9.11.2020, 10:53
Қараулар: 21
Комиссия отырыстарында

Комиссия отырыстарында

Өткен аптада дін істері және мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия отырыстары өтті.

Қос жиынды да аудан әкімінің орынбасары Ердос Үмітов жүргізді. Алдымен ауданымыздағы діни ахуал тұрғысында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Хайруллин хабарлама жасады. Ауданда жат дін ағымдарының жетегінде жүрген жерлестермен жұмыс, ақпараттық-насихаттық топтарының атқарған қызметі баяндалды. Күрмеуі мол мәселеде түйіні тарқамаған түйткілдердің бар екені де жасырын емес. Жиынға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Тілек Ғабдушев ауыл-елді мекендердегі имамдар, ауылдық округ әкімдеріне осы тұрғыда зор салмақтың артылғанын атап өтті. Мысалы, Көнекеткен ауылында өзге діни ағымның арбауына ілікті деген күдік бар екі жас тұрғынмен түсінік жұмыстарын жүргізіп, нәтижесі жайында 15 күннің ішінде тиісті мекемелерге мәлімдеуін тапсырды. Олармен жұмыстанатын топ мүшелерінің де  сауаттылығын да қаперден шығармау керек. Ауданымыздың кейбір ауылдарында  мешіттер салынғанымен әлі күнге имам жоқ екені де назарға ілінді. Ол жерлерге имамдар алдырып, халыққа бағыт беріп, жастарға дұрыс бағыт көрсету турасында жұмысты қолға алу – кезек күттірмейтін мәселелердің бірі.

Сонымен қатар отырыста «Ақиқат» қоғамдық білестігінің төрағасы Руслан Нұрғалиев пен теолог-маманыТоқтар Пендебаев жыл бедерінде атқарған жұмыстарының есебін берді.

Осыдан кейін жалғасқан отырыста  білім ошақтарында мемлекеттік рәміздердің насихатталуы мен қолданылуы жайында аудандық білім бөлімінің басшысы Дәурен Нұрқожа мәлімет берді. Мектептердегі тудың ескіріп, жыртылмауы және түнгі кезеңдерде жарықпкен қамтамасыз етіліп, айқын көрініп тұруын тағы да қаперге салған ол рәміздеріміз аяққа тапталып, жарамсыз күйінде пайдаланылса, қомақты айыппұлдың қарастырылғанын ескертті. Мұндай мысалдарды аудан көлемінде көптеп келтіруге болады. Мысалы, аудан орталығының тұсындағы жанар май құю бекеттерінің бірі ескірген туды күл-қоқыс төгетін  орынға тастағаны үшін хаттама толтырып, 400 мың теңге көлемінде айыппұл арқалаған.

Отанымыз тарихының, кешегісі мен бүгінінің, халқымыздың арман, мақсатының, елжандылықтын айғағы болып табылатын мемлекеттік рәміздерімізді пайдалану тиісті заңнаманы ұдайы оқып- үйренуді талап етеді. Сонымен қатар рәміздерді мекемелер мен ұйымдарда сауатты қолдану үшін әдістемелік көмекті үзбеген абзал.

Жеке тұрғындар тарапынан да мемлекеттік рәміздерге немқұрайлы қарап, олардың құрметін төмендеткен жағдайлар да кездесуде. Осындай бассыздықтар анықталған жағдайда дереу шара қолдану қажет екендігін тиісті мекеме назардан тыс қалдырмауы керек.  Аудандық полиция бөлімінің орынбасары Дархан Темірғалиев, ауылдық округ әкімдері мемлекеттік рәміздермен толық қамту,  бұлардың талапқа сай қолданылуы мен насихатталуы жөнінде мәлімет берді.

Асыл ҚАЙРАТ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар