16.11.2020, 10:16
Қараулар: 21
Ауыл  әкімдерінің беделі қандай болмақ?

Ауыл  әкімдерінің беделі қандай болмақ?

Мемлекет басшысы биылғы халыққа Жолдауында үлкен өзгерістердің іргетасын қалап берді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру барысында билік пен қоғам арасындағы тұрақты диалогты қалыптастыру басты мұраттың бірі екендігін айтты. Алайда халық үніне құлақ асатын мемлекетті тек қана билік құрылымдарының ашықтығы арқылы қалыптастыру мүмкін емес екендігі белгілі. Ол үшін қарапайым халық та мемлекетті басқару ісіне белсенді атсалысуы қажет.

Президент өз Жолдауында халық белсенділігін арттыру, ол үшін ауыл әкімдерінің қызметке сайлау арқылы келуі жөнінде маңызды әрі күрделі мәселені ортаға салып отыр. Мемлекет басшысының бұл ұсынысы қоғамда қызу талқыланып, қолдауға ие болып жатыр. Осы орайда бұрынғы мемлекеттік қызметкер ретінде, яғни 2016 жылдың мамыр айына дейін 18 жыл ауылдық округі әкімі қызметінде болғасын мен де өзім-нің ұсыныс-пікірімді білдіргенді жөн көріп отырмын. Жалпы, ауыл әкімдерін сайлау таңсық емес. Себебі 2001 жылы Батыс Қазақстан облысы бойынша екі округте тәжірибе ретінде ауыл әкімдерінің сайлауы өтті. Мәселен, Қаратөбе ауданының Егіндікөл ауылдық округінде өткен сайлауда сол өңірге танымал азамат, елдің жағдайын бес саусағындай білетін Төлеген Ғабдуллин (қазір марқұм) деген азамат әкім болып сайланды. Екінші сайланған әкім Жаңақала ауданының Бірлік ауылдық округінде Жанғали Борашев есімді азамат еді. Сөйтіп, екі округте де іс басындағы белді азаматтарға таңдау түсті. Сайлаушылар олардың іскерлік, ұйымдастырушылық қабілеттерін өте жақсы білді. Егіндікөлде Төлеген Ғабдуллиннің талапшылдығы, Бірлікте Жанғали Борашевтың жігерлілігі жеңіске жеткізді. Олар әкімдік қызметті сайланғаннан кейін біраз жыл атқарып, халық алдында сыйлы, беделді күйлерінде зейнетке шықты.

Енді, міне, ауылдық округ әкімдерінің сайлауын өткізу туралы мәселе тағы қозғалып отыр. Ал сайлау болады дейік, сонда ауыл тұрғындары сайланатын үміткерлерге дауыс бере ала ма, әлде үміткерлерді бұрынғыша мәслихат депутаттары таңдай ма? Бұл жөнінде егжей-тегжейлі ақылға салып қарау қажет. Өйткені осы кезге дейінгі сайлаулардан сабақ алатын уақыт жетті.

Ауыл әкімдерін мәслихат депутаттары арқылы сайлау тәжірибесі 2013 жылдан бастау алды. Төрт жылдан кейін, яғни 2017 жылы тамызда сайланған мерзімдері  бітулеріне байланысты тиісінше тағы сайлау өтті. Осы кезге дейін ауыл әкімдерін аудандық мәслихат депутаттары жанама сайлау арқылы сайлап келді. Кей жағдайда сол сайланған әкімдер бір-екі жыл отырады, содан тағы басқа қызметке ауысып кетеді немесе ұнамаса өзінің арызы бойынша атқарып жүрген жұмысынан кетеді. Сонда ол әкім бір-екі жылда не тындырып, қандай жоспарды жүзеге асырып үлгереді? Дұрысында, төрт жылға сайланғаннан кейін өзіне белгіленген мерзім ішінде сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырып, халыққа берген уәдесін орындап кетуі керек емес пе?! Өкінішке қарай, қазіргі көптеген ауыл әкімінің қолы қысқа, қолында қаржысы жоқ. Басқарып отырған ауылдық округі дотацияда. Тек тұрғындар саны 2 мың адам құрайтын ауылдық округтерде дербес бюджет бар.

Дегенмен ол да бір жағына тартсаң, екінші жағына жетпейді. Ауылдық елді мекендердің басым бөлігінде инфрақұрылым дамымаған, тауар өндіруші ірі кәсіпорындар жоқ. Мысалы, Ақжайық ауданының Қарауылтөбе ауылдық округінің жылдық бюджеті 27 миллион 427 мың теңге, мұның 26 миллион 875 мың теңгесі аудандық бюджеттен, қалған 552 мың теңге ауылдық округ тұрғындарының түрлі салықтарынан түскен ақша. Сол себепті әкімдердің қаржы тапшылығынан көңілде сайрап тұрған талай шаруаларын тындыра алмай, шарасыз күйге түсіп жататынын жақсы түсінемін.

Алайда уақыт бір орында тұрған жоқ. «Ауылға жағдай жасалмайды, қаржы бөлінбейді, ауыл құрып бара жатыр» деп зарлайтын уақыт өтті. Үкімет ауылдардың әлеуметтік ахуалын көтеру, ауыл тұрғындарының жағдайын жақсарту үшін жанын салуда. Оны көзіміз көріп отыр, куәміз. Елді мекендерді газдандыру, ауыз сумен қамту, кәсіпкерлікті дамыту, жұмыспен қамтуға қатысты бірқатар ірі бағдарламалар бар. Бұл бағдарламаларға бөлінген қаржының нақты қай ауылға жетіп-жетпеуі, ең алдымен, ауыл әкімінің қызметіне байланысты. Ендігі жерде ауыл тұрғындарының өздеріне де белсенді әрекет ететін уақыт келді. Мысалы, депутаттар бұрын әкімдікке өздері дұрыс білмейтін, өмірінде алғаш рет көріп тұрған бейтаныс адамды сайласа, ауыл адам-дары өздерінің көз алдында өскен, өздері жыға танитын, жақсы білетін, сөзі өтімді, қолы жетімді, алғыр, халықпен тіл табыса алатын, туған жерінің ыстығына күйіп, суығына тоңудан тайынбайтын еті тірі азаматты дұрыс таңдап сайлай алады. Халық сайлағаннан кейін әкім ешқайда жалтақтамай, өз сайлаушыларының алдындағы жауапкершілігін нақты сезінеді. Ендеше, Президент бастамасының баянды болуы жолында бәріміздің жұмылғанымыз маңызды.

Ғиззат ИХСАН,

мемлекеттік қызмет саласының ардагері