23.11.2020, 10:14
Қараулар: 249
Жұлдызшы Мұсағалиді біле ме ел?!

Жұлдызшы Мұсағалиді біле ме ел?!

 Нарын құмын жайлаған Балықбайұлы Оразбек мешіттен арабша сауатын ашып, Жәңгірхан мектебін бітіріп, хан сарайында писарь болған өз заманының көреген азаматтарының бірі еді. Бүгінгі мақаламыз бұл бабамыз жөнінде емес, атағы еліміздің батыс өңіріне тараған ұлы Мұсағали туралы болмақ. Ол әкеден көрген тәрбиесін, үлкендерден алған тәлімін өміріне арқау еткен саңлақ ұлдардың бірі. Оқырман менен бұрын есімін естіп көрсеген бұл азамат несімен танылды деуі әбден мүмкін. Гәп мынада: ол үнемі түн жортып, бағытын аспандағы жұлдыздармен бағыштап, қараңғы түнде адаспайтын, жыл он екі айдың әр күнін алдын ала болжайтын жұлдызшы атанған. Бүгінде мұндай өнер жоқтың қасы. Атын айдан асырамын деп тырысқан әлдебір  пысықайлар қаншама болжам жасап, сәуегейлік етсе де, дәл осы Мұсағалиға жетер ешкім жоқ екені кәміл.

Сол Мұсағали 1905 жылы небары 19 жасында қатты сырқатқа ұшырап, науқастанғаны соншалық, құр сүйегі қалыпты. Мұны  Тайпақ өңірінің Балықбай мекенінде тұратын немере ағасы Берікқали Дүйсенұлы естіп, бауырын қиындықта тастай алмапты. Қамқорлықты айтсаңызшы, ауру інісін шілденің шіліңгірінде арбаға екі қатармен көлеңке (пәуеске) жасап, үлкен қапқа тары салып, жасалған төсенішке жатқызып, күндіз демалып, түнде ғана жүріп, бір жұма дегенде Балықбайға жеткізіпті. Жас бағыланның сорпасы, құйрығы мен  жылқының қымызы, түйенің шұбатын ішкізіп, киік отыменен емдеп, ай жарым дегенде Мұсағалидің беті бері қарапты деседі. Бауырдың мейірімі мен ілтипатының арқасында сырқатынан құлан таза жазып, қатарға қосылады.

1921 жылғы ашаршылықта Мусағали бастаған үш жігіт Нарын құмын мекендеген 12 жанұяны аш өлімнен аман сақтап қалыпты деседі. Сол кезде олар қар астынан құмаршықты ашып алып, үйіне әкеліп, алашаға салып кептіріп, елге таратыпты. Кейін 30 жылдардағы ел жаппай сүзекпен ауырғанда, немере қарындасы, менің анам Бәтиманы қамқорлығына алып, бар емін жасап, аман алып қалады. Мұсекеңнің және бір ерекшелігі – бала күнінен ат құлағында ойнап, аламан бәйгілерде талай жүлде алып, шабандоз атаныпты. Бесті асауларды далада жылқы ішінен құрықтап ұстап, жүгенсіз жайдақ мініп, әбден шаршатып, қайтарда қолына ұстаған қылдан есілген тұсауымен еріндіктеп, жуасытады екен. Асау үйрету керек болса, ағайынның бәрі Мұсағалиді іздеп, сабылатын.

Жастау кезім, әкем шопан – жаз жайлауда отырған күндер, шағын ғана қосымыз бар. Бірнеше рет түн ортасында ұзын бойлы, сол кезде 60-тардың шамасындағы ақсақал «Ассалаумағалейкум» деп кіріп тұратын. Қас қарайып қалса да, әкем мен анам құрақ ұшып, орындарынан тұрып, «Ағекем келіп қалды» деп шәй әзірлеп, қазан көтеретін. Мейманға содан артық көңілдің қажеті де жоқ, шөлін қандырып, батасын беріп, қайта аттанып кететін. Баламыз ғой, бізге бәрі қызық, қонағымыз кеткен соң анамнан бейсауат жүрген бұл кісінің кім, үнемі түнде жүретіні неліктен екенін сұрайтынмын. Анам асықпай, тәптіштеп, оның өмірін, басынан кешкен хикаяларын ертегідей айтып беретін. Сондағы ұққаным, бұл кісі шешемнің бек құрметтейтін немере ағасы екен, Жамбыл колхозында малшы. Түнделетіп жүріп, Жайық бойындағы қалаларға таң ата барады. Өзіне қажет астық, шәй-пұлын алып, келесі түнде ауылына қайтатын көрінеді. «Үнемі түнде жүретінінің сыры – қоңыр салқынмен жүріп, атына да, өзіне де салмақ салмайын дегені ғой», – деп сөзін тәмәмдайтын анам сонда.

Тірі кезінде аты аңызға айналған Мұсекеңнің 4 ұлы, 1 қызы болды. Үлкен ұлы соғыстан оралмаған. Енді бір ұлы Сапарғали Тайпақ ауылындағы обаға қарсы күрес мекемесінде ұзақ жылдар жасап, зейнеткерлікке шықты. Мұсекеңнің өзі оқушы кезінде қайтыс болған Егізбай баласымен Жайықтың оң бетіндегі Томпақ ауылының қауымында жатыр. Қайырылымдығымен халық құрметіне және ағайынға өте сыйлы болған жан еді.

