2.11.2020, 9:56
Қараулар: 44
Көңілді көркейткен шарада

Көңілді көркейткен шарада

Қайырымдылық қай жанның да жүрегіне жылулық ұялатып, көңілдерді марқайтады. Осы тұста жақсылық жасап, алғыс арқалаған жандардың жыл сайын жалғасын табатын дәстүрлі шарада  көмекке мұқтаж жандарға қамқорлық көрсетуін адамдықтың көрінісі деп білеміз.

Осындай «Мейірбандық күндері» қайырымдылық айлығы шеңберіндегі игі істі аудандық «Жігер» спорт клубы да ұйымдастырып, қамкөңіл жандарды қуантты.  Ақжайық арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында өткен шарада көмекке мұқтаж адамдарға ілтипат танытылып, оларға қолдау мен қамқорлық көрсетілді. Сол кеште шырқалған спорт клубының қызметкерлері әуелеткен әндер де, көппен бірге билеген билер де көмекке мұқтаж жандардың көңіл-күйлерінің  көтерілуіне себепші болды. Ал көңілді сөре, асық ату және арқан тарту сынды  ойындарға орталық тәрбиеленушілері асқан белсенділікпен қатысып, ерекше құштарлық танытты.

Бұл ойындардың бір ерекшелігі – жеңіліс тапқандардың болмауында, барлық ойыншылар жеңімпаз ретінде айрықша қошеметке ие болды. Барлығы да арнайы грамотамен марапатталып, жігіттерге футболка, қыз балаларға орамалдан тарту етілді. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандар аудандағы  «Құлагер» ат спорт кешенінде иппотерапиялық ем-дом ала алады.

Ләззат ӨТЕГЕНОВА