9.11.2020, 11:12
Қараулар: 84
Өнерменен шыңдалады өрендер

Өнерменен шыңдалады өрендер

 «Өнер – таусылмас қазына» деп бекер айтпаса керек. Әрине, бұл ретте қазына деген сөз алтын, дүние байлығын емес, адамның бойындағы руханияттылықты, дарынын білдіреді. Қандай ма жан дарыған өнері арқылы биікке өрлеп, шыңға шығады. Осындай өнер ордасының бірінде, яғни аудандық балалар шығармашылығы орталығы жанынан ашылған «Қолөнер» үйірмесінде оқушыларды талғампаздыққа, әсемдікке, өнерге баулитынымды мәртебе санаймын.

Мен өз сабақтарымда оқушыларға қолөнер тарихынан сыр шертіп, қазақ халқының қолөнер түрлерімен үнемі таныстырамын. Өнерге қызыққан баланың талпынысы ерек болады. Олар білгеннің үстіне біліп, үйренген сайын жаңа дағдыларды меңгеруге ынтық болады. Жас өрендердің көзіндегі отын, өнерге қызығушылығын көрген сайын, олардың бойындағы талантты шыңдаған мен де ізденіп, балалар үшін қызықты деректерді таңдап, жұмыстанамын. Жетістіктеріміз де аз емес. Мысалы, Айсұлтан  Саясат жақында өткен Жұбан Молдағалиевтің 100 жыл толуына орай «Мен Қазақпын» атты аудандық көрме байқауында ІІ орын алды. Айта кету керек, Айсұлтанның әкесі Тасболат Биғалиев те өте шебер адам, ұлын шеберлікке үйрете отырып, кәсіпке де бейімдеуде. Олар түрлі тапсырыстармен жұмыстар жасайды. Мен оқушылармен бірге Т.Биғалиевтің үйіне ұл-қыздар қолөнер туындыларын қалай жасайтынын көрсін деген мақсатпен бардым.

Сонымен бірге ұстаз ретінде балаларды тек мектеп сыныбында ғана емес, өз отбасында да меңгерген машықтарын жетілдіргенін қалаймын. Сондықтан олардың ата-аналарымен тығыз байланыста болып, олармен де бірлесіп қызмет етемін. Ата-ана мен мектеп арасында ұлдар мен қыздарды тәрбиелеуде  біріккен жұмыстар жалғасын таба береді.

Бақытжан ТҰРАЙЫСОВ

«Қолөнер» үйірмесінің жетекшісі

ЖАНАМА