2.11.2020, 9:21
Қараулар: 45
«JUBAN MOLDAǴALIEV.100 JYL» МОНЕТАЛАРЫ АЙНАЛЫМҒА ШЫҒАДЫ

«JUBAN MOLDAǴALIEV.100 JYL» МОНЕТАЛАРЫ АЙНАЛЫМҒА ШЫҒАДЫ

Қазақстан Ұлттық банкі номиналы 100 теңгелік мельхиордың МН 25 қоспасынан «Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар» монеталар топтамасы аясында «JUBAN MOLDAǴALIEV. 100 JYL» коллекциялық монеталарын айналымға шығарады.

Монеталар барша қазақтың мақтанышы, Қазақ КСР Халық жазушысы, «Қыран дала», «Мен қазақпын», «Жыр туралы», «Сел» және басқа да шығармалардың авторы Жұбан Молдағалиевтің туғанына 100 жыл толуына орайластырылған. Монетаның аверсінің орталық бөлігінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы бейнеленген. Елтаңбаның сол және оң жағында ұлттық ою-өрнек элементтері орналасқан. Монетаны айналдыра «QAZAQSTAN ULTTYQ BANKI • NATIONAL BANK OF KAZAKHSTAN» деген жазу бар. Төменгі бөлігінде монетаның номиналын білдіретін «100 TEŃGE» деген жазу бар.

Монетаның реверсінде Жұбан Молдағалиевтің портреттік бейнесі орналастырылған. Сол жақта мерейтойлық датасы мен соғылған жылын білдіретін «100 JYL», «2020» деген жазулар бар. Монетаның жоғарғы бөлігінде «JUBAN MOLDAǴALIEV» деген жазу бар.

Монеталардың салмағы 15 грамм, диаметрі 33 мм, дайындау сапасы «brilliant uncirculated», номиналы 100 теңгелік, таралымы -7 000 дана.

Монеталар кәдесыйлық орамда шығарылады және коллекциялық құны бойынша сатуға арналған.

Номиналы 100 теңгелік коллекциялық монеталар төлемдердің барлық түрлері бойынша Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында олардың белгіленген құнымен қабылдануға, сондай-ақ банк шоттарына есепке жазылуға және аударылуға міндетті, Қазақстан Республикасының барлық банктерінде шектеусіз ұсақталады және айырбасталады.

Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалған.

ҚазАҚПАРАТ