16.11.2020, 10:11
Қараулар: 46
Ауруды ауыздықтаймыз десек…

Ауруды ауыздықтаймыз десек…

Күллі әлемді тығырыққа тіреген індеттің қарқыны енді ғана басылғандай болып еді. Әттең, көршілес елде өршіген жұқпа қайта күшіне еніп, елдің дегбірін алуда. Есіңізде ме, науқастардың саны күн санап артып, сіз бен біз білетін адамдардың арасында таралғаны жөнінде ақпарат үрейді ұшырғаны. Қайтпек керек, індеттің алдын алу бағытында, тұрғындардың саулығын сақтап қалу үшін қандай шаралар қолға алынуда, медицина дайын ба? Осы сұрақтар аудан әкімінің төрағалығымен өткен жедел штаб отырысында талқыланды.

Алдымен аудандық санитариялық эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ерлан Қанатбаев облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Мұқамғали Арыспаевтың 8 қарашада күшіне енген №33 қаулысымен таныстырды. Облыс көлемінде карантин талаптарын күшейткен бұл қаулыда бірқатар шектеулер енгізілген. Атап өту керек, 10 және 23 қараша аралығында сенбі-жексенбі күндерінде Орал қаласы және аудан елді мекендері арасында көлік қозғалысына тиым салынып, санитариялық бекеттер орнатылады. Тек халықтың тіршілігін қамтамасыз ететін мекеме қызметкерлеріне, медициналық көрсеткіштер бойынша жол жүргендерге, жақын туысының қазасына аттанған тұрғындарға ғана жол жүру рұқсат етілген. Аса қажеттілік туындамаса, ауыл ішінде де адамдар мен жеке көліктің қозғалысына шектеу қойылды. Яғни жасы 65-тен асқан тұрғындар  тек азық-түлік пен дәрі-дәрмек алу үшін дүкендер мен дәріханаларға ғана бара алады. Сонымен қатар тұрғындардың түнгі сағат 23.00-ден таңғы сағат 06.00-ге дейін көшеде жүруіне тиым салынды.

Сонымен қатар бұл қаулымен жұмыс уақыты мен режиміне де қатысты шектеулер енгізілген:  мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдары қызметкерлерінің кемінде 80%-ын, жеке кәсіпкерлік нысандарындағы қызметкерлердің кемінде 50%-ын қашықтықтан жұмыс нысанына ауыстыру қажет. 50 және одан жоғары жастағы қызметкерлерді тек селекторлық режимде және  бейнеконференцбайланыс арқылы жиналыстар, кеңестер, семинарлар, конференциялар өткізе отырып, ауыстыру қарастырылған. Сенбі-жексенбіде тек азық-түлік дүкендері мен дәріханалардың ғана жұмыс істеуіне рұқсат берілген. Айта кеткен жөн, азық-түлік дүкендері таңғы сағат 09.00-ден түнгі сағат 22.00-ге дейін қызмет көрсете алады.

Екі апталық карантинде жолаушы тасымалына (такси) қатысты талаптар қайтадан күшейтілді. Яғни 5 орындық жеңіл автокөлікте 3 адам, ал 7 орындық жеңіл көлікте 5 адамнан артық отырмау керек. Жеңіл көлік жеке қорғаныс құралдарымен, антисептиктермен қамтамасыз етілуі тиіс. Респираторлық аурудың алғашқы белгілері пайда болған науқас бірден ауруханаға бармай-ақ, 103 жедел медициналық көмек орталығына қоңырау шалып, үйден ем-дом ала алады. Көпшілік шараларды өткізуге салынған тиым әлі де күшінде. Сонымен қатар жерлеу шараларын өткізген кезде 20 адамнан артық қатыспауға кеңес берілген. Діни нысандар да әзірге толыққанды жұмысқа кірісе алмайды. Діни орындар тек жұмыс күндері ғана ашық болады, әрі ғимараттың ішінде 5 шаршы метр жерде 1 адамнан артық тұруға болмайды. Мұнда бұқаралық іс-шараларды, яғни жұма намазын өткізуге тиым салынған.

Қ.Шадиярұлы қаулыдағы талаптарды сақтау бойынша мекеме-бөлім басшыларына өз салаларына қатысты өзгерістермен халықты ақпараттандыруға тапсырма берді. «Бұл ауруда тәуекел тобы – ең алдымен, біздің үлкен аға-апаларымыз. Олардың саулығын қамтамасыз ету үшін еріктілердің көмегіне жүгіну қажет. Әрбір ауылдық округте жалғызбасты қариялардың тізімін жасақтап, оларға қажет дәрі-дәрмек, азық-түлікті үйлеріне жеткізіп беру жағын қарастыруды тапсырамын. Таксилердің жұмысына шектеу қойылған соң, жаздағы жағдайдың қайталанатыны әбден ықтимал. Яғни жеке такси жүргізушілері бағаны бірден екі есе өсіріп жіберуі мүмкін. Екі апта көп уақыт емес, қазірден бастап аудан орталығындағы жолаушы тасымалымен айналысатын қызмет иелерімен сөйлесіп, бағаның өсуінің алдын алған жөн. Түсінемін, ел болған соң, той-томалақ, садақасыз болмайды. Бірақ қаулыда осындай отбасылық шараларды өткізуге тиым салынғанын ескеру қажет. Бұл өзіміздің саулығымыз үшін маңызды. Сондықтан мониторинг топтарының жұмысына қарқын үстеу қажет. Аудан аумағында сенбі-жексенбіде орналастырылатын санитариялық бекеттерге кезекшілік тағайындап, азық-түлік, жарық, жылумен қамтамасыз етуді бүгіннен бастап ойластырыңыздар», – деді аудан басшысы.

Сондай-ақ ол  бекеттерде әр азаматты жіті тексеру қажеттігін, міндетке салғырттық танытып, көзбояушылық танытқандарға шара қарастырылғанын ескертті.

Әлия Шарапиева