23.11.2020, 10:13
Қараулар: 104
Жыр-жалын

Жыр-жалын

ЭЛЕГИЯ

Орал шәрі. Аспаныңда

Сеңдей бұлттар соқтығысып.

Жаңбыр жауды қас-қағымда,

Сағынышпен көкті құшып.

 

Көшеді бұлт. Жосып құрбым,

Елеңдеймін тағдырыма.

Жон-арқамды тосып тұрмын,

Күздің суық жаңбырына.

 

Қоңыр итім, қоңыр күзде,

Бүрсеңдейді ықтасында.

Мың құбылған көңіл түзде,

Шарасызбын нық басуға.

 

Шөбін жейді сәдөктегі,

Торы бие, торы құлын.

Жалған дүние. Бәрі өтпелі,

Жөн емес-ау торығуым.

 

Бесін ауып, екінді еніп,

Сары түсте атырап бар.

Менің жаным секілденіп,

Қалтырайды жапырақтар.

 

МАХАМБЕТПЕН СЫРЛАСУ

Алысып ішмерезбен, ішмезермен,

Қас дұшпанның жанары сұсты ежелден.

Қылышынан қан тамған заман ғой ол,

Тамағыңа шернеуін тұс кезенген.

 

Елдігіңді кім сенің талғап тұрад(ы),

Мойыныңды жұлмақшы алдап-бұрап.

Бұқараға құл қамыт кигізбейм(ін) деп,

Құс жастыққа тимепті жарғақ құлақ.

 

Бөрі етектен алғанда, жау жағадан,

Басыңды ұрдың тасқа да, тауға да әмән.

Жоғын жоқтап жүргенде аз халықтың,

Өр басыңды өз жұртың саудалаған.

 

Заманың заман болды-ау, қылыш-Құдай,

Жау айласын асырған жымысқы ұдай.

Мұқым елдің мұң-зарын айту үшін,

Жазылмаған маңдайға тыныштық -ай

Қайран Махамбет!

 

ҚАЙРАН, АУЫЛ!

Төскейінде мыңғырған малы да жоқ,

Көктемеде көгерген бағы да жоқ,

Заулап барар теп-тегіс жолы да жоқ,

Қауқылдасып отырар шалы да жоқ,

Ауыл құрып барады, ауыл құрып.

 

Әжелердің құрт толы сандығы жоқ,

Аналардың басында жаулығы жоқ,

Әкелердің баяғы нарлығы жоқ,

Ауыл құрып барады, ауыл құрып.

 

Орманыңда ұлыған бөрі де жоқ,

Жасыл құрақ, шүйгінді шөбі де жоқ,

Аққу қонар айдынды көлі де жоқ,

Ауыл құрып барады, ауыл құрып.

 

Ауыл құрып барады, қарағым-ай,

(Запыранын төгеді заман ұдай.)

Шарасыз шарасына жас іркіген,

Қайран менің көңілшек жанарым-ай!..

 

 

ҰМЫТТЫРЫП БАРАДЫ КҮЗ ДЕ СЕНІ

Күз де сені барады ұмыттырып,

Қош айтыстым мен іштей тынып тұрып.

Бозбала едім желіккен желсіз түнде,

Боз далада боз айғыр күлік мініп.

 

Естіледі іргемнен іңір әні,

Жанды елітіп ырғағы  құбылады.

Қалтырайды бейкүнә жапырақтар

(Жазира жазым қайда шұғылалы?!)

 

Орал таудың басынан көшеді бұлт,

Боз інген боздады аспан кеше егіліп.

Біз екеуміз кетіп ек хат алыспай,

Білте шамдай кеудемнен өшеді үміт.

 

Жанарымнан жалғанды таса қылмай,

Қадамымды бажайлап басамын жәй.

Құлазып отырамын оңашада,

Қазымыр шалға айттырған жас арудай.

 

ҚҰШТАРЛЫҚ

Ұшып кетейін бе туған жеріме,

Көшіне ілесіп құстардың.