Сол кісінің 1938 жылы туған кенже ұлы Кенжебаймен жұмыстас болдым. Нағашы, жиен, жолдас болған жайымыз бар, етене араластық. Кенжебай әкесіне тартқан ұзын бойлы, келісті, қайратты жігіт болғанын ел біледі. 1964 жыл – қоянның қысы: Краснояр кеңшарының директоры Қасен Жақауұлы Қоспаев механизаторларды көмекке қыстақтарға жібереді. Ішінде Кенжебай бар 4 жігіт «Сұйырмақ» қыстағына тап болыпты. Күн суық, ұйытқыған бір тоқтамайтын боран, малға шөп әкеліп берудің өзі үлкен салмақ. Ол кезде іскірт қыстақтан 4-5 шақырым жерге үйілетін. Боран басылып, ашылған бір күні Кенжебай бастаған 4 жігіт трактор тіркемесімен іскіртке барып, әуелі айналасындағы қарды аршып, шанаға шөпті орталай тиеген шақта, алай-дүлей боран тұрыпты. Тиылар деп кешке дейін күткенмен жарықтықтың тоқтар түрі жоқ. Айтып айтпай не керек, атандай үш күн тұрған боранда жігіттер трактордың жанармайынан шырақ жағып, жылыныпты. Ол да қайбір көпке жетсін, әбден таусылған шағында боран да басылады. Айнала тегіс қар жамылған, ауыл ап-анық көрініп тұр. Содан 4 жігіт трактор кабинасынан түсіп, ауылға қарай бет алады. Үш тәулік бойы нәр татпаған аш жандар, ілбіп әрең келе жатыр. Олардың екеуі азербайжан, біреуі орыс. Бір шақырымдай жүргеннен кейін, дәу әзербайжан жігіті құлап түсіпті. Кенжебай үстіндегі күртесін төсеп, әлгі жігітті жарты шақырымдай сүйрейді. Қасындағылардан көмек жоқ. Өздері әрең жүріп келе жатыр. Ауылға жеткізе алмасын біліп, оны қалың қарға көміп, басына белгі қойып, ілгері жылжиды. Біраздан соң екінші азербайжан жігіті, одан кейін орыс жігіті құлап түседі. Кенжақаң оларды да қалың қарға көміп, басына белгі қойып, ауылға қарай жүре беріпті. Ауыл мұрынның ұшында тұрғандай болғанымен, жеткізер емес, ілгері басқан аяғы кейін кететіндей ілбіп келеді. Бар ойы қыстаққа жету керек, жетпесе артында қалған үш жігіттің обалына қалатыны сөзсіз. Өзінің де айдалада қалып, ит-құсқа жем болатынын да ойлап қояды. Қанша уақыт жүргені белгісіз, арып-ашып қыстаққа да жетеді. Бет-ауызы қара күйе, тек екі көзі жылтырайды. Кірген бойда үй иесіне «Жігіттер ана жақта қалды» деп барып, сұлық құлап түседі. Бас шопан ат шанамен Кенжебайдың сайрап жатқан ізімен жүріп, белгісін көріп 3 жігітті де тауып, шанасына салып алып келіпті. Бәрі де дін аман, ал Кенжебай сол жатқаннан екінші тәулікте ғана есін жинап, болған істі басынан аяқ айтып береді. Кейін ауыл адамдары Кенжақа «Үлкен ерлік жасапсыз ғой», – дегенде, жай күліп қана: «Оның несі ерлік, менің орнымда болған қай адам да осылай істер еді. Мен оны ешқандай ерлікке санамаймын», – деп жауап қатады екен.

Содан кейін ол ұзақ жылдар Тайпақ кәсіптік мектебінде аға шебер болып жемісті еңбек етті. Ауданға қажетті малшы-механизаторлар даярлауда үлкен еңбек сіңірді. Тәжірибесі мол, қайырымды, іскер, жан-жақты шеберлігімен есте қалды. Әттең сол бір жаны жайсаң, халқына қалаулы, еліне елеулі тұлға болған азамат ғұмырының бел ортасында, ердің жасы елуден аз-ақ асқан шағында өмірден озды.  Артында елге сыйлы, үздік ұстаз атанған адал жары Сара, қызы мен ұлдары қалды. Оларға Кенжақаңның абыройын бергей. Сөйтіп Мұсағали ұрпағы заманымен жалғасып, өмір сүруде.

Тұтас бір әулеттің хикаясын қағаз бетіне түсіруге себеп те жоқ емес. Мына заман – қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман. Не киемін, не ішемін деп қиналып жатқан жан жоқ. Осы жақсылықтын бәрі – тәу етер Тәуелсіздігіміздің арқасы. «Семіздікті қой көтереді» деген бар, баршылықтан жоқты ескермейтін де жандар кездеседі арамызда. Ол былай тұрсын, кейбір адамдардың пейілі тарылып, адамгершілігі, қайырымы азайып бара жатқандай сезінеді. Қаншама нәубетті басынан өткеріп, қиыншылықтарды көрсе де, бұрынғылардың пейілдері кең еді ғой, шіркін. Жүректері жомарт, жетімі мен жесірін қаңғытпай, қарттарын қазынам деп сыйлайтын. Жастары намысты, рухы биік болатын. Айналасындағылардан ештеңе аямайтын, қолындағысын бөле-жарып, жоқ-жітікті жарылқайтын осындай жандардың үлгісін жадымыздан өшірмей, жас ұрпаққа ұлағат етсек қана, ұлтымызға тән дархандығымыз да қайта жаңғырмақ.

Әленғали Керейтегі,

зейнеткер

Орал қаласы.