2.11.2020, 9:54
Қараулар: 121
Жастар іліп әкетті

Жастар іліп әкетті

Тайпақ орта мектебін (Қарауылтөбе ауылы) 1968 жылы бітіргендердің бастамасы туралы бұған дейін газетімізде жазылды. Олар ауылдағы азып-тозған бақты қайта түлетіп, тал-теректер еккен еді.

Жетпіс жастағылар бастама көтергенде ауылдағы отыз жастан асқан кәсіпкер інілері іле-шала бақтың төңірегін айнала қоршап берген тұғын. Кеше Қарауылтөбеден тағы да қуанышты хабар жетті.

– Аға-апаларының бастамасын ауыл жастары түп көтеріп әкетті. Сенбілік ұйымдастырып, 10 түп қарағай, 32 бәйтерек (пирамидальный тополь) екті, кеше, – деді жосықты жаңалықты жайраңдап жеткізген Қарауылтөбе ауылының әкімі Жәнібек Әбиров, – оларды алуға ауылымыздың жанашырлары, шаруагер жастар ағайынды Дәурен, Дастан Ихсановтар, Аманкелді, Асылбек Жұмағалиевтер өз қалталарынан қыруар қаржы шығарды. Бұл жігіттер осыған дейін де ескі бақтың орнын қоршауға қомақты қаржы жұмсаған еді. Аға-апаларының бастамасын ауыл перзенттері осылайша әрі қарай жалғастырып жатыр.

Иә, мұндай қамқоршы кәсіпкер жастары бар Қарауылтөбенің биыл еккен талшыбықтары бара-бара саялы бәйтеректерге айналары даусыз. «Ауылымызды көркейтетін басқа да жоспарларымыз бар», – дейді кәсіпкер жастардың бірі Дәурен Ихсанов.

Есенжол ҚЫСТАУБАЕВ,

ҚАРАУЫЛТӨБЕ