23.11.2020, 10:02
Қараулар: 151
Тойсыз өтсе «тәтті күндер»…

Тойсыз өтсе «тәтті күндер»…

«Махаббатың құдірет күші әлдилеп,

Екі жастың табыстырған жүрегін.

Жастық жалын, асыл арман, ақ ниет

Бақыт сыйлап ұсыныпты гүлдерін»

Жас жұбайлардың әнұранына айналған  бұл той жырына биыл  50 жыл. Махаббат әні әр тойдың төрінде шырқалып, шаңырақ көтерген талай жұптың қуанышына куә болып келді. Талайды тамсандырып, әуені баршаға танылған әнсіз той өткіземіз деген ой қай қазақтың үш ұйықтаса, түсіне кірмегені белгілі. Бірақ…

Індет тойға тосқауыл қоя алмай тұр

Бәріне кінәлі аты өшкір тажал індет. Іргемізден енуі мұң-ақ екен, шектеулер сауылдап, еркін өскен елдің әр азаматын тұсап тастады. Еркін демей қайтейік, қай шараны өткізсек те, ойдан, қырдан ағайын-тума жинап, отыз күн ойын, қырық күн той жасамасақ, ішкеніміз ас болмайтындай, кеңінен көсіліп тұрып думандататын болдық. Асабаның даусы зорын, тойхананың қымбатын, тағамның қайталанбайтынын іздеп, пәлен түрге түскен ата-ана. Қалтасы көтергендер ауызын айға білеген әнші-бишілермен қонақтарын тамсандырып, бедел жинайды. Бейнекамера, музыканты – бөлек шығын. Тойдың көптігі соншалық, қала түгіл, қарапайым ауылдың өзінде тойханада шара өткізуге айлап кезекке тұруға тура келетін. Ал қазір ше? Кезінде бес жүздеп қонақ қабылдаған хан сарайындай жарқ-жұрқ еткен тойханалар қаңырап бос тұр, орақ ауызды деген асабалардың өзі нәпақасын өзге саладан іздеп, сабылып жүр.

Десе де, бұдан да жаманында той жасаған, тойға барған қазақ емеспіз бе?! Карантин қанша қыспаққа алғанымен, тығылып, жасырынып жасасақ та, әбден сіңген әдеттен айырылатын түріміз жоқ. Баласын үйлендіріп, қызын ұзататын тойшы қауымның небір айла-шарасын осы карантинде көрдік десек, артық болмас. Қалада коттедж жалдап, қалай да отбасылық шараны атап өтуге ынтығып, жұрт әбігерге түссе, ауылда ым-жымын білдірмей, үйді қонақтарға лық толтырып, тойлағанды да көріп, біліп, естіп жатырмыз. Айыппұл ма? Оны елеуге мұрша да жоқ, баламыздың бір тойын лайықты өткізбесек, ата-ана болғанымыздың құны бір тиын. «Ешкім білмесе, бір қуанышымызды әупірімдеп өткізерміз, ал тексеру ұстап алса, қайда кетпей жатқан ақша дейсің, балаларымның бақытынан садақа, сол 80000 теңгені бірдеңе етіп төлерміз» деген бір жан, әйтеуір. Сонда сол тойқұмарлардың санасына топырлатып той жасағанда, өзіне де, қонақтарына да әлемді шарлаған вирустың жұғып, арты өлімге әкелуі де мүмкін екен деген ой кіріп те, шықпайды-ау.

