16.11.2020, 10:35
Қараулар: 23
Сауапты іске сеп болғандар

Сауапты іске сеп болғандар

Жұмыста мамандарыммен күнделікті жұмыстарымызды таразыға салып, ақылдасып отырғанбыз. Ауылымызға жақсы танымал, зейнеткер шаруагер Мэлс ағайымыз кірді үстімізге. Ол кісі мал өсірумен айналысады, көбіне мал тапсырарда ауылдық округтен тиісті құжаттарын алуға келетін. «Бұл жолы да сондай шаруамен жүр-ау» деп ойлап қалғанбыз. Сөйтсек, бұл жолғы келісі мүлдем бөлек екен. «Сегіз отбасыға азық-түліктен көмектескелі келдім. Оларды да қуантып, өзім де бір жеңілдеп, марқайып қалсам ба», – деп әкелгендерін қабылдап алуымызды сұрады. «Нива» көлігінің артқы орындықтарын алып тастап, толтыра азық-түлік тиеп алыпты. Сол бойда жасаған тізім бойынша азық-түлікті сегіз үйге үлестіріп беріп, оларды қуантып, алғысына бөленіп, жайраңдаған қалпы қырдағы шаруасына аттанды. Бұл Мэлс ағамыздың сауапты істерінің бірі ғана. Ауылымызға жанашыр осындай жосын азаматқа біз де, ауылдық округ қызметкерлері, іштей сүйсініп, риза болып жатырмыз.

Айтпақшы, Мэлс Қырымов ағамыз зейнетке шыққанына қарамастан, еңбектен қол үзбей келеді. «Қырым» шаруа қожалығын құрып, шаруасын дөңгелетіп жүр. Өзі осы ауылда туып-өскен, өзіміздің мектепте оқыған. Осы Қарауылтөбеде оның ата-анасы Махмет ағай мен Жәмила апай талай шәкірттерді тәрбиелеген ұстаздар еді. «Әке көрген оқ жонар» деген, Мэлс ағаның төрт ұлы – Еркін, Жарқын, Жалғас, Жандос  кәсіпкер жігіттер. Олардың да бір-бірімен санаспай, туған ауылдарының мұқтажына деп қаржылай дүркін-дүркін, төгіп-төгіп көмектесіп жүргенін қарауылтөбеліктер жақсы біледі, көріп, сезініп жүр.

Осынау шағын мақала да сол Қырымовтар әулетіне риза көңілден туып еді.

Жәнібек ӘБИРОВ,

Қарауылтөбе ауылдық округінің әкімі.