2.11.2020, 9:34
Қараулар: 63
Қауіп қайда демеңіз…

Қауіп қайда демеңіз…

Өткен жылдың соңында әлемде ойран салған індет біздің елді де жаз айларында біраз әбігерге салды. Қазір ахуал бақылауда болғанымен, жағдай сәт сайын өзгеруде. Індеттің беталысын да болжау қиын. Ал ғалымдар «коронавирустың екінші толқыны болуы мүмкін» деп дабыл қағуда. Сондықтан елімізде карантиндік шектеулер әлі толық алынбады, халықтың жаппай ауыруының алдын алу үшін барлық қарекет жасалуда. Ауданымызда індет бойынша ахуал қандай, алдын-алу шаралары нәтижелерін беріп жатыр ма? Осындай сұрақтарға жауапты білудің реті аудан әкімінің орынбасары Тілек Ғабдушевпен сұхбат барысында келді.

Әлемнің қай түкпірін алсаңыз да, бүгінде індеттің ауыз салмаған жері жоқ десек, артық айтқанымыз емес. Әрине, жұмыр жерді мекен еткен соң, пандемияның шеңгеліне біз де іліктік. Маусым-шілде айларында барша жерлестерді үрей құшағына алған аурудың қарқыны қазір бәсеңсігендей. Дегенмен, «Жау жоқ деме, жар астында» демекші, әр өңір індеттің таралуының алдын алу үшін қарекет етуде. Біздің ауданда қандай жұмыстар атқарылуда?

– Иа, қазір ахуал біраз тұрақталды. Мұның бәрі – қатаң карантиндік шектеулердің нәтижесі екенін жұртшылық анық біледі. Жазда 40 орындық жұқпалы аурулар бөлімшесі, 30 орындық провизорлық орталықтарда бос орын табылмай, біраз қиналдық. Барлығы аудан бойынша 367 адам вирус жұқтырса, оның 352-сі құлан-таза айықты. Өкінішке қарай, 12 жерлесімізден айырылып қалды. Қазір провизорлық орталықтар жабылды, жұқпалы аурулар бөлімшесінде біраз уақыттан бері кереуеттер бос тұр. Бірақ арқаны кеңге салуға болмайды. Оған мысал, жуырда өзге қалаға барып қайтқан ауданымыздың бір мұғалімінен вирус жұқпасы анықталып, ол бүгінде облыс орталығында ем алуда. Бір ғана осындай оқиғаның салдарынан мектептің 3 бірдей сыныбындағы 37 оқушы карантинге жіберілді. Мұндай жағдайдың алдын алу үшін аудан мұғалімдерімен қашықтан жиын өткізіп, өзге аумаққа жолға шығуға тиым салынды, тіпті қажет болған жағдайда, сапардан соң әрбір педагогтың, сонымен қатар өзге де қызметкерлердің жұмысқа кіріспестен бұрын ПТР-тест тапсыру қажеттігін ескерттік. Мұндай қадамға бармасақ  болмайды, себебі бастысы — баланың денсаулығы. Осы ретте ата-ананың да жауапкершілігін айта кеткен жөн. Ауырып тұрған баланы кейде мектепке әкелетіндер де бар, балаңыздың ыстығы көтеріліп, тұмауратып тұрса, дереу дәрігерге көрсету қажет екенін ескерсеңіздео. Бұл ауру жасты да, жасамысты да таңдамайтынын қаперден шығармаңыздар.

Індеттің таралуын болдырмау үшін ауруханалар жанынан құрамына 14 медициналық қызметкер кіретін 7 мобильді бригада құрылды. Олардың әрқайсысы 5000 халықты алғашқы медициналық көмекпен қамтиды деп жоспарланды, бүгінге дейін бригада телефондарына 579 шақырту түскен.

