16.11.2020, 10:14
Қараулар: 19
Онлайнда кітаппен дос боламын десеңіз

Онлайнда кітаппен дос боламын десеңіз

Әлемдік өркениеттің дамуында кітаптың маңызын ешкім де жоққа шығара алмайды. Адамзат даналығының алтын кілті – кітапханадағы кітаптар екені даусыз. Ақжайық орталық модельді балалар кітапханасы – өскелең жас ұрпақтың бойына ізгілік пен қайырымдылық дәнін себетін қасиетті орын. Жас оқырмандар үшін танымын тереңдететін, білімін толықтыратын және бос уақытын тиімді пайдалануға даңғыл жол ашатын да осы рухани орда.

Әлем жаһандана бастаған бүгінгідей кезеңде ұрпақ тәрбиесіне, жас оқырмандарға баса назар аудару әрбір ата-ананың, әрбір мұғалімнің, әрбір кітапханашының міндеті. Әрине, жаңа заман ақпараттық технологиялардың дәуірі, дегенмен балалардың бойында кітапқұмарлық, рухани байлықты байлықты  меңгеруге деген ынта-жігер қалыптастыру үшін тыңнан түрен салып, әр кітапханашы жаңаша әдіс-тәсілдерді шебер қолдана білуі керек. Сондықтан балаларды әдеби кітап оқуға тартатын, оларды қызықтыратын түрлі шаралар, сайыстар, кештер біздің кітапханамызда жиі ұйымдастырылады.

Бұл жерде туындайтын басты сұрақ, әрине, тіл байлығын дамытып, рухани күш-жігер беретін әдеби шығармаларды оқуға оқырмандарды қалай қызықтыруға болады? Бұл ретте аудандық балалар кітапханасы балалардың үйір болатын ақпараттық технологиялары, яғни компьютер мен смартфонның мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануда. Әрі елімізде енгізілген карантин талаптары бойынша  оқырмандармен жұмысты қашықтан ұйымдастыру форматын сақтау қажет. Мысалы, ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аясында өткен шараларға оқырмандарымыз үйден қатысып, сүйікті шығармаларымен әлеуметтік желілерде бөлісуде. Айта кетерлігі, карантин режимінде оқырман мен кітапхананың байланысы үзілген жоқ. Facebook-тегі кітапхананың ресми парақшасындағы «Ертегілер еліне саяхат», «Дара тұлға», «Қазақтың би-шешендері», «Волшебный фонарь», «Тарих. Тағдыр. Тұлға», т.б ақпарат сағаттарына балалар мен ата-аналары белсенді қатысса, «Әли мен Айя», «Чайнворд», «Суретті сканворд», «Филворд» сынды  сөзжұмбақ ойындарында оқырмандар берілген тапсырманың жауаптарын жазып, оған қоса жылы лебіз-тілектерін қалдырып, ризашылықтарын білдіруде.

Қазір кітапсүйер балдырған өздерін қызықтырған көркем шығармалармен онлайн танысуда. Осыған орай Ақжайық модельді балалар кітапханасы  фейсбук парақшасында кітап қорындағы электронды туындылардың сілтемелері шығарылып, ұсынылады. Ендеше кітапхана оқырмандары осы кітапхана парақшасына тіркеліп, белсенді болыңыздар.

Акмаржан КУШЕНОВА,

аудандық орталық модельді балалар кітапханасының кітапханашы-библиографы