26.10.2020, 15:40
Қараулар: 85
Шәкірттің бағын баптаған

Шәкірттің бағын баптаған

Мектебіміздің алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнімен қатар дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Қуандық Құбашев біздің М.Өтемісов атындағы орта жалпы білім беретін мектепте 2004 жылдан бері еңбек етіп келеді. Осы мерзімде ұстаздық қызметтің ыстық-суығына төзіп, кәсіби шеберлігінің арқасында шәкірттерін жетістік шыңына жетеледі.

Қ.Айтжанұлы 2017 жылдан бері қазақтың ұлттық ойыны – тоғызқұмалақ  үйірмесіне жетекшілік етуде. Осы жылдар аралығында оқушылары бірталай табысқа қол жеткізіп, ауданда ұйымдастырылған бірқатар ойындардың жеңімпазы атанды. Атап айтсақ Гүлнұр Ибатолла, Аяулым Болатқалиева, Елнұр Ибатолла, Аян Сағынғали, Дәулет Серік тоғызқұмалақтан алдына жан салмаса, Аяулым Болатқалиева, Әлихан Амангелді аудандық дойбы жарыстарында шашасына шаң жұқтырмай келеді.

Індеттің салдарына болған карантин жағдайында да Қуандық ұстаз қашықтан болса да, үйірме жұмысын ақсатпай, өз шәкірттерін лайықты баптай білді. Ол үш шәкіртін  республикалық, халықаралық қашықтан өткен олимпиадаларғаа қатыстырып, жүлделі орын алуына ұстаздық еңбегін сіңірді. Шәкірттері Ақжол Нағым, Ахмет Серік «ККО KZ» сайты арқылы дене шынықтыру пәні бойынша республикалық олимпиадада І дәрежелі дипломдармен марапатталды. Ал  Дарын Серік «Жазғы денешынықтыру» түрінен халықаралық  конкурсқа қатысып, I орынға ие болды.

Шәкірті ұстазының үлгісін көріп, оның жолын қуса, мерей. Ал ардақты азаматтың оқушысы Берік Ермекқалиев биыл дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша оқу орнын тәмамдады. Алған тәлімі мен білімін енді ұрпақ тәрбиесі, ұл-қыздарды салауатты өмір салтына баулуға жұмсауға бекем еткен шәкіртінің талпынысын Қуандық Құбашев әркез қолдайды.

Өскелең ұрпаққа оқу-тәрбие беру жолында кәсіби шеберлігімен аянбай еңбек еткені үшін Қуандық Айтжанұлы лайықты марапаттарға ие болды. Айталық, білім беру ұйымдарында әскери-патриоттық жұмыстарды ұйымдастырғаны үшін алғыс хат, білім саласындағы жетістіктерімен жас ұрпақты тәрбиелеудегі және кәсіподақ ұйымындағы белсенді қызметі үшін алғыс хаттармен марапатталды. Бұл қошемет – оның ұстаздық жолындағы тынымсыз ізденісінің, шәкірт қамында адал еңбегінің жемісі. Тек өзіне ғана емес, оқушыларына да талап қойып, жеңіске талпындыра білетін қасиетінің арқасында әлі де талай биік шыңдарды бағындыратынына сенеміз.

 

Жәнібек ӘБІЛПЕЙІСОВ,

«Жерұйық» өлкетану үйірме жетекшісі.

АТАМЕКЕН