9.11.2020, 10:54
Қараулар: 21
Бастысы – елдің амандығы

Бастысы – елдің амандығы

Қай мемлекет болмасын, ол үшін ең бастысы – елдің тыныштығы, халықтың амандығы. Жер жүзін пандемия шарпып, ел басына күн туғанда, барлық аймақтарда шектеу шаралары енгізіліп, тұрғындардың саулығын сақтау үшін барлық амал жасалынды. Мұны әуел бастан адамдардың жүріп-тұруын шектеу деп емес, тәптіпке бағыну, індеттен қорғану мен сақтықтың бірден-бір шарты деп қабылдау керек.

Төтенше жағдай жарияланғаннан бері, артынан карантин уақытында Тайпақ ауылдық округі бойынша бірқатар шаралар атқарылғанын атап өткен жөн. Біздің округ көршілес Атырау облысымен шектесіп, жатыр. Сондықтан ең алдымен, Шабдаржап ауылы аймағында бақылау бекеті орнатылып, облысқа кіріп-шыққан барлық жолаушылар тексерілді. Сонымен қатар жастардан құралған еріктілер жасақтары Шабдаржап және Тайпақ ауылдарында арнайы бекеттер құрып, сақтық шараларын күшейтуге атсалысты. Бұл шаралардың індеттің қарқын алуын біраз тежегені анық. Ауыл тұрғындары да сындарлы күндерде қол қусырып қалмай, инфекциядан қорғайтын бетперделер тігіп, жұртшылыққа тегін таратты. Сонымен қатар ауылымыздың орталығында аудиожазба арқылы дауыс зорайтқыштармен коронавирус инфекциясының таралуының алдын-алу шаралары туралы, көп адам жиналған орындардан аулақ болу; салқын тию белгілері  пайда болғанда міндетті түрде дереу үйге жедел жәрдем шақыру қажеттігі үнемі хабарланды.

Карантин талаптары жеңілдетілгенмен, індеттің қайта өршуіне жол бермеу үшін бұл жұмыстардың біразы жалғасып жатыр. Айталық, ауыл тұрғындарының арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізу тоқтаған жоқ. Арнайы құрылған мониторинг тобы әлеуметтік нысандарды, мектептер мен бөбекжайларды аралап, санитарлық нормалардың сақталуына үнемі бақылау жүргізуде. Соңғы тексеру барысында саудагерлердің барлығы дерлік сақтық шараларын қамданып отырғанын байқадық. Дегенмен мектептерде кварц құрылғысының жетіспеушілігі анықталды. Сонымен қатар округтегі тойханалар тексерілді. Еріктілер тұрғындарға індеттен қорғану шаралары бойынша жадынамалар мен тегін берперделер таратып, бірлескен іске өз үлестерін қосуда.

Коронавирус жұқпасының таралуын бақылау және жұқтыру ошақтарын уақтылы оқшаулау мақсатында «Saqbol» мобильді қосымшасының іске қосылғандығы туралы ауыл азаматтарына түгелдей ескертіліп, әлеуметтік желілер арқылы хабарланды.

Қазіргі таңда бізге бір ғана нәрсе маңызды. Ол — амандық. Әрбір қазақстандық пен тұтас халқымыздың, Отанымыздың амандығы қажет. Президентіміз де халыққа жасаған әр мәлімдемесінде осыны қайталап айтуда. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, әлі де болса сақтық шараларын сақтау керектігін ескерткім келеді. Бетперде тағып, жүрген жерлерінде арақашықтықты сақтай отырып, мүмкіндігінше көпшілік шараларға бармаған жөн. Осы арқылы қоғамды індеттен құтқаруға үлес қосатынымызға сенімім мол.

Бақытгүл ДҮЙСЕНБАЕВА

Тайпақ ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар