2.11.2020, 9:28
Қараулар: 97
Қайырымдылық қанат жайған ауыл

Қайырымдылық қанат жайған ауыл

Ынтымағы мен бірлігі жарасқан ағайынның өзгелерден бек жоғары тұратыны мәлім. Осындай берекелі істердің үдесінен шығып, азаматтарының ауызбіршілігі артқан мекендердің бірі Жаңабұлақ ауылдық округі  десек болар. Жұмыла атқарған әр шаруасы ел игілігіне жарап жатқан ағайын «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген қағиданы да берік ұстаныпты. Округке қарасты шағын ғана Қосшығыр ауылы тұрғындарының ұсынысын ауыл әкімі Аслан Биғалиев қош көріп, соның нәтижесінде ауыл маңындағы зират қоршалды.

Игі іске ауызбіршілікке ұйыған ауыл халқы бірі қалмай үлестерін қосыпты. Қосшығырдан түлеп ұшып, алыс-жақынды қоныстанған ағайын да атсалысып, бір миллион бір жүз елу мың теңгеге қаражат жинап, алаңы 320 шаршы метр қоршауға қажет темір сым мен  бағаналардың ең сапалылары сатып алынды. Ағайынның қамқорлығын айтыңызшы, небары 5-ақ үй тұратын ауылдан түлегендер жандардың осыншама қаражат жинағаны мыңдаған тұрғыны бар ауылдарға үлгі болғандай.

«Біздің округ халқының ұйымшыл екені мені қуантады. Осы Қосшығыр елді мекенінде өткен жиында ауылдағы азаматтар ата бабаларының мәңгілік мекеніне айналған зиратты малға тапатпауй, қоршау жөнінде ұсыныс айтқан болатын. Сол әңгімеден кейін халықтың тілегін жерде қалдырмай, алыстағы ағайынмен хабарласып,  осы істі дереу қолға алдық. Іске кіріскен сәттен бастап, белсенділік пен ұйымшылдық танытқан барша ауылдастармызға ризамыз. Дәнекерлеуші жігіттер де уақытпен санаспай, күні түн еңбек етті. Қолда бар техникамызды да осы жерге жұмылдырдық. Орал қаласынан құрылыс материалдарын тасуға атсалысқан жүргізушілер де – ел азаматтары. «Көп түкірсе көл» деген, ағайынның бірлігінің арқасында шарапаты мол  жұмыс аяқталды. Ата-баба аруағына құран бағышталып, садақа берілді», – дейді округ әкімі Аслан Биғалиев. Қосшығырдағы азаматтар сауапты істерін одан әрі жалғастырып, қазан айындағы қайырымдылық шараларына да өз үлестерін қосты. Ауылдастары Құлшет Шохаевқа үй ішінде жүріп тұруға ыңғайлы арба алып берді.

Әсет БИСЕНҒАЛИЕВ