2.11.2020, 9:38
Қараулар: 70
«ЖАСЫЛ ЕЛ» ЖАСАҚТАРЫ ҚАЙТА САПТА немесе тілші мәселе көтерді, іс оңға басты

«ЖАСЫЛ ЕЛ» ЖАСАҚТАРЫ ҚАЙТА САПТА немесе тілші мәселе көтерді, іс оңға басты

Естеріңізде ме, газетіміздің 12 маусымдағы 23-санында «Жасыл елдің жастары жұмыссыз жүр» деп дабыл қаққан болатынбыз. Қысқаша мазмұнына тоқталсақ, жыл сайын ауданымыздың жүздеген студенттері аталмыш жасақтарда қызмет етіп, қосымша табыс табуға мүмкіндік иеленген болса, биыл игі бағдарламаға үміт артқан ұл-қыз жазда жұмыссыз сенделгенін жазған едік. Газеттің де миссиясы осы – билік пен бұқараның арасында байланыс орнатып, тасада қалған мәселелерді қаузау. Дұрысын айта кету керек, біздің дабылымыздан соң, аудан әкімдігі бұл олқылықты қалай да түзетуге әрекет етуге кірісті.

Газет көтерген мәселе

«Жасыл ел» бағдарламасы енгізілгеннен бері, ауданда 100 сарбаз оның қатарында еңбек ететін. Жаз айларында олардың орманшылармен бірге қоршаған ортаны күтіп-баптауға, көгалдандыруға үлес қосқанына көп куә. Игілікті іске тартылған студенттер аудан орталығындағы, ауылдардағы орманшылық мекемелердің аумағын көріктендіріп, саябақтарды тазалап жүретін. Сонымен қатар Жайық өзенінің жағалауын, арық бойларын қоқыстан арылтуға, тұқымбақтарды арамшөптерден тазартуға, орман алаптарын қураған ағаштардан сиретуге атсалып, мемлекеттік орман қорларында, Орал-Атырау тас жолы бойындағы екпе екпелерді күтіп-баптау, қураған ағаштардан арылтып, өз үлестерін қосатын. Ал биыл осындай көріністен көз жазып қалған әлеумет оның себебін білмей, біраз сабылды. Себеп қарапайым – студенттерге қаржы төлейтін мекеменің болмауы. Толығырақ түсіндірсек, бұрын жасақ сарбаздарының жалақысының бір бөлігін республикалық «Жасыл ел» штабы төленсе, қалғаны жергілікті орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау мекемелерінің есебінен (жалпақ тілде айтсақ «лесхоз») қарастырылатын. Ал биыл осы екі тараптардың арасындағы келісімшарттың мерзімі аяқталып, жасақтарға жалақы төлейтін мекеме анықталмай қалды.

Осы жайтты баяндаған тілші материалынан соң, жоғарыда айтқанымыздың аудан әкімшілігі істі қолға алып, тиісті қаражатты Чапаев ауылдық округ әкімдігі арқылы бөлді. Міне, жазылған жайттан шығарылған қорытынды – 13 қазаннан бастап «Жасыл ел» жасақтары қайта сап түзеді.

Студенттерге сенім зор

«Жасыл ел» жасақтарына студенттерді біздер, яғни аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық тіркейді. Биыл жылдағы әдет бойынша студенттер қаңтар айынан құжаттарын тапсырып, «Жасыл ел» қатарында ауыл-елді ажарландыруға тілек білдірген болатын. Бірақ жоғарыда аталған жайттардың салдарынан олардың жұмысы тоқтатылды. Аудан әкімдігінің қолдауының арқасында өткен айда тиісті қаражат бөлініп, аудан орталығында 13 қазаннан бастап, 10 студент сарбаздар қатарына ілінді. Оларға 1 айға 78 мың теңгедей жалақы төленетінін ескерер болсақ, бұл студенттерге зор қолдау. Орман шаруашылығы мекемелерімен келісімшарттың аяқталғаны ертерек белгілі болғанда, бұдан да көп қыз-жігітке аталмыш бағдарлама аясында еңбек етуге, табыс табуға мүмкіндік болар еді. Жыл аяқталып қалғандықтан, әзірге осы он адаммен бастадық. Келесі жылы аудан қазынасынан молырақ қаржы қарастырылып, әлдеқайда көп жасты жасақтар қатарынан көреміз деген үміттеміз», – дейді аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық басшысы Әли Орынов. Оның айтуынша, сарбаздарға облыстық «Жасыл ел» штабынан жұмыс киімдері жеткізілген. Олар қазір аудан орталығының саябақтарын абаттандырып, тазартып жүр. «Жасыл ел» сарбаздарының жұмысын қадағалау ресурстық орталық қызметкерлеріне  тапсырылды.

Берілген жұмысты тындырымды атқарған жастарға ауылдық округ әкімдігінің де ризашылығы зор. ««Жасыл ел» студент жасақтарының тигізер пайдасы орасан. Бұл жасақтар іске кіріскеннен бері ауылымыздың орталық саябақтарының ажары кірді. Күз келіп, күн суытты дегенменен, оларға артылған жұмыстың көлемі зор. Олар Зерде, Жұбан, Даңқ саябақтарындағы жапырақтарды жинап, қураған ағаштарды кесіп, ауыл келбетіне өз үлестерін қосуда. Бұрын бұл жұмыстарды қоғамдық жұмысқа алынған азаматтарымыз атқаратын. Жұмысқа белсене кіріскен жастардың арқасында бұл қызметкерлердің күшін өзге саладағы қызметтерге аудардық. Біз өз тарапымыздан жұмысқа қажет барлық құрал-жабдықтарды бердік. Айталық, күнделікті жапырақтарды жинақтайтын қаптар, бірреттік қолғаптармен қамтылған. Келесі жылы жаз айларында тағы біраз жасты жұмыспен қамту жоспарда. Осындай үрдіс өзге ірі елдімекендерде де қолға алынса, игі», – дейді округ әкімі Нұртаза Нәбиденов.

Оңды істің өрісі кең

Індетке байланысты қашықтан дәріс алып жүрген студенттер үшін «Жасыл ел» жасақтарының қатарына күтпеген жерден қосылу тосын сый болғаны рас. «Мен осыған дейін «Жасыл елге» қатысқан жоқпын. Биыл жазғы демалысты ауылда өткізіп, аталмыш бағдарламаға қатысуды ниет еткенмін. Бұл кезде жұмыстың болмағаны, әрине, біраз қынжылтты. Дегенмен, «Ештен кеш жақсы» демей ме, қазанда ресурстық орталықтан хабарласып, «Жасыл ел» жасақтарының енді жинақталып жатқанын айтып, бір айға жұмыс ұсынғанда, қуандым. Оқудың да қашықтан ұйымдастырылғаны еш алаңсыз жұмысқа кірісуіме сеп болды.  Мен үшін «Жасыл ел» жасағында қызмет ету – жалақы алып, пайда табудан гөрі, ауыл көркін арттыруға үлес қосу. Ауылымызды  тек өзіміз ғана таза ұстап, өзгелер қызығатын әсем кентке айналдыруды ойласақ, нұр. Ал біз, он сарбаз осы жұмыстардың барысында бір үйдің балаларындай болып кеттік. Әр күнге бір жаңа тапсырма алып, жұмылып, бірлесе аяқтауға атсалысамыз. Бірлесіп жұмыс істеу – біз үшін үйреншікті әрекет. Себебі студенттер – волонтерлік қозғалыстың белді мүшелері.  Жуырда өткен тал егу, тазалық акцияларына қатынасып, маңайды, ауылымызды қоқыстан арылтуға қол ұшымызды бердік.  Бізге қолдау көрсеткен ресурстық орталық, округ әкімдігіне ризамыз», – дейді сарбаздардың бірі Әйгерім Шавхат.

«Жасыл ел» бастарын біріктірген жастар өздерінің ауыл-елге әкелер пайдасы мол қызметтерін тек бір аймен ғана шектемейтінін айтады. Жоғарыда Әйгерімнің өзі айтқандай, бір үйдің баласындай тіл табысқан қыз-жігіттер аудан орталығына іргелес Жайық ауылына барып, қоқыстан тазартып, қураған ағаштарды ауыл іргесіне шығармақ.

Иә, оңды істің өрісі кең болатыны аян. Еңбекпен ұштастырылған игі бағдарламаның арқасында алдағы жылдары тек аудан орталығында ғана емес, әрбір ауылда да «Жасыл елдің» қатарына тізілген жастардың қарасы көбейеді деген сенімдеміз.

Әсем ЕСБЕК.