16.11.2020, 10:02
Қараулар: 92
Гүлденіп, жаңғырған ауылмен мақтанайық

Гүлденіп, жаңғырған ауылмен мақтанайық

Береке мен бірлігі біте қайнасқан ауыл ағайындары жөнінде жақсы жаңалықтармен газет редакциясы осы үрдістен жаңылмай, тағы бір ауылға сапар шекті. Мұндағы мақсат – Аудан орталығынан шалғайда жатқан Алғабас ауылдық округіне қарасты Жаңа жол ауылында ешкімге алақан жаймай, өз күштерімен ауылын ажарландыруға бар күштерін салып, қыруар шаруа тындырған ағайынның тірлігін баяндау. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме?! Тек қана бүгінгі тұрғындар ғана емес, осы ауылда туып өскен, өмір ағынымен өрісін кеңейтіп, жырақты қоныстанған түлектер де туған жерге тағзым етіп, қарымды шаруаларға үлестерін қосқан екен бұл ауылда.

Жаңажол – Алғабастан 15 шақырым қашықтықты қоныстанған елді мекен. Мұндағы жұртшылық негізінен мал өсіріп, оның өнімінен нәпақа көруде.  Ауыл тұрғындары шаруаның басын сауап алудан бастапты. Алдымен ауыл іргесіндегі ата бабалары, ағайындары жатқан қорымды қоршайды. Әр шаруаны бастарда,  тиянақты жоспар құрған ауылдастар ең бірінші қаражат жинаған. 605 мың теңге небары 75 үйі, 400-дей тұрғыны бар ауылға аз дүние емес. Осы істе  ауыл азаматтарының ешқайсысы тыс қалмай, бәрі де өз көмектерін көрсетіпті.

Айта кетелік, зират маңындағы қоршау ертеректе телефон сымдарымен тартылып,қоршалған екен. Уақыт өте келе тозған сымдар үзіліп, қорымға мал кіріп, тапай бастаған соң, шаруаны жеделдетіп аяқтаған жаңажолдықтар артынан аруақтарға құран бағыштап, садақа берді. Атсалысқан азаматтарды бөле-жарып айтты деп сөкпессіздер, ауыл болып, тайлы-таяғы қалмай қатысқан ағайыннын ішінде құрылыс материалдарын Орал қаласынан өзінің жеке көлігімен тасып берген Хайролла Ахметов, дәнекерлеу жұмыстарын жүргізген Мизамғали Жакишов, далалық жерге тоқ көзін жеткізіп берген жергілікті кәсіпкер Ерболат Құрманғалиев сынды ауыл азаматтарына халық риза.

Жаңажол ауылы – ажарына ажар қосып, гүлденуі жағынан ауданымызда алдыңғы орындағы елдердің бірі. Жақсылыққа ұмтылып, игі іске қадам жасаған жұрттың еңбегін әрі қарай тізбектеп ала кетсек, ауылға кіреберіс тұсқа «Жаңажол» деген жазуы бар қақпа (арка) орнатылды. Бұған ауыл азаматтары 633 мың теңге қаражат жұмсаған. Бұл жұмыстардың көшбасшысы – Салауат Пұсырманов деген азамат. Ауылдағы көше шамдарын самаладай жарқыратып, жағып қойған да – өз ауылының адамдары. Осы істердің барлығына ауылдың түлектері мен азаматтары өз қалталарынан 1 млн 338 мың теңге шығарып, әр тиынын осы жобаларға арнапты.

Ауылда негізгі мектеп жұмыс жасайды, мәдениет үиі, кітапхананың келушілерге есігі айқара ашық. Елдегі жағдайға байланысты мәдени шаралар тоқтап  қалғаны болмаса, мұнда бұрын ел көңілін көтерер өнер сайыстары мен мәдени шаралар жиі өтетін. Ауылдастар атынан ой бөліскен Жаңажол негізгі мектебінің директоры Ерболат Есбосыновты былай дейді: «Әрине, төртеу түгел болса, төбедегі келеді деген. Ауыл ағайындарының ауызбіршілігінің арқасында бірқатар істерді тындырдық. Дегенмен, кей жұмыстарға өзіміздің күшіміз жетпей жатқан жағдай бар. Айталық, Алғабаспен қатыстыратын жол бүгінде тапалып, ой шұқыры көбейді, ауа райы жағдайсыз болса, қатынас мүлдем мүмкін емес, Осы жолды көтеріп, топырақ төсейтін техникалар берілсе, жаңажолдықтардың бір тілегі қабыл болар еді. Осыдан біраз жыл бұрын ауылымызға «Таза су» бағдарламасымен ауылға су жеткізілді. Бірақ қазіргідей су құбырлары әрбір үйге жеткізілмей, тек екі колонкаға ғана қосылған. «Ақбұлақ» бағдарламасымен әр үйге су жеткізілсе, нұр үстіне нұр.  Ауыл болғасын, ағайын күнін малсыз елестете алмайды, ал малға ішетін су жыл санап азайып келеді. Осыған билік көңіл аударғаны абзал».

Биыл Алғабастағы төрт ауылға газ құбырлары тартылды, солардың бірі Жаңажол. Мердігер «Айтемір»ЖШС бүгінде ауыл ішіндегі әлеуметтік нысандарға газға қосу жұмыстары аяқтауға жақын. Жекелеген жандар да үйлеріне табиғи отын кіргізуге ниетті.

Жоғарыда айтқанымыздай, бұл ауылдағы ағайынның ауызбіршілігі мен ауыл игілігіне арнаған еңбектерін, туған жерге деген құрметін рухани жаңғырудың үлгісіне баладық. Бұның бәрі де айтуға оңай көрінгенімен, істеп қалғанда, қаншама тер төгілгенін ауыл жұрты жасырмай айтып, әрі мақтанышпен баяндап беруде. Аймағымызда жаңғыған ауылдар мен ел үшін еңбектенген жандар көп бола берсін!

Әсет БИСЕНҒАЛИЕВ