Ауданда жасырын той жасағандарды әшкерелеу міндеттелген мониторинг топтар бар. Сол топтың мүшелеріне карантин басталғалы тыным жоқ. Бір жағынан дүкендерді аралап, талаптарды ескермеген кәсіпкер мен тұрғындарға ескерту беріп, асханаларда артық адамның отырмауын қаперлесе, екіншіден, той өткізген үйді тексеріп, жұртпен жаманатты болып жүргені. Аудан әкімі аппаратының төтенше жағдайлар және құқық қорғау органдарымен жұмыс бөлімінің бас маманы Абзал Мүтигуллиновтың айтуынша, аудан орталығында 2, қалған округтерде 1 мониторинг тобы жұмыс істейді. «Топтарға артылған жауапкершілік жүгі салмақты. Олардың басты мақсаты – карантиндік шектеулер, санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын қадағалау. Олар өз құзіреттерінің шеңберінде дәріханалардағы дәрі-дәрмектің болуын, мектептердегі сақтық шараларының сақталуын жіті бақылап отыр. соның нәтижесінде топ талаптарды бұзған 66 және жергілікті полиция қызметі 56 деректі анықтап, тиісті шараларын алды. Барлық тойханалар да назардан тыс қалып жатқан жоқ. Бұл нысандарда әзірге көпшілік шаралар ұйымдастырған деректер тіркелген жоқ, дегенмен ауылдастарымыз үйлерде отбасылық шараларды үйде өткізіп жатырғаны жасырын емес. Солардың ішінде әшкере болғандарына тоқтасақ, 6 отбасында осындай жағдай тіркелген. Тағы да ескертемін, індеттің таралуының алдын алу үшін тәртіп керек. Сондықтан адам көп жиналатын шаралардан бас тарта тұрған абзал. Барша адамзаттың саулығына қауіп төндірген бұл вирустан да арылар кез келеді, бастысы, шыдамдылық пен тәртіптен ажырамасақ», – дейді А.Мүтигуллинов.

Әлемдегі ең қысқа той

Әлемдегі ең қысқа тойды сіздер ойлағандай дүркіретіп атап өтуге жағдайы жоқ кедей-кепшік емес, кезінде аты күллі әлемге тараған «The Beatles» тобының мүшесі Джон Леннон мен жапон банкирінің қызы  Йоко Оно өткізіпті. Гибралтар бұғазында некесін тіркеткен қос жас өмірдегі ең маңызды оқиғасына небары 3-ақ минутын арнаған екен, шіркін. Опыр-топыр адам да жоқ, жұбайлық өмірдің бастауында тек екеуі ғана тұр. Бақытты екенін дабыралатпай-ақ дәлелдеген атақты жандардың бұл қадамы дәл қазіргі уақытта көпке үлгі болғандай.

Жеті атадан қосылатын туыстарын жинап, ұлан-асыр той жасайтын біздің қазақтарға мұндай үрдіс таңсық көрінетін шығар. Індет қауіп төндірген бүгінгі күнде даңғаралықты ақылға жеңдіріп, у-шусыз некесін қидырған жастардың аз да болса  бар екендігі қуантады. Алысқа шаппай-ақ қоялық, оралдық сіңліміз сырға салу рәсімін онлайн өткізіп, жаңа үрдістің негізін қалады. Ал Нұр-Сұлтанда тұратын Азамат пен Әсел есімді бауырларымыз некелерін қидырып, ата-аналарының ақ батасын бейнеқоңырау арқылы алыпты. Сөйтіп екі жақтың құдалары бір-бірімен онлайн танысты. Той жасамай, қарапайым ғана атап өткеннен ешкім де ұтылған жоқ. Тілек қажет пе, жас жұбайлардың туған-туыстары мен жақындары жылы сөздер мен тілектерін әлеуметтік желілер арқылы және бейнеқоңыраулар арқылы айтып, құттықтап жатыр. Әшейінде айшылық алыс жерден тойға сабылған ағайынның бәрі де жылы орындарында, барлығының дені сау, бастары аман.

Махаббат дегеніміз бір-бірінің бетіне қарап отыру емес, қайта барар бағытқа, болашақ бақытқа бірге қарау. Тойшы қауымның басты қателігі «Жұрт не дейді?» деп , көпшіліктің сөзінен ығысатындығы. Осындайда елдің алдындағы дәреже-беделіңнен гөрі, балаларыңның бақыты маңызды екенін ұмытып кетіп жатамыз, әттең…

Өлімнен ұят күшті

Расында да, жұртшылық осы күні шақырған қонақтыққа ұялғаннан барады. Күні кеше бір танысымнан естігенімді сіздермен бөліссем. Той-томалақтан әбден шаршаған-ау, сірә, «Мына карантин жақсы болды, бұрын шақыратын жер көп еді. Аптасына бір келетін демалысымыз қонаққа шапқылаумен кететін. Қазір үйдегі шаруаңды емін-еркін тындырып аламыз. Тойға барсаң, құр қол бара алмайсың, шашуға кемінде 10 мың теңге кетеді. Отырыста түскен фотоңды алмасаң, тағы ұят. Той иесінің бір қызығынан естелік қалу керек. Беташар, тойбастар, әнші-бишіге шашылатын ақша. Баратын той ауылда өтсе, жақсы. Ал жолға шығатын болсаң, ол да шығын», – деп сайрап тұр.

