16.11.2020, 10:24
Қараулар: 20
Ағайынға қуаныш сыйлаған Асланбек

Ағайынға қуаныш сыйлаған Асланбек

Біздің Есенсай ауылында жаны жайсаң, жомарт жандар көп. Соның бірі – Кеңсуат ауылының тұрғыны «Айшуақ» шаруа қожалығының басшысы Асланбек Айшуақов біраз жылдан бері, өзінің туған ауылында мал шаруашылығымен айналысып келеді. Өз төлінің есебінен көбейткен уақ жандық, ірі қара малын асылдандырған оның тірлігі дөңгеленіп тұр.

Бүгінде жылқы малын өсіруге бағыт алған ол – екі баланың әкесі. Қарауында інісі Нұрлыбек, ағасы Алтынбекпен бірге «Табын» елді мекенінде қыстақта тұрып жатыр. Жаздан қысына жетерлік шөп шауып, қора маңына үйіп қойды. Шаруаға епсек жігіттер қораларын майлап-сайлап, қысқа сақадай сай дайын отыр. Асланбек әманда жақсы істің басында жүретіні бір бөлек әңгіме: ауылдағы жоқ-жітікке қал-қадірінше көмек көрсетіп, бар жақсылығын аямайды. Осы сөзіме дәлел іздеп, алысқа бармай-ақ қояйын: күні кеше мәрт азамат бір жанұяға Есенсайдан 4 бөлмелі үй сатып алып берді.

Кеңсуат ауылының тұрғыны жалғызілікті Альфия Хабибуллина 1961 жылы қарапайым еңбек адамының жанұясында дүниеге келеді. Есенсай ауылынан 10 жылдықты бітірді. Жасынан аурушаң болды, жұмыс істеген жоқ. Әкесі осы ауылда зоотехник маманы болып еңбек етті. Анасы жұмысшылар кооперативінде кассир болып қызмет етіп, елдің алдында абыройға бөленіп еді. Әкесі ертеректе  қайтыс болған. Сол Кеңсуатта анасы екеуі тұратын. Кейуана бұдан 5-6 жыл бұрын дүниеден өтті. Тағдырдың жазмышы сол боп тұр ғой, тұрмыс құрып, шаңырақ көтермеген Альфия содан бері үйде жалғыз тұратын. Төбесінде шатыры бар демесеңіз, бұл үйі ескі-тұғын,  ертеректе салынған баспана қанша жылытсаң да,  салқын. Жалғызілікті жанды мүсіркеген сол ауылдың мектеп директоры Шолпан Ихсанова Альфияны кіші қызметкер етіп, жұмысқа алды. Содан бері адал еңбек еткен ол биыл амандық болса, жыл аяғында зейнеткерлікке шығады.

Жалғызбасты жанның қайбір қауқары болсын, баспанасын жөндеуге алған жалақысы да жетпейді. Осыншама жасқа жеткенше, ешкімнен көмек сұрап көрмеген ол үйі жарамсыз болғандықтан, ауыл әкімдігіне, үй сұрап арыз беріпті. Ауыл әкімі Ільяс Баймұратов ауыл ақсақалдар кеңесінде осы мәселені көтеріп, ел болып округ орталығынан үй алып беруді ұйғарды.

Әрине, босаған үйін ешкім әншейін бере салмайды. Осы сәтте талай қайырымды іске ұйытқы болып жүрген Асыланбектің көмегі зор болды. Өз қаражатына үйді сатып алған кәсіпкерге тек Альфия ғана емес, бүкіл ауыл риза. Әрине, үйінің айналасын тазарту, қақпаны орнату жұмыстарын ауыл жастары, еріктілер қолұшын беріп, көмектесті. Атап айтсақ, Асқар Биғалиев, Дәрібай Тасымов, Сақтаған Қойшығұлов сынды ауыл азаматтары, жаңадан туалет қондырып, жөндеудің ауыр жұмыстарын атқарса, Мүгілсін Табылдиева өзге әйел-келіншектермен бірлесіп, үйдің ішін ақтап, майлау-сырлау жұмыстарымен айналысып, бөлмелерін тұсқағазбен әрледі.

Ауыл жастары үйдің айналасын тап-таза етіп майлап, ақтап қойды. Сонымен қатар жүй көлігімен отын да  түсіріліп берді. Ауылдастарының қайырымдылығына Альфия дән риза, ол ауыл әкімшілігіне, жастарға және ардагерлер кеңесіне рақметін жаудыруда.

Бірлігі жарасқан  ауылдастарым – есенсайлықтардың әлі талай игі істердің басын қайыратынына сенімдімін. Тек ауызбіршіліктен айырмағай!

Мерует ҚАУЫМБАЕВА,

еңбек ардагері.

ЕСЕНСАЙ