23.11.2020, 9:56
Қараулар: 177
Адасқанның айыбы жоқ…

Адасқанның айыбы жоқ…

Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ деген сөз ақиқат. Әлдеқалай өмірде шалыс басып жазаға тартылғандар енді қайтып түзелмейді деп жаңсақ пікір айтушылар көбейген кезде қоғамнан оқшауламай, шартты жазаға тартылғандарды ортаға тарту, қайтадан қателікке ұрынбауына тырнақтай болса да үлес қоса жүрсек, әрқайсымыз үшін сауапты іс болмақ. Осы қағиданы жадына мықтап түйген пробация қызметкерлері есептегі азаматтардың әрқайсысының түзеліп, енді шалыс баспауына жағдай жасап, барлық қарекетті қолға алуда.

Осындай істерден жарқын мысал келтірсек. Жастықтан дейміз ғой, ауданымыздың А есімді азаматы адам тонап, соттың шешімімен шартты түрде бас бостандығынан айырылыпты. Осылайша ол 2020 жылдың маусым айынан № 1 Ақжайық аудандық пробация қызметіне есепке алынады. Шалыс басқан жасты оңалту жұмыстарын жүргізген пробация қызметкерлерінің көмегімен ол аудандық жұмыспен қамту орталығына жұмыссыздар есебіне тіркеліп, Ақжайық аграрлық техникалық колледжіне қысқа мерзімді «ветеринар» мамандығы бойынша оқуға жолданады. Бас-аяғы екі-үш айдың ішінде ауылға ең қажет қызметтердің бірін меңгерген А оқуын үздік аяқтап, өзінің түзелгенін анық көрсетті. Алған білімінің жемісі – куәлігін алып, мамандығы бойынша тұрақты жұмысқа да орналасты.

«Адасқанның айыбы жоқ қайтып үйірін тапқан соң» деген халық қағидасы осындайда айтылса керек. Сондықтан өзінің қателескенін ұғынып, келешекте біреудің ала жібін аттамауға ниет еткен осындай жастардың ісі өзге шалыс басқандарға да үлгі болсын!

Нұрлан Самиғалиев

№1 Ақжайық аудандық пробация қызметінің бастығы,

әділет майоры