26.10.2020, 15:12
Қараулар: 98
САЙЫН ДАЛАДА СЫР БҮККЕН БІР МАЗАР БАР немесе Үкі би туралы үзік сыр

САЙЫН ДАЛАДА СЫР БҮККЕН БІР МАЗАР БАР немесе Үкі би туралы үзік сыр

Өлкеміздің әрбір жотасы, жырасы, әр төбесі маған өткен күннің шежіресін сақтағандай, әр тасында кешегі өткен тау тұлғалардың ізі бардай көрінеді. Расында да тарихымызды қалыптастырған, елдің елдігін сақтап қалған батырлар, әулие-әмбиелер мекен еткен киелі Жайық топырағының зерттелмеген тұстары көп-ақ. Бүгінде жоғын жоқтап, тарихын түгендеген жандардың арқасында біраз белгісіз қорымдар табылды. Осы ретте «Өз өлкеңді өзгеден бұрын таны» атты тарихи-танымдық жорықтардың үлесінің зор екенін айта кету керек. Экспедиция мүшелері Жайықтың бұқар бетіндегі тарихи орындарды зерттеп, құлпытасындағы арап тіліндегі жазуларды оқып, аударып, өткен күндерде ел басқарып, қол бастаған талай Науша батыр, Орақ әулие, Байбарақ батыр, Үкі би секілді тарихи тұлғалардың жатқан жерлерін анықтады. Осылардың ішінде өлке тарихында өзіндік ізін қалдырып, есімі ел есінде аңыз болып сақталған Үкі би туралы не білеміз? Оның аты тарихта қалайша қалды?

Үкі би туған жылы мен өмірден өткен жылдары белгісіз, шамаман XVIII ғасырдың аяғы мен XIX-ғасырдың бас жақтарында өмір сүрген. Ол туралы соңғы жазбаларда Үкі бидің өмір сүрген кезеңі Сырым батырдың заманымен тұспа-тұс келгендігі де айтылады. Шежіре бойынша Үкі бидің ата тегі Кіші жүздегі Байбақты руы, Әлтеке бөлімінен тарайды. Кіші жүз руларының қоныстары келтірілген Орынбор шекаралық комиссиясының мәліметінде «Байбақты руының Әлтеке бөлімі жазда Өлеңті бойында, қыста оның сағаларындағы қамыстарда көшіп-қонады» делінген. Бас штаб полковнигі И.Ф.Бларамберг Байбақты руының қыста Қалдығайты өзенінің Төлен көліне, Бұлдыртының Тұздыкөлге құяр жерінде, жазда Өлеңті, Шідерті, үш Аңқаты, Шыңғырлау өзендері бойында жайлайтынын айта келіп, Әлтекеден Жабағы, Андас, Назарымбет, Маматты таратады. Шежіреде бидің ата-тегі Байбақты – Әлтеке – Жабағы – Қожамсүгір – Марғұл – Дәуіт – Төлеп – Үкі болып тармақталады

Үкі бидің орақ ауызды шешен болғаны, сонымен қатар ірі денелі батыр тұлғалы екені дерек көздерінде жазылған. Мысалы, өлкетанушы Ж.Әбілпейісовтың өзінің осы тарихи тұлғаға арнаған еңбегінде «Ол екі иығына екі кісі мінетіндей,зор денелі алып адам болған. Жайыққа қазақ атаулыны жолатпай жаналғыш әзірейілдей тап беретін казак-орыстар Үкі биден қаймығып, айналасындағы еліне қиянат жасай алмаған»-деп сипаттайды.

Үкі бидің ата тегі, шыққан жері жайында дерек жоқ десек те, белгілі тарихшы Жәнібек Исмурзиннің «DANAqaz» журналында жарияланған «Үкі би және оның заманы» атты ғылыми мақаласында «Оның әкесі Төлеп би Дәуітұлы дауға атсалысқан би-шешен, жауға шапқан батыр адам» деп жазады. Би, батыр, старшын атақтарын иеленудің өзі Үкі бидің әкесінің тұлғалық болмысынан хабар береді. Өйткені, әділ билігімен төрелік етіп, ержүрек батырлығымен қол бастап, старшын ретінде ел тізгінін ұстау кез-келген қарапайым жанның сол кезде пешенесіне бұйыра бермейтін. Оның үстіне Төлеп би сол жылдары Кіші жүзде құрылған Нұртай расправасының төрағасы ретінде ел істеріне араласқан.

