2.11.2020, 9:44
Қараулар: 151
«Бiздiң Шолпан батыр» дескен ел сөзiне алып тұрмын»

«Бiздiң Шолпан батыр» дескен ел сөзiне алып тұрмын»

Есіңізде ме, сонау бір жылдары әр үйдің радиосынан ағайынды Абдуллиндер шырқаған «Шолпан» әні.

— Астық деген тау қасында, қырман қызып, әнге басқан. Ақ бидайдың ортасында қыз өнері жаннан асқан. Ер деп білген бір көрген жан Шолпан, Шолпан, Шолпан, — деп шырқаған олардың арқасында қырманда дән сапырған Шолпанның еңбегін бүкіл ел танығаны аян. Заман өзгереді, бұрын қарапайым дала еңбеккерін әнге қосып жырласақ, қазір қолынан келген машығын кәсіп етіп, пайдасын халыққа, ырыздығын отбасына арнаған жандардың еңбегін мақалаға арқау етпекпіз. Танысып қойыңыз, бүгінгі кейіпкеріміз, шағын ауылда кәсібін өркендеткен –  Бударин ауылдық округіндегі «Нұрдаулет» тігін шеберханасының иесі Шолпан Жұмина – осындай жандардың бірі.

Бала күнінде кім армандамады, қиялдамады?! Сол қиялдың жетегінде жүріп, есейгенде басқа арнаға түсіп кететіндер де бар, бірақ өзінің ойға алған мақсатына қалай да жетуге талпынып, бойындағы күш жігерін соған арнайтындар да  жетерлік. Біздің кейіпкеріміз өзінің соңғылардың қатарында екенін мақтана айтады.

Қаратөбе ауданының Ақтайсай деп аталатын ауылында  көп балалы жанұяда дүниеге келген Шолпан жастайынан зерек, алғыр болып өседі. Сол жерде оқып, білім алып, мектепті аяқтайды. 2003 жылы Бударин ауылының азаматы Нұрлан Байкелов деген жігітке тұрмысқа шығып, жарқын мінезімен қайын жұртына жаққан келін атанды. Кейіпкердің қазіргі жеткен жетістіктері мен бағындырған биіктерін сөз етпес бұрын, оның балалық шағына, өмір жолына бір сәтке ғана үңілсек… Өйткені әр адамның тағдыры әрқилы, әр жанның бүгіні оның осыған дейінгі тағдыр тосқан сынақтарда шыңдаған қабілет-қарымына байланысты. Өмірдің  сын мен сынағы Шолпанды да айналып өтпепті. Өзі қатарлылар тәй-тәй басып жүре бастағанда, ата-анасы кішкентай сәбилерінің аяғына қаз тұра алмайтынын байқапты, артынан дәрігерлерге жүгінсе, олар  бір аяғының жамбас сүйегінде ақау бар деп диагноз қойыпты. Қыздары жеті жасқа  жасқа толғанша емін таба алмаған әкесі мен шешесі жүруге талпынған балдырғандарының қайта-қайта құлап қала беретінін көріп, алаңдайды. Ақыры ай сайын алатын жалақысынан жылдар бойы жинаған қаражатына әкесі Шолпанды алып, Алматы қаласына аттанады. Бақтарына сол кездегі ел астанасына Мәскеуден білікті мамандар, дәрігерлер келіп жатыр екен. Олар қарап, көрген бойда бұндай жағдайда шұғыл ота жасау керек деп ұйғарыпты. «Егер сәтті өтсе, бірден болмаса да, біртіндеп жүріп кетуіне мүмкіндік бар» деп қамкөңіл әкенің көңіліне үміт отын үрлеп жібереді. Бірақ қажет отадан өту үшін жиған қаражаты жетпейтін болды. Әкесі көп ойланбастан, ауылға оралып, қолындағы сауын сиырын, уақ жандығын, тіпті өзі мініп жүрген сол заманда екінің бірінің қолында жоқ үш дөңгелекті «Урал»мотоциклін де сатады.

