23.11.2020, 10:11
Қараулар: 146
Төл өнерді төрге оздырған

Төл өнерді төрге оздырған

Ұлттық өнерімізді дәріптеп, сол атадан қалған ізгі жолда ұрпақ сабақтастығы қатар жүретін Көнеккеткен – көнеден жеткен құндылықтарды жаңғыртқан шеберлерге бай ауыл. Кезінде темірден түйін түйген Қайырқұл, Дарқұл деген азаматтар өнерімен қалың елге танылса, бүгінгі буындардың арасында атағы жер жарған  ҚР Көркемсурет академиясының мүше корреспонденті, суретші Қайыр Оразғалиевтің есімін атағанның өзі жеткілікті. Әңгімені алыстан орағытып, өнер тұнған ауылдың атақтыларынан бастауымызға негіз де жоқ емес. Себебі осы мақаламыздың кейіпкері, жас өнерпаз Досжан Бижанов осы ауылдың түлегі. Ол ұлттық қолөнердің ұмыт болған түрлерін қайта жаңғыртып, шәкірттеріне үйретуде.

Досжан – ағаш шебері. Оған бұл кәсіп әке қанымен берілген. Әкесі демекші, жалғыз өзі хан сарайындай үйдің құрылысын бастан-аяқ жүргізетін әкесі Кенжеболаттың шеберлігіне ауыл халқы түгел қанық.  Қазақта «Әке көрген оқ жонар»  деген сөз бар. Кішкентайынан қағілез Досжан ағасы Дастанмен бірге әкесімен бірге жұмысқа араласып, барынша қолғабыс ететін. Тәрбие осындайдан басталады емес пе?! Кішкене балаға «Балғаны ұста, шегені әкел» деп, құлағына іле бермесе, есейгенде еңбекке үйір болуы неғайбыл.

Өнерге икемі бар бозбала мектепті тәмамдасымен Құрманғазы атындағы саз колледжінің «Сәндік қолданбалы өнер және дизайн» мамандығына құжаттарын тапсырады. Талабы таудай жігіттің бағы да бес елі екен. Талай өнер додаларының жеңімпаздары үміт еткен грант Досжанға бұйырды. Колледж қабырғасында білім ала жүріп, бос уақытында осы өнерді әрі қарай жетілдіру үшін дәріс берген ұстазы Аслан Серікбайұлының шеберханасына келіп, ағаштан тегіс бедерлі ою салу, домбыра жасау, түрлі металдармен, терімен жұмыс жасау техникаларын біртіндеп үйрене бастайды. Сол  ұстазынан композиция құрып, материалды тану, штрих, шрифттерді бедерлеу жөнінде алған ілімін ол бүгін де пайдаланып жүр.

«Шебердің қолы ортақ» демекші, колледжді аяқтаған бойда, ауылға қайта оралған жас маманға бірден аудандық балалар шығармашылығы орталығында үйірме жұмысын қолға алуды ұсынып, өз білгенін балаға үйретуді міндет еткен Досжанның асығы алшысынан түсті. Содан бері талай шәкірт тәрбиелеп, олардың бойындағы талантты шыңдаған маманның ұстаздық жолда да бағы жанды десек артық айтқанымыз емес. Оның шәкірттері талайды таңдай қақтырып, ұстазы мен ата-аналарын зор мерейге бөлеп жүр. Соның ішінде «Өлкетану» сәндік-қолданбалы шығармашылығының республикалық көрмесінде Батырхан Баймұрат, Бексұлтан Нұқ сынды шәкірттерінің жетістіктері бір төбе.

Бүгінде Досжан халқымыздың ежелгі тұрмыс- салтында пайдаланылып, бүгінде қайта сұранысқа ие бола бастаған астау, ожау, кесе, тегене, күбі, сандық сынды көз жауын алар бұйымдарды жасауға әбден төселіп алған. Халқымыздың ұлтық өю-өрнектерін ағаш, тері бетіне бейнелеп, әрқайсысын рет-ретімен ұйқастыра алатын өнері бар. Қай өнерпазды алмаңыз, оларға  ұшқыр қиял, асқан шыдамдылық пен табандылық тән. Осы қасиеттерді бойына дарытқан ағаш шеберінің  қолынан шыққан дүниелері аудандық, облыстық көрмелерден орын алып, талай мақтау-мадақтауларға ие болды. Солардың бірқатарына тоқталып өтсек: Досжан «Жыл үздігі– 2015», «Өз ісінің шебері»  жастар сыйлығын иеленуімен қатар, халықаралық «Дельфий» ойындарының облыстық кезеңінен өтіп, Мәскеу қаласына барып, арнайы аталыммен марапатталды. Сондай-ақ Атырау қаласында өткен «Үкілі домбыра» домбыра жасау шеберлерінің аймақтық сайысында 3 орынды иеленді. Облыстық «Дала дарындары» фестивалінде «Бейнелеу» жанры бойынша сәндік қолданбалы өнердегі ерекше шеберлігі үшін марапатталды. Астана қаласында өткен ХVIII Халықаралық «Шабыт» байқауында Батыс Қазақстан облысының намысын қолдан бермеді.

