23.11.2020, 9:58
Қараулар: 147
ЕР ЕСІМІ – ЕЛ ЕСІНДЕ

ЕР ЕСІМІ – ЕЛ ЕСІНДЕ

«Ешкім батыр болып тумайды. Батырлық та мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады». Бауыржан Момышұлының осы нақылы Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовқа қатысты айтылғандай.  Саналы ғұмырының 20 жылын ел тыныштығын қорғауға арнаған Ғазиз Байтасов сын сағатта айналасындағы бейбіт халыққа қауіп төндірген жанкештінің жолын кесіп, мерт болды.

12 қараша – Ғазиз Байтасовтың қайтыс болған күніне орай Ақжайық аудандық полиция бөлімінде «Ер есімі — ел есінде» атты еске алу  іс-шарасы өткізілді.  Зерде сағаты бір минуттық үнсіздіктен басталып, 2011 жылғы 12 қарашада болған жантүршігерлік оқиға туралы арнайы әзірленген қысқа метражды фильм көрсетілді.

Жамбыл облысы ІІД жол полициясы жеке батальонының 1-взводының командирі, полиция капитаны Ғазиз Байтасов сол күні арнайы көлікпен кезекшілікте жүрген еді. Қазыбек би көшесіндегі сауда үйінің жанына қылмыскер тоқтай қалып, қоршағандардың бәріне оқ жаудыра бастапты. Осындай ойранның үстіне дөп түскен Ғазиз бірден көліктен түсіп, лаңкеске қарсы оқ атып, кері шегіндіреді. Қылмыскер де әккі екен, оның атқан оғы полиция қызметкерін ауыр жаралайды. Десе де, бейбіт халыққа қауіп-қатердің төнгенін анық ол жарақатына қарамастан, террористпен бетпе-бет келіп, денесін қолмен ұстап, оны жерге құлатты. Осы кезде гранат жарылып, қылмыскермен қатар онымен арпалысқан полиция капитанын мерт қылады.

«Көзсіз ерлігі үшін Халық Қаһарманы атағын иеленген бүгінгі күннің батыры Ғазиз Байтасовты жадымыздан шығармай, рухына тағзым ету – әрқайсымызға парыз. Себебі елі барда қиын сәтте халық мүддесін бәрінен жоғары қоя білген батыл ержүрек ерлердің есімі мәңгі жасауы тиіс. Бүгінгі полиция қызметкерлеріне де артылған міндет сол – елдің амандығы жолында адал еңбек ету», – деді шарада сөз алған аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары, полиция майоры Дархан Темірғалиев.

Әсел САҒЫН