Жуырда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустық инфекцияның таралуын бақылау және жұқтыру ошақтарын уақтылы оқшаулау мақсатында «Saqbol» мобильді қосымшасын ұсынғанын еске сала кетейін. Бір ескерері, «Saqbol» қосымшасын қолдану үшін, біріншіден, смартфонға жүктеп, одан кейін шифрланған деректер берілетін Bluetooth функциясын қосу керек. Қосымша қай-қай смартфон үшін де қолжетімді. Мұның бір артықшылығы – хабарлама функциясын іске қосқан соң, егер сіз COVID-19 инфекциясына шалдыққан азаматпен соңғы 14 тәулік бойы екі метрден аз қашықтықта және 15 минуттан астам уақыт байланыста болсаңыз, сізге қосымшаға жасырын түрде ескерту жіберіледі, яғни науқастың аты-жөнін көрсетпей, шифрлап, жуырда сіздің инфекция жұқтырған адаммен қарым-қатынаста болғаныңызды ескертіп, тиісті шараларды алуға ұсыныс береді. Мен барлық жерлестерімізді осы қосымшаны белсенді пайдаланып, өз денсаулықтарын мұқият қадағалап, жауапты болуға шақырамын. Осылайша, індет ошақтарын барынша оқшаулап, коронавирустың таралуына тосқауыл қоямыз.

Қазір індетке байланысты оқушылардың бірқатары қашықтан, енді біреулері дәстүрлі білім алуда. Қашықтан білім алатын балалардың ата-аналарының қажет техникалық жабдықтарды алуға дәрмені жетпейтіні анық. Аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға осы тарапта қандай көмек қарастырылған, мектептерде санитарлық талаптар қалай сақталуда?

Қай жұмысты қолға алмастан бұрын, әрине, оны жүйелеу қажет. Сондықтан білім беру ұйымдарында коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу үшін жоспар құрдық. Қазіргі таңда 45 мектепте 6509 оқушы білім алса, олардың 40-ында балалар штаттық режимде оқытылуда. Абай атындағы мектеп-гимназия, Алғабас, М.Әуезов, Қ.Байсықов атындағы орта мектептерде білім беру процесі «OnlineMektep» платформасында жүргізілуде. Сонымен қатар осы білім мекемелерінің бастауыш сынып оқушылары үшін 60 кезекші сынып ұйымдастырылғанын да атап өткім келеді. Оқушылардың саулығын сақтау мақсатында барлық қам-қарекеттер қолға алынды: оқушылар тек бір кабинетте дәріс алып (балалардың санының 15-тен аспауы да қаперде), мектепке келгенде және әр үзіліс сайын олардың дене қызуы өлшеніп тұрады. Әлбетте, мектеп қызметкерлері мен оқушылардың барлығының маска тағуы міндеттелген. Мектеп ғимараттарын желдету және дезинфекциялау, дератизациялау, дезинсекциялау жұмыстарына да мән берілді. Шалғай ауылдардың балалары білім алатын мектеп-интернаттардың да санитарлық тазалығы басты назарда. Сонымен қатар антисептик, сұйық сабын, тепловизор, дезинфекциялық кілемшелермен қамтылды.

Қашықтан оқитын балалардың сапалы біліммен қамтамасыз етілуі де – күн тәртібінен түспейтін мәселе. Үнемделген қаражат есебінен сатып алынған 114 ноутбук, 144 компьютер, 160 планшет әлеуметтік қорғалмаған және көпбалалы отбасыларына уақытша пайдалануға берілді.

Карантиннің талаптарына сай әлеуметтік арақашықтықты сақтау, той-томалақтардан бас тарту, кісі көп жиналған жерлерде маска тағып жүру қажет. Ауданда осы талаптардың орындалуын қадағалауға мониторинг топтары жауапты. Олардың жұмыстарына жітірек тоқталсаңыз.

