9.11.2020, 11:09
Қараулар: 35
Сібір жарасының алдын алайық

Сібір жарасының алдын алайық

Сібір жарасы-адамзат баласына «қасиетті от немесе парсы оты» атауымен ерте заманнан белгілі аурудың түрі. Аталмыш дерт Сібірде кеңінен таралғандықтан, сібір жарасы атауына ие болып, орыс дәрігері Андреевский сібір жарасының адам мен жануарға ортақ ауру екендігін және ол жануарлардан адамға жұғатынын дәлелдеп берді. Қазіргі таңда бұл дерт Азия, Африка, Оңтүстік Америка елдерінде көп тараған.

Қазақстан Республикасы аумағында соңғы 60 жыл ішінде 1700-ден астам сібір жарасы бойынша стационарлы қолайсыз пункттер тіркелген. Бұл пункттерде жануарлар мен адамдар арасында сібір жарасы анықталған 2600-ден ошақтар анықталды.

Бұл қатерлі жіті жұқпалы ауру. Көбінесе тері жамылғысында көрініс береді, өкпе

мен ішектерде сепсис түрінде өтуі сирек болса да, кездеседі. Аурушаңдықтың қоздырғышы жоғары температурада қыздырғанда және қарапайым дезинфекциялау құралдарын пайдаланғанда жылдам жойылады.

Қоздырғыш енген тері жамылғысында 2-3 күн өткен соң қызылтым немесе көкшіл түсті дақ пайда болады. Сол жер қышып, теріні сәл күйдіргендей әсер беріп, үдей түседі. Бөртпе 12-24 сағат өткеннен кейін диаметрі 2-3 мм, ішінде ашық түсті сұйықтығы бар күлдіреген бөртпеге айналады, уақыт өте келе оның ішіндегі сұйықтық қою түске боялып, қан араласады.

Бөртпе қышып шыдатпаған соң, ауруға шалдыққан адам оны қасып, бетін жаралап тастайды. Іріңді бөртпенің орнына беті ашылған өлі етті қабыршақ пайда болады. Қабыршақ қатты, тығыз, күйдірілген жарадай болады. Оның айналасын қызыл түсті жиек қоршайды. Алғашында қабыршақ көлемі үлкен болмағанмен, бірте-бірте оның мөлшері ұлғайып, оның шығыңқы бөлігі тері деңгейінен төмен түсіп, түсі қап-қара болып, тығызданады.

Тері жамылғысы өзгеруінің алғашқы сағаттарында дертке шалдыққан адам әлсіреп, селқос болып, басы ауырады; артынша дене қызуы 39-40 градусқа көтеріліп, халі нашарлайды. Мұндай температура 5-6 күн бойы сақталып, науқастың жағдайы күрт төмендейді

Қазіргі таңда сібір жарасын емдеуге арналған күшті әсерлі дәрі-дәрмектер бар, алайда, дер кезінде жасалған медициналық көмек сауығып кетуге кепілдік береді. Сондықтан аурушаңдықтың алғашқы белгілері пайда болысымен-ақ, жақын орналасқан емдеу-алдын алу мекемелеріне барып, медициналық көмекке жүгіну қажет. Дәрігерге дер кезінде қаралғанда және арнайы емдеу шараларын жүргізгенде дерттен толығымен айығып кетуге болады

Адамдар мен жануарлар арасында сібір жарасының алдын алудың тиімді жолы — жыл сайын ауруға қарсы егу жүргізу. Дертке қарсы вакцина қолайсыз пунктердегі ауруды тез қабылдағыш әлсіз жануарлар мен ет комбинаттарында, мал шаруашылығында тұрақты жұмыс істейтіндерге, тері, жүн өңдеуге, тасымалдауға, сақтауға, сұрыптауға, илеуге қатысатын адамдарға егіледі. Егілген жануарларды бақылауға алған уақыт ішінде басқа шаруашылықтарға ауыстыруға немесе егілгеннен кейін 14 күн ішінде союға болмайды. Адам ағзасының сібір жарасына қарсы иммунитет екпеден кейін 12-14 күнде пайда болады да, жылға жуық сақталады. Егілген тұлғалар жұмысқа 2 аптадан соң ғана жіберіледі және жыл сайын екпе алып отырулары қажет. Екпе жүргізу ең тиімді әдіс болғандықтан, жануарлардың барлығын қамтуға тырысқан жөн. Бүгінгі күнде егу жұмыстары жануарларды жоспарлы тексеруден өткізу кезінде ветеринарлық мекемелерде тегін жүргізіледі.

Ауру қоздырғыштары ағзадан тыс жерде тек ауаның әсерінен пайда болатынын ескере отырып, өлген жануардың терісін кесуге болмайды және өлексені аң-құстардың тасуына жол берілмеу керек. Себебі, мұның салдарынан жаңа ошақтар пайда болуы мүмкін. Өлген малды терісімен бірге өртеу немесе қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып арнайы орындар – мал көметін жерлерге өртеу үшін апару қажет. Ауру мал жатқан немесе сойылған орынға басқа жануарларды жіберуге және адамдардың сол жерде жұмыс істеуіне тыйым салынады. Қора, жайылымдардағы ауру мал орналасқан орын залалсыздандырылады. Ондай жерлерге жақын маңда мал жаймау, адамдардың жақындамауын қатаң бақылау қажет.

Малды сою барысында ерекше назар аударатын жағдай, ол сібір жарасына күмәнді малдың қаны қалыпты уақыттан кейін ұйымайды, бұл жағдайда дереу союды доғарып, ветеринария мамандарын шақырту қажет. Айталық, ауданымызда 85 мың МІҚ, 205 мың қой-ешкі, 20 мың жылқы, түйе, шошқа малдары сібір жарасына қарсы егілді.

«Сақтансаң сақтармын» деген, соңғы кезде сібір жарасы індетінің мал мен адамдар арасынан жиі шығуына байланысты мал шарауашылығында жұмыс істейтін адамдардың бұл індет туралы көбірек біліп, сақтанып жүргендері  дұрыс.

Бауыржан ЖЕКСЕНБАЕВ

аудандық аумақтық инспекциясының ветеринариялық-санитариялық инспекторы