Расында да, «қоянды қамыс өлтірсе», біздің халықты ұят өлтіретін шығар. Жаңағы ағайынымыз айтып тұрған шығындардан қашқандай боласың. Тойдан мәдениеттің қашқаны, асабалардың шектен тыс оясыздығы, даңғырлаған музыкадан берекеті қашатын үлкендеріміздің жайы  бөлек бір әңгіме. Бүгінде тойдың көбейгені соншалық, есте мүлдем қалмайды. Кейде естелік суреттерді қарап отырғанда, бұның қай тойда түсірілгенін де еске түсіру қиын.

Иа, тақырыптан аздап ауытқып кеттік-ау, аттың басын қайта карантинге ауыстырсам. Жоғарыда айтып кеткен жасырын тойшылардың біріне хабарласудың сәті түсіп еді. Абзал болғанда, дұрыс адам екен, «сізге не керек» деп дүрсіп қоя бермей, ашығын айтып бөлісті. «Айналайын, тек аты-жөнімді жазбасаң игі. Газетті халық оқиды ғой, ұят болар» деген өтінішін қалай жерге тастайық. Сонымен А есімді апамыздың ұлы ерте көктемде жаз шығысымен үйленемін деген ұсынысын айтыпты. Алатын қалыңдығы да алыс ауылдан емес. Ол кезде төтенше жағдай да, карантин де жоқ. Тек шет елдерде белгісіз вирус өршіп тұр деген хабар еміс-еміс естіледі. Қайдан білсін біздің елге де індеттің келетінін, еш алаңсыз тойдың қамына кіріспей ме?! Тойға қажеттің бәрі алынды, ағайын-туманың бәрі хабардар. Ал енді баласының бір қызығын атап өтуге келгенде, мына карантин кесе-көлденең тұрып алды. «Балам бірден той өткізуге қарсы болды. «Некемізді загстен қидырсақ, соның өзі жеткілікті. Екі жақтың ата-аналары ғана қуанышымызға ортақ болыңыздар. Артынан жақсы күндерде құдалық рәсімін асықпай лайықты атап өтерсіздер» деп, азар да безер болды. Тыңдамаған өзім. Өлімнен ұят күшті деген. Жалғыз ұлым ғой. Атап өтпесем, ағайын-тума өле-өлгенше «бір баласының тойын жасай алмады» деп бетіме салық қылатындай көрінді. Күл болмаса, бүл болсын, аулада кең палатка құрып, жасаймын деп шештім. Әбден тойдың үстіне тексерушілер келіп, айыппұл төлегеннен кейін барып, ойланып тұрмын ғой. Шарамызға алыс-жақыннан жиналған ағайынның ішінде біреуі науқас болса, қаншама адамға жұғуы мүмкін екенін ескермеппін. Бір күндік қызықтан өмірдің артық екенін ұмытыппын», – дейді ана.

Байқасаңыз, той дегеніміз тек осы бір тамаша сәтті дүркіретіп тойлау жайына бас қатырған ата-аналарды түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айырады. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген, жастар көбінесе бүгінгі заманның керуеніне ілесіп, той жасамай-ақ АХАЖ-дан неке қидырумен-ақ бүкіл мереке-мейрамға нүкте қоюды жөн көреді. Қонақтардың да сыңайы анау. Шақырған жерден ұят болады деген желеумен ғана келеді. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» демей ме, індет жағадан алып, тықсырғанда, тойды дүбірлетіп өткізуден бұрын екі жастың ертеңгі күнін көбірек таразыға тартқан ләзім. Тойсыз өтсе «тәтті күндер» қиын ба?!

Әлия ШАРАПИЕВА