Қара ағашына, думан көліне,

О, неге сонша құштармын?

 

Құштармын неге қырат, бөктерге,

Жалаң төсін күн қақтаған.

Көктемде сонау құлап көк белге,

Бабамның жырын жаттағам.

 

Торы төбел құнан жүйіткейді қырда,

Сауырына қамшы салғызбай.

Бетіңнен сүйген шомылсаң нұрға,

Тұрады қалай қан қызбай?

 

Күйбең де күйбең тіршілігі көп,

Күні құрысын қалаңның.

Өскім келеді дүр шыбығы боп,

Мейіріміне қанып даламның.

 

Мен ұшып барам көкке қараңдар,

Желқабыз ақын қиялы.

Кең жерде туып өскен адамдар,

Тар жерге қалай сыяды.

 

ІҢІРДЕ

Ібілістер көшкен шақта – іңірде,

Аят оқып отырамын күбірлеп.

Отырамын кеудемді зіл мұң басып,

Күлік ойлар құлдыраңдап қырға асып.

 

Ертеңді ойлап, үңілемін өткенге,

Өскен ұл ем құба жонда, көк белде.

Оңашада түседі еске Махамбет,

Басы кеткен «қабырғалы ел, Отан!» деп.

 

Басы кетті…  Бас ауыртып ел, не қылсын,

(Мен де басты ауыртпайын, о, құрсын!)

Кешір баба! Біздің- Отан, біздің жұрт,

Қаныңды ылғи қайнатады қыз-қыз ғып.

 

(Біздің Отан! Шибөрілер апаны,

Біздің Отан! Шибөрілер Отаны.)

Айласы көп, азғыра алмас Түлен де,

Не бір теңеу жарасады бұл елге.

Не дейін? Қайырлы болсын біздерге,

Сізден бір қалған есіл жұрт.

 

АҚЫНДЫҚ

Ақындық, сенің қайтейін бұлдап атыңды,

Өлермін мен де белдеуге тұлдап атымды.

Жарқанат менің жырларым жаһанды кезіп,

Қанатыңменен кескілеп тіл қара түнді.

 

Үнімді жеткіз Атырау, Алатауға да,

Алтайға, Арқа, Сырға да, Қаратауға да.

Тостағанынан тағдырдың мұңымды ішейін,

Шемен жүрегім қан емес…Нала саулаған.

 

Сәйгүлік ғұмыр қамшылап сауырдан әмән,

Жауыңнан есен, жүрміз ғой дауыңнан-аман.

Шайырмын десем, шалқайып мойындар ма екен,

Ноқтаға басы сыймаған Бауыржан ағам?!

 

Жұтады залым жалғанның араны кімді,

(Қадырқұл саған қалдырдым балалығымды).

Қара шаңырақта отырмын қара жамылып,

Қадырдан қалған қадірлеп қаралы жырды.

 

 

КҮРСІНБЕШІ

Ол күрсінсе, күрсінеді қара аспан,

Таулардың да күрсінеді сілемі.

Жапырақтар үзіліп кеп ағаштан,

Қара жерді төсеніш қылып түнеді.

 

Ол күрсінсе, күрсінеді құрлықтар,

Буырқанып дөңбекшиді көк теңіз.

Ол жыласа, жанынан көп мұңлықтар,

Бір сұрапыл жыр оқымай өтпеңіз.

 

Ол күрсінсе, күрсінеді жұлдыздар,

Тас төбемде жанатұғын түн маздап.

Айдан сұлу, айпара аппақ бір қыз бар,

Тағдыр оның маңдайына мұң жазбақ.

 

Ол күрсінсе, күллі ғалам күрсінер,

Соқтығысып көкте бұлттар жосылып.

Ақын жаны бәрін көріп түршігер,

Ал кейіннен бірге жылар қосылып.

Күрсінбеші…

Абылайхан МАҚСОТОВ,

ақын

БАЗАРТӨБЕ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар