2.11.2020, 9:20
Қараулар: 40
Муралда Абай бейнесі

Муралда Абай бейнесі

Қазақтың біртуар ойшылы Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына  орай аудан орталығындағы Ихсанов көшесінде орналасқан 2 қабатты тұрғын  үйдің біріне  оның құрметіне көркем мурал бейнеленді. Ақынның даралығын сипаттайтын бұл өнер туындысының астына «Пайда ойлама, ар ойла» деген қанатты сөз жазылыпты.

Осы жобаға жетекшілік ететін Ольга  Валерованың (Сладкова) сөзінше, бұл жұмыс оларға аудан әкімдігінің тапсырысы бойынша түскен.

«Бұл жоба аудан әкімдігінің бастамасымен қолға алынды. Біздерге жұмысты бастамастан бұрын 3 түрлі эскиз берілді. Әріптестеріммен ақылдаса келе қазіргі салынған эскизді салуды жөн көрдік. Муралды салуға кететін түрлі түсті бояулар, жаққыштарды өз есебімізден шығардық. Муралды салудың жолдары көп, тіпті заманауи технологияларды да пайдалануға болады, бірақ біз оны қолмен бейнелеуді жөн көрдік. Бұл салынған көркемдік суреттің 10 жылдың төңірегінде өз өңін жоғалтпай тұратынына кепілдік береміз. Осындай ірі көлемдегі туындыларымызға тоқталып өтсем: алғашқысы – Орал қаласындағы көп қабатты үйдің қабырғасындағы  керіктің бейнесі. Екінші жұмыс 9 қабатты тұрғын үйде. Ауа райының жылылығы сақталса, бір аптаның ішінде Чапаев ауылындағы кісі көп жиналатын, көрнекті жерге саламыз деп жоспарлап отырмыз. Бұлардың салынуына Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігі Батыс Қазақстан облыстық департаменті мұрындық болды»–, дейді қылқалам шебері.

Атырау, Ақсай, Орал қалалары бойынша 50 ден астам жұмысы бар суретші Ержан Қисықов, Кристина Лозован, Наталья Лапина сынды әріптестерімен бірге жұмысты 3-4 күнде аяқтап бітірді.

Ләйлім ӨСКЕН

Суретті түсірген Елнар АСЫЛБЕК