«Бала кезімнен әкемнің былай қарағанда пайдаға жарамсыз дейтіндей заттарды қайта өңдеп, керемет бұйымдар жасайтынын көріп өстім. Тек көргенім ештеңе емес, оның жөн сілтеуімен ірілі-ұсақты заттарды өзім де дайындап үйрендім. Ең алғаш жасаған бұйымым әлі есімді – ағаштан ертоқым жасаған болатынмын. Епсектеніп алғаным соншама, өзге балалар секілді сатып алған ойыншықтармен емес, өзім жасаған  трактор, машиналармен ойнайтынмын. Ол да бір қызық күндер еді, ауылдың бар баласы қызығатын. Өзімнің туған ағам Дастан да бұл өнерден алыс емес. Қазіргі таңда ауылда технология  пәнінен сабақ береді. Түрлі шаралардың қарсаңында мектептің безендірілуі Дастанның мойнында. Ол домбыра жасамаса да, ағаштан ойған азды-кемді дүниелері бар. Әкемнің ұлдарына айтқан өсиеті: «Ешкімге еңбегіңді бұлдама. Егер қолыңнан келсе, көмектес, алғыстан аласарған адам жоқ. Қайта өркенің өсіп, мерейің тасиды» деп, құлағымызға құйып отырады. Содан шығар, ескерткіштер мен ыдыс-аяқтарды сатқаннан гөрі, кәдесый ретінде сыйлыққа беріп жіберетін кезім көп. Әрине, қазіргі жұмыс қым-қуыт, қолына балта-шеге ұстап көрмеген баланы қолөнерге тәрбиелеу де оңай емес. Кейде шаршайтын да кездерім болады. Сондайда қолыма аяқталмай тұрған бір жұмысымды алсам, керемет демалып қалатын әдетім. Жалпы өнерді шабыт қанаттандырады. Әрине, өнер болған соң тоқырау кезеңдер де болады. Верстактың үстіндегі ағашқа қалай жан бітіріп, өзімнің қиялымдағы сұлбаға қалай келтірерімді білмей, бас қатыратын күндер де жеткілікті. Десе де, мен бұл өнерді басқасына айырбастамас едім», — дейді шебер.

Ағаш шебері жұмыста көбінесе қайың, қызыл ағаш, бук, емен, шырша ағаштарын пайдаланады. Олар ең алдымен құрғақ болу қажет. Егер дымқыл болса, қараңғы , құрғақ жерде кептіріп алады. Сонымен қатар  малдың сүйегін де кәдеге жаратып, оны елеп түрлі мүсіндер де жасайды. Сүйектен мүсін дайындау үшін жаңа сойылған малдың сүйегін қайнатып, әбден майын кетіріп, өңдеп алады.

Бұрын Досжан ағаштың бетін күйдіріп, түрлі тақырыптарда сурет салса, соңғы кезде терімен де жұмыстанып жүр. Алдымен әбден жұмсартып иленген теріні ағашқа керіп, артынша арнайы бояулармен әспеттейді. Өнерпаздың бір ерекшелігі бар, қай туындыны қолға алмасын, міндетті түрде түпкі мазмұны ұлттық нақыштармен айшықталады. Оның  көз майын тауысып, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін, қыран құс пен құмай тазыны бейнелеген туындылары тамсандырмасқа қоймайды.

Ал Досжанның домбыра жасау шеберлігі тағы бір мақалаға арқау болғандай. Досжанның қолынан шыққан домбыралары қазақ сахнасын күймен тамсандырған өнер майталмандары Айгүл Үлкенбаева, Сәуле Таудаева сынды апаларымыздың қолына тигені ісмердің шеберлігінің дәлелі емей, немене?!

Досжан бір ұл, бір қыздың әкесі. Өзінің айтуынша, кішкентай ұлының бойынан  ұлттық өнерге қызығушылықты байқап келеді. Бос уақытында ағашпен жұмыс жасаған кезде балдырғаны қасына келіп, тап бір өзінің бала кезіндегідей әкесінің көзін ала бере, оның құрал-саймандарын қолға алып, өзінше әрекет еткенін талай байқаған. Болашақта ұлы ер жеткен соң, талпынысы мен икемі болса, ісмерлікке баулу ойында бар екенін айтты.

Мақсаты айқын, өз кәсібін шексіз сүйетін жанның жұмысына шығармашылық табыс тілейміз. Атадан қалған мұраны жалғаған осындай қолөнер шебері барда ұлттық өнердің ұзақ жасары анық.

Ләззат ӨТЕГЕНОВА