы уақытқа қойылып, эфир мерзімі де шектелмейді. Оған өзіміз көріп жүрген «Қалаулымымыз» дәлел, қаншалықты бағдарлама жабылсын деп халық шуласа да, рейтингісі жоғары болғандықтан, оның эфирлік уақыты 1 сағаттан 3 сағатқа дейін ұзартылды. Атыс-жарылыспен әрленген, қорқыныш ұялатқан фильмдер, қатігездікке үндейтін компьютерлік ойындар, небір сорақы қылықтарға жетелейтін хайптардың көрермені көп болған сайын, дәурені ұзақ болмақ.

Әрине, мұның бәрі уақытша құбылыс. Балалардың психологиясына ақпарат кеңістігіндегі медиазорлық, өрескел көріністердің теріс әсерінен толық зерттеген Еуропа елдері бүгінде осындай көрсетілімдерге тиым салуға бет бұруда. Киноиндустриясы енді ғана дамып келе жатқан біздің елде де оң қадамдар жасалып жатырған жоқ емес, «Балапан» арнасы қосылып, әлемнің көптеген үздік туындылары қазақ тіліне аударылып, экраннан көрерменіне жол тартуда. Азғантай уақыттан соң көрерменнің талғамы артып, арзанқол дүниелерден гөрі, көңілге шуақ себетін, мейірім ұялататын өнімдерге басымдық беретіні, оясыз ақпараттан ойлы ақпаратты айыра білетін деңгейге жететіні аян. Тек бір өкініштісі, сол талғамның төмендігінен өресі таяз ұрпақ қалыптасып үлгерді. Уақытша дегенмен, экраннан төгілген ақпарат оясыздығы көп нәрсені  бүлдіріп үлгерді.

Әлия ШАРАПИЕВА