Осылайша перзенті үшін шырылдап, бар жиған-тергенін оның аяғына тұрып кетуі үшін сарп еткен ата-ананың ниеті қабыл болып, ота сәтті аяқталады. Осылайша  мектеп жасына жеткенде, Шолпан жаймен жүруге жарап қалған еді. Өмірдің ағымымен зулаған уақыт бір орнында тұра ма? Бар ауыртпалық артта қалды, енді жаңа өмірге қадам басамын деп қуанған қыздың бұл сырқаты бой жеткенде қайта сыр береді. Сыр бергенде де, бүгін қырдың сағымында құлдыраңдап жүгіріп жүрген қыз бір сәтте арбаға таңылып қалады. Бірақ жігер-қайраты өмірге талпынысы мол қыз бұл дертке берілмей, өз бетінен тұрып кетуге талпынады. Дертпен күресу оңай деймісіз, аяғын жерге басса, табанынан түйреген аурудан денесін тіктей алмай, сай сүйегі сырқырап, жаны қиналатын. Бірақ қайсар бойжеткен алған бетінен тайған жоқ-тын.

Бір күндері балдақпен жүретін дәрежеге жетеді. Бұрынғыдай замандас құрбы-құрдастарымен жүрген кездерді сағынған Шолпан еш ойланбастан мектепке оралады. Бақытына орай, ойдағыдай білім алып, мектепті тәмамдайды. Қатарларымен бірге мектеп  бітіру құрметіне орайластырылған кешке қатысқан болатын. Үйіне қайтайын десе, балдағының біреуін тентек сыныптасы  тығып қойыпты. Алғашында ашуға булыққанмен, артынша бір балдақпен жүрген қалай екен деп, өзін сынағысы келіп, сыңар балдақпен сыртқа шығып кетеді. Осылай біршама жерді артқа тастап, үйіне кіріп келгенде, ата анасы таңқалмасы бар ма?. «Бір балдағың қайда? Көлікте қалдырдың ба? Қиын болмады ма?» деп алаңкөңіл әке менен шеше үсті-үстіне сұрақты жаудырыпты. Қайтсін енді, «Баламның табанына кірген шөңге менің маңдайыма кірсін» деп тілейді емес пе?! Қызының қиналғанын қаламайды да.

Айтып айтпай не керек, сөйтіп әлгі замандасының ойламай жасаған тентектігі  және намыс пен қайраттылықтың арқасында сол тыққан балдақ ақыры керек болмай қалады. Шолпан мектепті тәмамдасымен, медициналық колледжде білім алуды таңдайды. Орал қаласына келеді  бір балдақпен жеткен қыздың ойлағаны болып, оқуға түсіпті. Қатты қуанғаны соншалық, бір сыңар балдағын тастап, ауылына, үйіне өз аяғымен жетеді. Сондағы ата-ана, ағайын-ауылдастың қуанышын ауызбен айтып жеткізе алмады кейіпкер. Көшеде көрген ауылдастар «Сен пәленшенің балдақпен жүретін қызы емессің бе? Әй, жарайсың!»-деген сөздерін естіп қуанады. Күндер айналып, оқу басталады деген шақта бала кезінен қинаған дерт қайтып соғады. Сол сәтте балдағын  қайта қолына ұстатқанда, қарағысы да келмей қалғанын айтады бұл күнде Шолпан. Қанша ауырсынса да, өзге құрдастары сияқты колледжге өз аяғымен барып, қатынасқан. Босағада қажетсіз болып, сүйеулі тұрған балдақты артынан бір танысы сұрап алыпты. «Кейіннен сол үйдің жазғы сарайы отқа оранғанда, ағаш балдақ та бірге өртенді. Менің бұл оқиғаға қуанғаным болмаса, еш өкінгенім жоқ. Қайта  барлық ауыртпалық сол шырпыдай жанған балдақпен бірге кетті деп, жақсылыққа жорыдым», – дейді Шолпан.

Денсаулығына байланысты медициналық училищеден «Андас» оқу орынына ауысқан бойжеткеннің компьютерді меңгеріп шыққаны да тағдырына мойымаған жанның ісі десек болар. Жоғарыда айтқанымыздай, өмірге құштар қыз жар бақытын ауданымыздың Бударин ауылынан табады.

