2.11.2020, 9:24
Қараулар: 33
Саладағы өзгерістер жайында

Саладағы өзгерістер жайында

Ауданымызда іссапармен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша бөлім департаменті басшысының орынбасары Аманқос Жұбаныш болды. Алдымен бөлім басшыларымен өткен жиынға қатысқан ол мемлекеттік қызмет саласындағы өзгерістерге тоқталып, халыққа ұсынылатын қызмет түрлерін цифрландыру, қызметшілермен жасалатын құқық бұзушылықтың алдын алу жайын тілге тиек етіп, ұсыныс пікірлерді тыңдады.

Ауданда 9 айдың қорытындысы бойынша 11885 мемлекеттік қызмет түрлері көрсетілсе, оның 53,3 пайызында қызмет беруші өз өтінішін электронды форматта жолдаған. Бұл көрсеткіштің санын арттыру үшін халықты сандық технологияларды қолдануды үйрету керек екені анық. Сала қызметкерлерінің біліктілігін арттыруда маңызы зор құқықтық оқытуды ұйымдастыру мен өткізу барысына  өзгерістер мен толықтырулар енгізілетінін баяндады. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің жұмысын ішкі бақылау, яғни реттеуді де жолға қойған жөн. Бұл басқосуда А.Жұбаныш Чапаев ауылдық округі әкімі Нұртаза Нәбиденовты Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанованың Алғыс хатымен марапаттады. Ол осы агенттіктің бастамасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Үздің ауыл әкімі» республикалық байқаудың облыстық кезеңінде жеңімпаз атанып, үздіктер қатарынан көрінген болатын.  Естеріңізге сала кетейік, елімізде алғаш рет өткізілген бұл байқаудың мақсаты – ауылдық елді мекендерді дамытуға үлес қосатын ауыл әкімдерін анықтау. Марапатты  табыстаған А.Сағынұлы ауыл әкімінің алдағы жұмыстарына сәттіліктер мен толағай табыстар тіледі.

Осыдан кейін аудандық қоғамдық кеңес мүшелерімен бірге  аудандық емхана, жұмыспен қамту мекемесі, халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыстарымен танысты.  Халыққа көрсетілетін қызметтердің ұйымдастырылу барысына бақылау жүргізіп, жақсарту бойынша өз ұсыныстарын ортаға салды.

Ә.ОРЫНҒАЛИ