26.10.2020, 15:28
Қараулар: 106
Қаңғыбас иттен қауіп көп

Қаңғыбас иттен қауіп көп

Осыдан бірер нөмір бұрын «Жайық таңы» газетінде қаңғыбас иттердің тайпақтық ағайынның малын қырғаны жөнінде көлемді мақала жарияланды. Біраз уақыт өтіп кетсе де, осы жөнінде өз пікірімді білдіріп кетуді  жөн санадым. Әрі осы бұралқы иттерден зардап шеккенім де бар.

Мен өзім Чапаев ауылындағы «Азродром» аталып кеткен (қазіргі «Достық») бөлігіне жақында салынған жаңа үш қабатты үйдің бірінде тұрамын. Сыртқа шыға қалсақ, толған күшіктер мен бала мысықтарды көреміз. Арасында азулы төбетсымақтар кезігеді. Міне, ең қауіптісі осылар болып тұр. Алыстан адам көрсе,  алқынып  шабатындарын қайтерсің?! Ал олар бұл маңға қалай келді? Міне, мәселенің бастысы осы. Ең біріншіден, ауыл тұрғындары асыраған ит пен мысық жылына бірнеше рет күшіктеп, балалайды. Содан олардан құтыла алмағасын, көпшілік жерлердегі тамақ қалдықтарын төгетін орынға әкеп тастайды (көзбен көргесін айтып отырмын). Олар сол жерден «өсіп өніп»,  сол мекеннің тағысына айналып шыға келеді.

Менің үрейленгенім – қой малын қырып тастаған олар енді адамға, яғни әлі жететін балдырғандарға ауыз салмай ма? Үлкен адамдар әупіремдеп құтылады дейік, ал қараңғы көшемен сабақтан қайтатын кішкене балаларды талап тастаса, не болмақ. Үйіміздің маңын былай қойғанда, шауашылықпен шыққанда, тапа-тал түсте жолыңда, әрбір көше қиылысында алысып жүретін иттерді көріп, барар жерің ұзарып кетсе де, айналып кетпеске шара болмай қалады кейде.

Негізінен итті жеті қазынаның бірі, үйдің қорғаны деп асырайды ғой. Бірақ соның қолға ұстау мәдениетін білмейтіндер қаншама. Үлкен ірі денелі «алабай» тұқымды алыпсоқтарды үйіне ұстап, оларды қараусыз бос қалдыратындар жайында әңгіме бөлек Кішкене балаларды «талғамай» жұта сала ма деп маза қашады менен. Ал мына Тайпақта болған жағдай ше? «Кетер жамандық малмен кетсін» деген қазақпыз, сонда да бір емес бірнеше жанұяның балаларының ырыздығын ит жеп кетті. Қазір көшеде қаңғырып жүрген мал, болмаса ит-мысықтардың иесі анықталса, оған көлемді айыппұл бар. Бұрын осындай бұралқыларды жойып отыратын топ болатын еді. Қазір олай ит атуға заңмен тиым салынған делініп жүр. Ұрғашыларын ұстап алып жатырын алып, еркектерін кестіреді екен. Сонда қай ауылдың «жыртқыштарын» ота жасап, тауысады. Балалауға мүмкіндігінен айырылған ит қауқарынан айырылса, жақсы. Өз ортасына қайта оралған соң, бұрынғы әніне баспай ма?! Оның өір сүру инстинкті бұрынғыдай сақталады емес пе?!

Міне, осы тұсқа келгенде бар жауапкершілік Алланың өзі саналы етіп жаратқан адамға артылады. Ау, айналайындар, итіңе сана бермесе де, сенің ақыл-есің түзу ғой. Асыраған ит пен мысығыңның көбейгенін қаламасаң, уақытында кестіресің бе, піштіресің бе – өз еркіңде. Аулаңдағы жан-жануарға сен иесің, сондықтан оның айналасына тигізген кесіріне де өзің жауапты екеніңді ұмытпағын. Иттің қасқырға айналмауы тек сол иттің иесінің ғана қолында.

Әйгерім МЕҢДАЛИЕВА

Чапаев.