26.10.2020, 15:45
Қараулар: 62
Құтырудан қалай сақтанамыз?

Құтырудан қалай сақтанамыз?

Ауданда соңғы 10 жыл қатарынан адамдар арасында аса қауіпті құтыру ауруы тіркелген жоқ. Дегенмен, аурудың ауылы алыс екен деп, жайбарақаттанудың да реті жоқ, себебі кесел жануарлар арасында жыл сайын кезігуде. Мысалы, биыл Кеңсуат ауылынан 1 мүйізді қара малы құтырып, қарым-қатынаста болған адамдар құтыруға қарсы екпе алды. Сонымен қатар итке қабылып, мысыққа тырналғандар да азаяр емес: биылдың өзінде 41 адам итке, 3 адам мысыққа таланып, 1 адамды жылқы тістеген, 17 адам құтыруға күдікті мүйізді қарамен қатынаста болған.

Құтырма вирусын жұқтырған жағдайда, уақтылы емін алмаса, соңы өлімге әкеп соқтырады. Осыны ұмытпаған абзал.

Құтырма емделмейтін ауру. Жануар тістеген кезде, сілекей мен тырнақ арқылы адам организміне вирус енгеннен кейін аурудың басталу мерзімі 3 күннен бір жылға дейін созылуы мүмкін. Жануармен тістелген, сілекейленген кезде зақымдалған жерді су сабынды ерітіндімен жақсылап жуу қажет. Жануарлардың кесірінен болған кез-келген жарақат кезінде медициналық көмекке жүгініп, дәрігермен тағайындалған құтырмаға қарсы алдын ала егу курсын алған да артықтық етпейді. Бұл процедураны Орал қаласында облыстық медициналық мекемелер, ауылдық жерлерде аймақтық медициналық бірлестіктің хирургиялық кабинетінде (бөлімшелерде) ала аласыз.

Үй жануарларының арасында құтыру ауруын жұқтыру мен оның таралуының алдын-алу үшін (ит-мысықты және үй жануарларын) міндетті түрде құтыру ауруына қарсы егу және ит пен мысықты ұстау ережесін сақтау қажет.

Айгуль БОРАНОВА,

аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының жетекші маманы