16.11.2020, 10:17
Қараулар: 23
Арақтың құлы болғанша

Арақтың құлы болғанша

Аудан әкімдігінде өткен жиында маскүнемдікпен күрес және оның алдын алу мәселесі талқыланды. Ауылдық округтердің әкімдері,және ішкі істер қызметкерлері қатысқан бұл отырысты аудан әкімінің орынбасары Тілек Ғабдушев жүргізді.

Ауыл елдегі маскүнемдікке салынған адамдардың дімкәстігінен арылуына қандай көмектер жасалуда, емдеу мәселесі, ішімдікке әуестіктің алдын алу бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде ауылдық округ әкімдері баяндады.  Өз ауылдарында ішімдік ішіп, қоғамдық тәртіпті бұзып, жанұясының берекесін алатындар жайында келіп түсетін арыздардан кейбір округ әкімдері бейхабар, яғни ахуал толық бақылауда емес. Алақандай ғана ауылда араққа салынған азаматтардың, олардың отбасының жайы бәріне мәлім. Сондықтан бұл мәселені күнделікті назардан түсірмей, жан-жақты бақылау қажет. «Ауданда наркологиялық есепте 70 адам тіркелген, ең сорақысы олардың арасында ерлермен қатар әйел адамдар де бар. Біздің міндетіміз – қазір арақ ішіп, есалаңдыққа салынатын заман емес екенін ұғындырып, қоғамға бейімдеу. Түзелмейтін жан жоқ, тек дұрыс әдіс-тәсілдермен жұмыстану қажет».

Мәселенің бастысы – ішімдікқұмар жандардың көп жағдайда жанұяларының шырқын бұзып жататыны бұл жиында бөлек қаузалды. Әйел бала шағасын ұрып-соғып, жәбір көрсететіндердің үстінен түскен арыздар көп. Мысалы, бес баласы бар жанұя шаруаға емес, шөлмекке жүгірген әкесінің оясыздығынан ажырасқалы жатыр. Себеп – осы ішімдік.

Жиын соңында Т.Александрұлы ауылдық округ әкімдеріне маскүнемдікпен күрес және оның алдын алу бойынша атқарылатын жұмыстарға пәрмен қосып, ортақ іске үкіметтік емес ұйымдарды тартып, ортаға бейімдеуге тапсырма берді. Сонымен қатар аудандық үкіметтік емес ұйым мүшелерімен проблемалық отбасылық көмек көрсету, учаскелік полиция қызметкерлерінің ішімдікке салынған азаматтармен профилактикалық жұмыстар жүргізуі де қаперге салынды.

Асыл ҚАЙРАТ