– Ауданда шектеу шараларын қадағалау бойынша құрамына 119 мүше кіретін 19 мониторинг тобы құрылды. Олар дәрі-дәрмектердің бағасын негізсіз көтеру, емдік препараттардың жетіспеушілігін тексеру, барлық мекеме-ұйымдарда және кәсіпкерлік нысандарда карантиндік талаптардың сақталуын қадағалауға құзіретті. Тек осы аптаның өзінде 72 рейд барысында 167 нысан тексерілді. Бір өкініштісі, жаз айларындағы індеттің қарқынын, одан шеккен зардапты қазір көпшілік мүлдем жадынан шығарғандай. Әйтпесе, аудан көлемінде 101 құқықбұзушылықтың орын алғанын қалай түсіндіреміз. Шектеуге шекеден қараған жеке тұрғындар мен кәсіпкерлерге салынған айыппұл көлемі де қомақты – 2 млн 500 мың теңгеден асады. Дегенмен, айыппұлдан қорқайын деген жерлестеріміз жоқ. Ауылдағы ағайын той жасап, әлі думандатып жүр.  Осының бәрі ағайыншылдықтың салдары, себебі аймақтардағы мониторинг топ мүшелері ауылдасының той өткізгенінен хабардар болса да, жасырып, әлек. Ал әріптесіміз, ауылдық округ әкімінің ұлының үйлену тойын шектеулерге қарамастан өткізгені де, әрине, қынжылтады. Бұл тұста әрбір қызметкердің өзгеге үлгі болуы, тиым-шектеуді орындауды өзінен бастауы да маңызды.

Барша жерлестерге тағы да ескертіп өтсем, той, туған күн, мерекелер – өте маңызды оқиға, бірақ халықтың саулығы бұдан да маңыздырақ. Тойханалардың жұмысына тиым салынғанымен, үйде жасырын той өткізіп жатқан ағайын қаншама? Бұрынғы әдетпен «Бұдан да жаманында тойға барған» халқымыз «Той болса, қу бас та домалайдыға» салып, әзірге тиылмай отыр. Қазір садақаның өзінде қазаға жиналғандардың қарасы кем дегенде жүзден асатынын көріп те, біліп те жүрміз. Жағдай тұрақты екен деп, сақтыққа салғырт қарауға болмайды. Маусым-шілде айларында індет белең алған тұста қандай болып едік? Бірден көп адам вирусқа шалдыққан соң, дәрі-дәрмек жетіспей, ауруханаларымыз лық толды емес пе?! Мұндай жағдайдың қайталанғанын ешкімнің қаламайтыны анық.

Әрине, әріптестеріме де, маған да біраз адам «баламызды үйлендіріп, қызымызды ұзатпаймыз ба» деген сауалмен аяқтай келуде. Оларға талай түсіндірдік те, бірақ газет арқылы той өткізіп, дүйім жұртты жинауға болмайтынын тағы ескертемін. Әрине, «үй боламын» деген ұл-қыздың тілегіне ата-ананың құлақ түрмей отыра алмайтыны аян. Бірақ ат шаптырып, тойлатқанда қанша адамның денсаулығына қауіп төндіретінін ойланып алса, абзал. Әсіресе, қауіп үлкендерге төніп тұр. Ата-әжелерімізді сақтайық, әулет басындағы ақсақал, ақжаулықтылардан бір күндік қызықтың кесірінен айырылып қалсақ, өкініштісі сол. Тек екі жастың ата-аналарының басын қосып, жанұямен атап өтсе, пейіліміз тарылып қалмайтын шығар?! Бұл кезең уақытша, соншама тойлағысы келіп жатса, індеттің қаупі басылған соң, артынан дүркіретіп өткізсе, ешкім айыптамасы да анық.

Қазір бүкіл еліміз «тар жол, тайғақ кешіп» келеді. Бұл тек біздің басымызға түскен нәубет қана емес, індеттің салдарынан небір алпауыт елдер де тұралап қалды. Ал сол кесірдің алдын алу – тек мына сіз бен біздің қолымызда. Ол үшін бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып күресуге міндеттіміз. Бұл сынақтан да сүрінбей өтіп, қиындықты бірге еңсеретін күнге де жетеміз. Ол үшін  сенім мен бірлік, тәртіп пен жауапкершілік қажет. Ел болып, халық болып біріксек, бұл індеттен де аман есен шығамыз.Осыны ой таразысына салсақ, игі.

Сұхбаттасқан Әлия ШАРАПИЕВА.