12.11.2020, 17:28
Қараулар: 44
Партияның бағдары – нақты жұмыс

Партияның бағдары – нақты жұмыс

Апта сейсенбісінде аудан орталығында «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының кезектен тыс XXVI конференциясы өтті. Халықтың сенімін жаулап алған қоғамдық бірлестіктің маңызды шарасына 60 делегат барлық санитарлық шектеулерді ескере отырып қатысты.

Күн тәртібінде партияның сайлауалды бағдарламасын, облыстық және аудандық мәслихаттардың депутаттарын сайлау бойынша партиялық тізімді бекіту және партияның облыстық филиалының XXVI конференциясына делегаттарды сайлау қарастырылып, праймериз қорытындысымен үздік танылған үміткерлердің арасында пікірсайыс өткізілді.

Алдымен күн тәртібіндегі мәселе бойынша партияның аудандық филиалының төрағасы Қалияр Айтмұхамбетов баяндама жасады. Аудан бойынша жетекші партияның сайлауалды бағдарламасымен таныстырған ол сонымен қатар Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Biz birgemiz» акциясы аясында атқарылған жұмыстар жөнінде де баяндады. Нақтылап өтсек, партия мүшелері мен еріктілердің қолдауының арқасында аудандағы 530 отбасыға  азық-түлік жиынтықтары табыс етілсе, 640 адамға 50000 теңгеден бірреттік көмек көрсетілген. Төтенше жағдайдың кезінде жұмысынан айырылған 3885 қызметкерге 42 500 теңгеден төленсе, 3220 адамның коммуналдық төлемдеріне қаражат аударылды.

Биылғы сайлау науқанының басты ерекшелігі – осыған дейін «Nur Otan» партиясы жалпыға ортақ сайлауалды бағдарламасын жасақтаса, енді әрбір өңірдің өз ерекшелігі, оның қажеттіліктері өз алдына ескеріліп, әр аудан, облыстың дамуына, тұрғындардың әл-ауқатының жақсаруына  бағытталған бөлек бағдарлама дайындалды. Елімізде партиялар арасында алғаш рет өткізілген партияішілік іріктеу, яғни праймериз барысында үміткерлер халықпен жүздесіп, елдің өтініш-аманатын жинақтаса, солардың ішінде маңыздылары аталмыш бағдарламаға енгізілген. Ақжайық ауданы бойынша сайлауалды бағдарлама 7 бөлімнен тұрады. Олардың әрқайсысының басты мақсаты – халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту үшін жағдай жасау.

Партияның айтулы жобалары елімізде, біздің ауданда да жүзеге асырылуда. Халықтың партияға сенімі өткен жылдарда еш сетінеген жоқ, бұл сенім күшейе түсуде. Қ.Шадиярұлы өз сөзінде осы жайында баяндап, ауданның тыныс-тірлігінен жарқын мысалдар келтірді. «Істегі сапа – басты нысанамыз. Партияның көрсеткіші, мұраты – нақты істер», – деді ол.

Осыдан соң праймериз нәтижесі бойынша халықтың зор қолдауына ие болған 6 үміткер, атап айтсақ, Ақылбек Сағитов, Светлана Оразова, Гүлнәр Ғилманова, Сәбира Сүндетова, Мирболат Құрманғалиев, Дәурен Ғилманов сайлауалды жеке бағдарламаларымен таныстырып, сөзжарысқа түсті. Конференция делегаттарының  дауыстарының нәтижесінде ҚР Парламент мәжілісінің депутаттығына үміткер ретінде облыстық пікірсайысқа С.Сүндетова жолдама алса, А.Сағитов пен М.Құрманғалиев облыстық мәслихатттың партиялық тізіміне енді.

Жиын соңында «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының кезектен тыс XXVI конференциясына делегаттар сайланды.

Әсел САҒЫН