16.11.2020, 10:19
Қараулар: 24
Адамдардың амандығын қамдаған

Адамдардың амандығын қамдаған

Мен, осы мақаламды Тегісжол  ауылында он жылдан астам еңбек етіп келе жатқан адам жанының арашасы Есенболат Ерболатұлына арнағым келеді. Ауырып тұрдым, аунап тұрдым дегендей,  «Аурудан айығуыма әуелі Алла, сосын осы Есенболаттың біліктілігі мен білгірлігі сеп болды. Осы балаға  ризашылығымызды газет арқылы көпке жеткізші» деген ауыл үлкендерінің  сөзін жерге тастамай, қолыма қалам алдым.

Ол -Оралдағы Жоғары Медициналық колледжінің фельдшерлік бөлімін бітіргеннен кейін өзінің туған ауылына келіп, осы ауылда табан аудармай  еңбек етіп келеді.Міне содан бері он бір жыл уақыт зымырап өте шығыпты. Біздің ауылдың жайына аздап тоқтасам, мұнда жиырмадан астам  тұрғын үй бар, онымен қоса ауылдың айналасында әр түрлі қашықтықта орналасқан он бір мал қыстағы бар. Оның бәрін бір күнде айналып шығу үшін сексен шақырымнан астам жол жүру керек. Ол дегеніңіз аз жол емес. Иә,ол айтуға ғана оңай. Дәрігерлік жұмыс уақытпен санаспай, күн-түн демей еңбек етуді қажет етеді емес пе?! Ауру күн мен түнді таңдамайды, ауруы жанына батқан адам Есенболатқа хабарласатыны тағы аян. Сондайда уақытпен санаспай, әр шақыртуға барып, керекті дәрі-дәрмегін беріп, кеңесін айтып, науқасқа сөзбен  дем беретін оның еңбегі зор.

Төтеден келген індет те оның жұмысын екі есе көбейтті. Осындай жағдай  жаз мезгілінде біздің ауылымызда да орын алды. «СОVID-19» вирусының салдарынан ауылдағы үлкен кісілер кезек-кезек ауырып, дәрігердің көмегіне жүгінді. Сол кезде Есенболат әр аурудың қасынан табылып, оларға мезгілімен емін жасап, дәрілерін тағайындап, емдеуімен қатар олардың жандарын сөзбен емдеп, сырқатынан толық айығып кетуіне көп септігін тигізді. Осындайда еммен қатар дәрігердің  әр жылы сөзі жанға шипа болатынына еріксіз сенесің. Аурумен күрескен жанды емдей отырып, «мезгілімен тамақ ішіңіз, сұйықты көбірек ішіңіз, жүру керек, жата берсеңіз, ауру баса береді»-  деп, ақыл кеңестерін беріп отырды. Соның нәтижесінде біздің ауылымыз ауруды жеңе білді.

«Халық айтса, қалт айтпайды». Есенболаттың еңбегіңе халық оң бағасын беріп, білікті маманын мақтайды. Ауылдағы қай адамнан  сұрасаң да, оның кәсіби дәрігер екендігін айтып, алғысын ақтарады. Ол дұрыс та, себебі түн шақырсаң түн, күн шақырсаң күн демей шауып келетін, ауылда болмай қалса, телефонмен ауызша кеңесін ақтаратын мамандығын адал жанға қай мақтау да артық етпейді. Осындай Есенболат сияқты абзал жандарымыз көп болғай, еңбегі жана берсін.

Дәмелі  БИСЕНҒАЛИЕВА,

кітапханашы.

Тегісжол ауылы

АЛҒАБАС