16.11.2020, 10:26
Қараулар: 134
Антына адал сақшы бар

Антына адал сақшы бар

Учаскелік полиция жұмысы сырттай салмақты, жайбарақат көрінгенімен, ішкі иірімдері шытырманға толы болатынынан көпшілік соншалықты хабардар емес. Тек форма киіп, үй аралаудан басқа қызметі жоқтай көретініміз де жасырын болмас. Алайда қызметі қоғаммен біте қайнасқан, әрбір ісі тұрақтылықты сақтап, әр азаматтың құқығын қорғауға бағытталған олардың жұмысы үлкен маңызға ие. Оған дәлел келтіріп, алысқа шабудың да қажеті жоқ, жай ғана жергілікті полиция бөліміне бас сұқсаңыз, жеткілікті. Ал бүгінгі мақаламыздың кейіпкері аттай 15 жылын ел тыныштығына, қоғам қауіпсіздігіне  арнаған учаскелік полиция инспекторы Қуаныш Сұлтанғалиев адал қызметінің, халықтың сенімінің арқасында майор шеніне дейін көтерілген.

Ауданымызға қарасты Мерген ауылында дүниеге келген Қуаныш – 1992-1993 жылдары Жезқазған қаласында әскери борышын өтеп келгесін, ауылында біраз жыл механизатор болған жан. Бәрі жоғары білім алуға ұмтылған кезде Қуаныштың трактордың тізгінін ұстағанына біраз таңқалғандар да болған. Бірақ қарапайым механизатордан еңбек жолын бастаған  біздің кейіпкеріміздің ішінде бүккен бір сыры бар болатын. Көпшіліктің есінде шығар, әскерден жалтарудың амалын іздегендер көбейіп, тіпті ата-аналар да ұлдарын үйлеріне тығып, әскерге жібермей жатқанда, Отан алдындағы әскери борын өтеуге мектепті енді бітірген бозбаланың өзінің сұранып аттанғанының да гәбі осында.

1,5 жыл әскер қатарында жүрген жігіт парызын мүлтіксіз орындап, елге қайтты. Балалары әскерде болғанымен, артынан ағылған мақтау қағаздары, басшылық тарапынан адал ұл тәрбиелеген ата-анаға алғыс хаттары үйдегі үлкендердің мерейін тасытқаны шындық. Тракторды тізгіндеген жігіт араға он жыл салып, Орал қаласына аттанады. Сондағы ойы – елдің амандығын сақтап, әділет үстемдік ететін салада қызмет ету. Ол жақтағы жұмыста абыройсыз болған жоқ, ауыр қылмыс жасағандарды түзету мекемесіндегі тәртіп пен ауыр қызмет әбден шыңдады. Осында екі жыл қызмет еткен соң, сержант дәрежесімен Ақжайық аудандық ішкі істер бөліміне жұмысқа ауысады. Сонымен қатар, бөлім басшысының жүргізушісі болып та қызмет атқарады. Басшымен жұмыс сапарларының бірінде сол кездегі бөлім тізгінін ұстаған Аман Үбішев оған офицерлік оқуға сырттай түсуге кеңес береді. Талабы таудай азаматқа бұл да сөз бе, құжаттарын тапсырып, барлық сыннан мүдірмей өткен ол полицейлерді даярлайтын оқу орнын ойдағыдай тәмамдап шығады. Одан соң туған жері Мерген ауылындағы учаскелік полициясына көмекші болып барады.

Зулаған уақытты айтсаңыз, табан аудармай ауылында сегіз жыл қызмет атқарған жігіттің еңбекққорлығы, ізденісі, қызметіне адалдығы ескеріліп, 2013 жылы аудан орталығына қайтадан шақырту алады. Бұл жолы учаскелік инспекторы қызметіне тағайындалады. Жауапкершілігі мол жұмысқа берілген полицей артынан уақытша ұстау изоляторына басшы болады. Биыл наурыз айында учаскелік инспектор қызметіне келіп, майор шенін алады. Мұның бәрі оқып, танысқан адамға қарапайым еңбек жолындай көрінетіні анық, жүгі ауыр саланың қазанында қайнаған маманды әріптестері артылған міндеттің үдесінен шыққан азамат ретінде құрметтейді.

Қуаныштың өзі араласып, ізін суытпай ашқан қылмыстарының саны жетіп артылады. Мысалы, осы аудан орталығында құрылыс басынан қомақты құрылыс материалдарының қолды болғаны жөнінде мәлімет келіп түседі. Ұсақ қылмысқа барған адамды анықтау сол күні кезекшілікке түскен Қуанышқа жүктеледі. Оқиға орнында болған құрылысшылармен сөйлескен, әп дегенде кім «көрдім, білдім» деп айта қойсын, біраз жұмыстануға тура келді. Кейбір айтылып қалған әнгімелердің бағыты қылмыскер алыста еместігін де аңғартып қалады. Енді бұған мықты дәлел керек, қалай анықтауға болады? Тәжірбиелі тәртіп сақшысы өзі күдіктеніп тұрған сол жердегі адамдардың ұялы байланысындағы хабарламаларды тексергенде, бар жағдай тайға таңба басқандай анықталып шыға келді. Өзара желі арқылы сөйлесіп, цементті сатқандар да, оны сатып алушы да табылып, айналдырған екі сағаттың көлемінде жасаған қылмыстарын мойындайды. Көрінеу көзге шағын қылмыс боп көрінгенмен, әр осындай істің артында елеулі еңбек жатыр. Қаншама сыр тартсақ та, мақтанып, «Менің еңбегім зор, мынадай жақсылық жасадым, мыншама қылмыс аштым» деп дандайсуды білмейтін Қуаныштың жұмысының бағаланғаны – ІІ дәрежелі «Ішкі істер органының үздігі» медалін кеудесіне тақты.

Жемісті еңбексіз дәреже де жоғарыламас еді. Тәртіпке бағынбай, түнімен көше кезетін жастарымызға түсінік жұмыстарын жүргізіп, көнбегеніне тәртіптік жаза қолданып, «адам» қылып жіберу де – Қуаныш сынды полицейлердің міндеті. Сырттай қарағанда форма киіп жүретін қызмет болып көрінгенімен, жоғарыда айтып өткеніміздей бұл қызмет жауапкершілігі мол жұмыс. Ең басты міндет – адам өмірі, ел қауіпсіздігі. Ел үшін аянбай қызмет етуде Қуаныш сынды азаматтардың еңбегі ерен. Әсіресе, індет тығырыққа тіреген мына шақта тәртіптің темірдей болуын қадағалаған осындай жандардың қырағылығы арта берсін!

Әсет БИСЕНҒАЛИЕВ.