26.10.2020, 15:32
Қараулар: 50
Өсімқорларға жаза жоқ па?

Өсімқорларға жаза жоқ па?

«Жайық таңы» газетінде қазіргі кезеңнің артықшылықтары мен мәселелерін қаузаған мақалалар көбеюде. Әрине, әр заманның өз ерекшеліктері бар. Сондықтан соларды жарықтандырып, көпшілікке жеткізіп отырған жөн. Менің ғана емес, көптің көкейіндегіні дөп басқан осындай мақалалардың бірі – соңғы нөмірде жарық көрген «Күліп келіп, жылап қайтқан қарыз» мақаласы. Жасырып қайтейін, осыдан 20 жыл бұрын ондағы кейіпкер Азаматтың басындағы жағдай менің де өмірімде орын алған.

Тағдырдың жазғаны ғой, мен 40 жасымда өндірдей 5 баламен жесір қалдым. Дегенмен, бәз біреулер секілді әкімдік жағалап, көмек сұрап көрмеппін. 2000-жыл, ойлап қараңызшы. Балаларға да қазіргідей мол жәрдемақы төленбейді. Атаулы әлеуметтік көмек деген атымен жоқ. Әйтеуір, ішіп-жемге бір қап қара астық сатып алуға қаражатым жеткенінің өзіне шүкір ететінмін. Дегенмен, мектепке баратын бала болғасын, жаңа оқу жылының алдында олардың киімдерін бүтіндеп, оқу құралдарын түгендеу керек. Осындай бір қиналғанда ағайынымда бағымда жүрген жалғыз қашарды сатып, балаларға киім алатын болып, ұйғарғам. Бірақ қажет уақытта мал алатын адам табыла қойсын ба? Елдің бәрінде тап қазіргідей жағдай жоқ, қарызға қаражат беретін адам да таппадым. Амал жоқ, қашарым өткен соң, бір ретін шығарармын деген оймен, ауылда өсіммен ақша беретін үлкен кісіге бардым. Алдымнан құрақ ұшып шыққан ақсақал бірден ақшаны қалай қайтаратынымды сұрады. Саудаға шығарған қашарым бар, соны сатқан соң,пайызымен түгел қайтарамын, — дегенім мұң-ақ екен, дереу сейфінен алып, қажет соманы қолыма ұстатты.

Айтып-айтпай не керек, үміт еткен қашар артынан көп ұзамай, қолды болып, біраз қиналдым. Мойынымда қарыз тұр, әрі оның пайызы ай санап өсіп жатыр. Анда жалданып, мында жалданып, ай сайын үстіндегі пайызын ағама апарып беремін. Ағам десе, ағамдай, ай сайын уағдаласқан уақыттан кешіктірмей, ақшасын жеткізгеннен шығар, жылы шыраймен қарсы алып, ақ тілектерімен шығарып салады. «Толықтай қайтаратын күнге де жетерсің, қинап не қылайын, ай сайын осылай өсімін әкеліп тұрсаң, жарайды» деп қояды арқамнан қағып.

Осы газетті оқып отырған барша оқырмандарға айтарым, пайызбен ақша алу құлдықпен тең. Ай сайын тапқан нәпақаңнан жырып, қарыздың өсімін төлеу оңай емес екенін түсінетін шығарсыз. Осылайша мен екі жыл жүрдім ғой. Қайта інім несие алып, пайызбен 6 есе етіп қайтарған бережағымнан құтылуға көмектесті. Ол болмағанда, әлі қанша жыл жүретінімді бір құдайдың өзі білсін.

Иа, ол ауыр күндер де артта қалды. Осы мақаланы оқып отырып, мен барған өсімқор ағамыз өмірден озса да, оның жеңіл ақшаға кенелтетін айласын мирас қылып алғандар арамызда бар екеніне, оларға жазаның жоқ екендігіне тағы көзім жетті. Қазір мемлекеттің қарапайым халыққа қолдауы жетерлік, бірақ әлі де мүмкіндігі төмен жандар бар арамызда. Ал мына өсімқорлар олардың шарасыздығын пайдаланып, байып жатыр. Бір сорақысы, бозторғай қой үстінде жұмыртқалаған мына заманда осындайлардың кесірінен талай отбасы ажырасып, талай жан азып-тозып жүр. Мақаладағы ойдың түйінімен айтар болсам, өсімқорларды заң жүзінде жазалайтын кез келді. Осыған дейін өсіммен ақша берген бір адамның сотталғанын естімеппін, Біреудің есебінен өз жағдайын жақсартуды ойлаған бұлардың тірлігіне тосқауыл қою қажет. Олардың кім екенін ел-жұрт біледі. Сотқа қарызды қайтармаған жандардың үстінен түсетін арыздардың басым бөлігін де солар жазады. Артығымен өндірсе де, негізгі қарызын өтей алмағандарды артынша сот арқылы қинайды. Бұл психологиялық «құлдық». Ойланатын кез әуелден жетті. Дамыған елдің қатарынан көрінгіміз келсе, ең бірінші, кедейлердің қалтасын қаққан осыларды әшкере етіп, пайызға ақша беру дегенді тоқтату керек. Дінімізге де, заңымызға да жат әрекетке біздің қоғамда орын жоқ.

Назым ЕСЕКЕНОВА,

ЧАПАЕВ.