16.11.2020, 10:07
Қараулар: 69
Түйін – іске қамшы басу керек

Түйін – іске қамшы басу керек

Аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов өткен сәрсенбіде әкімдіктің кеңейтілген кеңесін өткізді. Барлық санитарлық талаптар ескерілген отырыста күн тәртібіндегі маңызды мәселелер жан-жақты талқыланды.

Мал ұрлығы және үй жануарларының қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары туралы баяндама жасаған аудандық полиция бөлімінің бастығы Қайрат Хасеновтың айтуынша, 2020 жылдың 10 ай ішінде 75 мал ұрлығы тіркелген, олардың 23-і – былтырдан ашылмаған қылмыс. Мал ұрлықтарының осылайша көп тіркелуіне тұрғындардың иелігіндегі малын бағымсыз жіберуі себеп. Ауыл-елде ұйымдастырылған бағымға қоспай, артынан жоғалуына жол ашып отырған мал иелерінің өздері. Осы бағытта бірнеше қайтара тұрғындармен кездесу өткізіліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілсе де, тұрғындардың тарапынан әлі де құлықсыздық байқалуда. Малды бетімен жіберген иесінің салғырттығынан биылдың өзінде жолдағы түлікке соқтығысқан 36 жол-көлік оқиғасы тіркеліпті. Солардың 31-інің иесі әлі күнге дейін анықталмай отыр. Себеп қарапайым – бағымсыз малдың құлағында сырғасы, денесінде еш белгісі жоқ.

Бұл тарапта сырғалардың сапасыздығын, тұрғындардың өздерінің құлақтағы сырғаны алып тастайтынын алға тартқан аудандық ветеринариялық станция басшысы Асхат Әбдешев аудан орталығында орналасқан айып тұрағына былтыр 223 бас мал қамалып, 32 мал иесі анықталып, ескерту берілгенін, 2 мал иесіне айыппұл салынғанын баяндады. Биыл аталмыш нысанға 153 бас мал жеткізілген, 89 мал иесі анықталып, құлақ сырғалар тағылып, 3 қожайын жауапқа тартылған. «Біздің тарапымыздан бірдейлендіру бойынша берілген жоспар артығымен орындалуда. Бірақ сырғалардың сапасыздығының салдарынан олар жиі түсіп қалады, әрі иелердің арасында қараусыз жіберген түліктің құлағынан сырғаны жұлып алатындары бар. Әсіресе, Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 408 бабына өзгерістер енгізіліп, бағымсыз малдың иесін жауапкершілікке тарту қарастырылған соң, осындай жайттар жиі орын алуда.

«Сырғаның түсіп қалатынын бәріміз де білеміз және жағдайды түсінеміз. Бірақ тіркелген жол-көлік оқиғаларының жартысында көлік жүргізушілері жылқыға соқтығысқан. Сырға түседі делік, ал жылқыға салынған ен жоғалып кетпейді ғой. Мұны қалай түсінуге болады? Яғни малды бірдейлендіруде жүйелі жұмыс жоқ. Жуық арада Орал-Атырау күрежолының бойындағы барлық ауылдық округтерде айыптұрақ салу ісін қолға алуды тапсырамын. Келесі жылы барлық елді мекенде мал бағымы тиісті деңгейде ұйымдастырылып, жолға қойылатын болсын», — деді аудан басшысы.

Осыдан соң электронды еңбек шарттарын тіркеу мәселесі бойынша аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мұрат Сердалин, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Жанна Нұржанова баяндама жасады.

Ауылдық округ әкімдеріне баспасөзге жазылу науқанында белсенділік таныту, індетпен күресте санитарлық талаптардың сақталуын қаперлеу тапсырылды.

Әлия СЕРІКҚЫЗЫ