Қолының шеберлігі, яғни ісмерлік кейіпкерге кімнен дарыған дегенге келсек, анасының жұмысынан босаған сәттерде әдемі қазақы оюлар жасап, көрпелер тігетін өнері бар. Бүкіл денесін құрсап, арбаға таңылған бала кезінде анасының қолдан тігіп берген әдемі қуыршағымен ойнаған қыз өскенде менде шебер болып, елдегі адамдардың бәріне қуыршақ жасап берсем деп армандайды екен. Міне, сол арманы орындалып, жұлдызы оңынан туған Шолпан бүгінде үлкен ауыл тұрғындарына қызмет көрсетіп отырған шеберхананың иесі. Асқақ арманына қол жеткізудің орайы былтыр келіпті. «2017-2021-жылдарға арналған Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша кәсіпкерліктің негіздерін меңгеріп, 505 мың теңгелік грантты иеленеді. Азғантай ғана уақыттың ішінде тігін шебарханасы аймаққа танылып қалды бүгінде. Ауылдағы ескі әкімшілік ғимаратты жалға алып, кәсібін бастап кеткеннен бері бұл жерде толассыз жұмыс. Өйткені әдемі құрақ көрпелер, терезенің перделері, төріңее ілсең, үйдің сәнін келтіретін әдемі оюлы кілемшелер – барлығы да осындай жасалады. Алғашында енді бастаған әр жанды мазалайтын қызмет сұранысқа ие бола ма, кәсіпті өрістете аламын ба деген сұрақтар Шолпанда да туындағаны аян. Бірақ бәрі бір ғана тапсырыстан басталыпты: ауылдың сыйлы ақсақалы мерейлі 70 жасқа толғанда, көрпеге есімін жазуға тапсырыс берген екен, содан кейін осы тектес тапсырыстар толастамапты. Ауылдық мәдениет үйінің жанынан жұмыс істейтін он бес домбырашы қызға ұлттық киім тігіп беріп, ол республикалық сахнада бағаланғанда, ұжым болып қуанғандары бар. Осы тұста Шолпанның өнерге жақын екендігін, домбыра десе, елең ете қалатынын да айта кетсек.

Ең басында екі адам болып басталған кәсіп – қазір жұмысшылар ауқымы кең өндіріс орны. Мұнда бес тігінші жұмысқа орналасқан, оның біреуі жоғарыда аты аталған бағдарламамен тігінші мамандығын бітіріп, тәжірибеден өтіп жатыр. Атап айтсақ, Жұпаргүл Тұтқараева, Айкөркем Мұхамбетова, Данагүл Серік, Вера Колесникова, Гүлмира Ахметова сынды ауылдың шебер тігіншілері еңбек етуде мұнда. Шолпан мата, басқа да ою-өрнек басатын қиындыларды Орал қаласы мен көршілес Ақтөбе қаласынан тапсырыспен алады екен. Көздің жауын алған сан алуан түстегі маталардан ісмерлер тапсырыс бойынша түрлі көрпе-көпшіктерді даярлауда. Күні кеше ғана облыстық «Ақжайық» телеарнасының түсірілім тобы шеберлердің ісін таспалап, тамсанып кеткені және бар.

Береке мен бақыт шалқыған Байкеловтардың шаңырағы – ауылға үлгілі отбасы. Бүгінде үш ұл, бір қыз өсіріп отырған шаңырақтың иесі, жолдасы Нұрлан Атырау қаласында вахталық әдіспен жұмыс жасап жүр. Балаларының алды студент. Шолпанның ендігі мақсаты мен жоспары әлі де кеңірек дамытып, жұмысшылар санын арттыру, ауыл-елдегі ағайынды еңбекке тарту. Өйткені, Шолпанның тігін бұйымдарына, шүкір, сұраныс жоғары. Жуырда «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында кәсіпкерлік саласындағы біліктілігін жоғарылатып, қомақты грант жеңіп алды. Содан берілетін қаражатқа жоспарланған жұмыс бұл.

Иә, оқырман, тағдыр сынына мойымаған жұлдызын  өзі жаққан  кәсіпкер келіншек Шолпанның өмірі «Жұмыс жоқ, табыс жоқ» деп «дағдарысқа» түскен талай дені сауларға үлгі екенін ұққан шығарсыздар. Біз де өз тарапымыздан қайсар Шолпан бастаған ісмер жандардың еңбектері еселеніп, кәсіптері жандана берсін дейміз.

Әсет БИСЕНҒАЛИЕВ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар