9.11.2020, 11:08
Қараулар: 28
Қайсар қыз Әсел

Қайсар қыз Әсел

Қызметіміздің ерекшелігі сондай – тумысынан ерекше жаратылған, тағдырдың біраз теперішін көрген жандармен етене жұмыс істейміз. Соншама қиындықтарды еңсере отырып, тағдырдың салғанына мойымаған қыз-жігіттерді көріп, олардың ерік-жігеріне, қайрат-күшіне еріксіз тамсанамын. Біздің орталықтың қамқорлығындағы жандардың қай-қайсысын алсаңыз да, әрқайсының өмірі туралы бөлек әңгіме жазуға болар еді. Дегенмен, алғаш көргеннен өзіне баурап алған қайсар қыз Әсел туралы бір үзік сыр бөліскім келеді.

Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында қамқорланушы, ІІ топ мүгедегі Әсел Өтекованың жасы небары 23-те. Ауданымыздың Алғабас ауылының тумасы. Оның өзгелермен тіл табысу қабілетінің еректігі соншалық, тағдырдың жазмышымен біздің орталықтың қамқорлығына алынғаннан бастап, осындағы қызметкерлер және өзге де өзі секілді жандармен тез араласып, бауыр басып кетті. Әрине, кейде мұңайып, көңілі жабырқайтын сәттері болады. Бірақ ол бірден өзін қолға алып, жанындағы жандарды жадыраңқы көңіл-күйімен жүрегінің жылуына бөлеп алады.

Әселдің тағы бір ерекшелігі – ол үйренемін, машықтанамын деген ісін бірден меңгеріп, шаруаны дөңгелетіп әкетеді. Дәмді тағам дайындау дейсіз бе, қолөнер бұйымдарын жасап, өзгелерді соған үйрету дейсіз бе, әйтеуір, көп істің басында ұйытқы болып, өзге қамқорланушыларды жанына үйіріп, баурап әкетеді. Дене шынықтыру сабағында түрлі спорттық эстафеталарға, психолог және дефектолог, кітапханашы мамандарының сабақтары мен тренингтеріне үлкен қызығушылықпен қатысқанымен қоймай, бұл дәрістерде енжарлық танытқан тағдырластарын үгіттеп, олардың белсенділіктерін оятады.  Әсел сонымен қатар аудан көлемінде өтетін көптеген мәдени шараларға жиі қатысып, көрерменге танылды. Өнерлі қыз қайырымдылық айлығы аясында мүмкіндігі шектеулі жандар арасында жыл сайын ұйымдастырылатын аудандық, облыстық “Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз” атты фестивальға вокалдық топпен қатысып, жүлдемен оралды.  Айталық, былтыр облыстық шығармашылық фестивальде «Құсни-Қорлан» әнін әуелеткен біздің Әселдің алдына түсер жан болмады. Ал “Еңсесі биік, Ұлы Жеңіс” атты Ұлы Отан соғысы жылдарындағы әндерінің байқауына қатысып, жеке дауыста “Тәуелсіз қазақтың қызымын” әнін орындап III дәрежелі дипломмен марапатталды.

Шынашақтай ғана жігерлі қыздың арманы – әнші болу. Ал біз болсақ, Әселдің ақ арманы алдамай, қазақтың сахнасында әні әуелеген бұлбұл қыз атануына тілекшіміз.

Дания ШУКУЛОВА,

әлеуметтік жұмыс жөніндегі маман

ЧАПАЕВ