26.10.2020, 15:37
Қараулар: 35
Қарыз қиындықтан құтқармайды

Қарыз қиындықтан құтқармайды

«Күліп келіп, жылап қайтқан қарыз». Осы тақырыта «Жайық таңында» жарияланған мақала (авторы Әлия Шарапиева) көкейкесті көп ойды қозғаған. Расы керек, қарызға ақша алып, оны қайтаруға әлі келмей, тағы да ақша іздеп жүрген ағайындар бар. Міне, енді жыламай қайтеді?! Мезгілінде қайтарылмаған ақша күн сайын өсе бермей ме? «Түбі төлейміз ғой» – кредитке батқандардың көбінің айтар уәжі осы. Мұндай буалдыр түсінікке бой алдырған жандарға айтарым: босқа күн өткізуге болмайды. Турасына көшсек, осындай келеңсіздіктің соңы қайғылы аяқталып жатырғаны да жасырын емес. Кейбір жанның артылған қарыздың салмағын көтере алмай, өзіне-өзі қол жұмсауы осындай жағдайдан туады емес пе?!

Қазір қала емес, ауылда да қарызға ақша берушілер жетіп артылады. Ешкім ешкімді алдап кете алмайды, ондайлар бірен-саран. Қарыздың үстіне қарыз дамап, жаңылыс қадам жасама. Өзіңде жоқ болса, шыда. Басқалай амалын қарастыр: мал өсір, үйрек-қаз асыра, қолыңнан өзге шаруа келсе, қосымша қаражат табудың көзі жеткілікті қазір. Сонымен шұғылдан. Тағы қарыз алып, қабырғаң майланбайды. Ломбард сияқты «ақшалы» мекеме үстеме қосу арқылы есесін еселеп алады. Өткен ғасырдың 70-жылдарында белгілі сатирик ағамыз Оспанхан Әубәкіров «Тек жүрсең, тоқ жүресің, Домаланып көп жүресің» деген екен. Тек жүргенге жететін ештеңе жоқ. Телміріп алған тиыннан, тер төгіп тапқан теңге артық» дейді қазақтың мақалында. Халық айтса, қалып айтпайды. Қарызды жылап қайтарғанша, адал еңбекпен нәпақаңды тап.

Тілес ЖАЗЫҚБАЙ,

Ақжайық ауданының Құрметті азаматы