Үкі бидің туған жеріне келер болсақ,  Жайық бойындағы сол уақытта «Лебяжина» аталған далалық мекен. Ал жергілікті халық «Лебедок» деп атаған сол жер ауданымызға қарасты Базартөбе ауылдық округі маңында әлі бар, қорғанға айналғалы қашан. Үкі би кіші жүздегі атақты би-шешендермен жақсы қарым-қатынаста болған. Сырым батырдың баласы Жүсіп батырмен  жақсы таныстықта болып, елге жаудан төнген қауіптен қара халықты бірлесіп ,ақылдаса отырып қайтарған. Ол тіпті Жантөре хан тұсында жасақталған Хан кеңесі құрамына Байұлы руларының атынан кеңесші болып сайланды. Мұның өзі оның ел ішіндегі жағдайды тәртіпке келтіріп, талас-тартысты істерге әділ төрелік жасай білген қабілет қарымына, абырой беделіне байланысты еді.. Үкі бидің қарапайымдау ғұмыр кешкені, аса байлық қумағаны өзінің мына өлең жолдарында айтылған:

Рызғали, Рамазан, Рахтарым

Әрбірің бір-бір қойлық шырақтарым,

Үкіағаң биыл соғым соя алмады

Барына разы бол, қарақтарым-деген екен.

Жақсы адамның жаулары көп болатыны бесенеден белгілі, Үкі биді де көре алмаған бір арсыздар мен жауларының сатқындары өлтіреді. Халық жадында сақталған аңыз-әңгімеде Үкі бидің ажалы Жайық бойындағы казак-орыстардан болғаны айтылады. Жайықтың Самар бетіндегі Лебедок ауылында тұратын орыс досы Үкі биді алдап, қонаққа шақырып, кетерінде үзеңгісіне у жағып жіберген. Үкі би Жайықтан өткен соң қастандықты сезіп, жанындағы жолдасына: «Мына қылышпен аяғымды тізеден төмен шап!» дейді. Серігі қимай, бата алмайды. Тағы біраз жүрген соң удың зәрі күшейіп, жоғарылай береді. Сол кезде Үкі: «Шап қара саннан!» дейді. Серіктерінің қолы бармайды. Сол кезде Үкі би «Енді көп ұзамай менің ажалым жетеді. Мені осы жерге жерлеңдер!» деген екен.

Арда азамат Ауданымызға қарасты Базартөбе ауылдық округіндегі  Қызылжар ауылында қорымға жерленеді. Кейіннен өліміне себепші болған орыс-казактар аруақтан қорқып, әрі Үкі бидің халық арасындағы беделінен ығысып, зиратты қызыл кірпішпен қоршап, мазар  тұрғызыпты. Содан ауылға кіреберіс шеттегі қорымда алыстан көрінетін үш қырлы биік мазар пайда болған. Жайық бойында қызыл кірпіштен салынған Үкі бидің кесенесіне ұқсас өзге де құрылыстың кездеспеуі оның өз дәуіріндегі тұлғалық бітім-болмысы мен саяси беделінен хабар бергендей.

Берегіректе кірпіштері мүжіліп, құлауға айналған зиратты аяқ асты етпеу мақсатында және басына белгі тақта қою үшін еңбектенген азамат Аманжол Сәлімов ағамыз. Округке әкім болып тұрған кезінде бастама көтеріп, қасына игі жақсыларды жинап, мазарға ескерткіш тақта жаздырып орнатқан. Осындай батыр бабаларын ардақтаған азаматтардың арқасында біз сөз еткен батыр, шешен дана Үкі бидің жатқан мәңгі үйі қайта жаңғырып, тәу етуші тірілерге өткен күннен бір белгі боп тұр.

Әсет Бисенғалиев.

Байбақты Үкі бидің сөзі екен

Сипағанда сиыр білмес құрметіңді,
Істеген жаман білмес қызметіңді.
Жазатайым бір сияпат етсе жаман,
Болады атқарғандай міндетіңді.

Шошқаны жан сипамас жануар деп,
Жаманға жақын болма малы бар деп.
Басыңды қиындықтан құтқара алмас,
Жабыны жауға салма жалы бар деп.

Өкінбе ірі төре болмағанға,
Таң етпе бойға білім қонбағанға.
Алсаң да қанша білім зор базардан,
Қонбайды бойы күйез оңбағанға.

Төреде төрелер көп Тәңір атқан,
Тек сыртын бояп жылтыратқан.
Кез болсаң кеңсесінде ұяласың,
Білімін айналғанда малға сатқан.

Ағайын жат болады алыс болса,
Жат та жақын болады, таныс болса.
Ағаға іні тұрып, орын бермес
Азырақ кішісінде табыс болса.

Жігіттер, қайрат би ме, ақыл би ме?
Зарар жоқ барақылдан, тиме-тиме.
Кеткен соң қорадан қой, қазаннан ас,
Еш адам келе алмай жүр біздің үйге.

Елғонды, Бекбауменен Ұзақтарым,
Әрқайсың бір-бір қойлық шырақтарым.
Осы үйдің құрты да жоқ, майы да жоқ,
Құр сөзге қанып қайтсын құлақтарың.

(ӘйіпБектасұлы (1903-1985) ақсақалдың қолжазбасынан)