23.11.2020, 10:16
Қараулар: 101
Жеңістің жарқын сәулесі

Жеңістің жарқын сәулесі

Біздің әулет Хайруллиндер әулеті. Біз тұратын үй – әулетіміздің қарашаңырағы, яғни әулетіміздің негізін қалаған атам мен әжемнің үйі, бөлек отау боп кеткен аға-апаларымның үлкен сағынышпен оралатын қадірлі, қасиетті орыны. Ата-әжемді баптап, мәңгілік сапарға аттандырған менің әкем осы шаңырақтың сүткенжесі. Анашым ата-енесінің ақ батасын алып, мейіріміне бөленген жан. Менің алдымда ағаларым бар. Ағаларым үйдің бүкіл шаруасын тындырады, себебі әкем ұлдарын  ер азамат атқаратын жұмыстарға бейімдеп тастаған. Қарындасым Назерке  алтыншы сыныпта, мен тоғызыншы сыныпта оқимыз.

Атам Жайлыбай беріректе дүниеден озды. Әкемнің апасы Гүлсара атамызды әрдайым ыстық ықыласпен еске алады: «Соғысты фашистер КСРО-ның батыс шекарасына басып кіріп бастады. Германия елімізге негізінен үш бағытта шабуыл жасап, шамамен 8-10 апта ішінде соғысты аяқтау керек деп жоспарлаған екен. Жау күштері басым еді, бірақ біздің отандастарымыздың батылдығы, батырлығы, жанкешті ерлігінің арқасында бейбіт күннің таңы атты»,-деп еске алады екен, жарықтық. Соғыс туралы суық хабар алыстағы ауылға жеткенде, атамыз Жайлыбайдың жасы он бірде екендігін айтты. Олар Сұлтан елді мекенінде тұрыпты. Мал шаруашылығында  көмекші шопан болып, еңбекке ерте араласқан екен. Соғыс уақытында үйде қалған əжелеріміз, апаларымыз жылы киімдер, шұлықтар, қолғаптар тоқып жіберіп отырған дей бергенде, Назерке қарындасым: «Әке, былтыр Базаршоланға барғанда, ескерткіште кімнің есімі жазулы тұр деп едіңіз?-деп сұрады. Әкем болса, «Әнуар, сен бұл туралы білесің ғой, қарындасыңа айта қойшы» — деп, сауалды маған жолдады.

– Иә, әке, былтыр көрші  Базаршолан ауылының ескерткіш тақтасында  қан майданға аттанып, із-түссіз хабарсыз кеткен әжемнің әкесі Әбіт соғысқа аттанғандар тізімінде тұр, ол сенің үлкен нағашы атаң деп едіңіз.

Даңқты бабасы туралы көбірек білгісі келген Назерке одан әрі қазбалап жатыр: «Нағашы әжем әкесі соғысқа кеткенде нешеде болған?».

Бұл сұраққа Гүлсара апам жауап беріп, әжесінің ол кезде өте кішкентай, жасы сол кезде небары бесте болғанын айтты. Әрі қарай әкем мен апамыз бейбіт күнді жақындатуға үлес қосқан ата-ажелерінің өмірінен естеліктерімен, естіген әңгімелерімен бөлісті. Өткенсіз бүгін жоқ. Атамыздың тылға қатысып еңбек еткенін, солардың жанымен, қанымен, ерлігімен туған жердің топырағын жауға таптатпай, азаттық ақ таңын атқанын мен мақтан етемін.  Біз – батырдың ұрпағымыз. Əр қазақтың баласы аталарының  қаһармандығын, еңбегін ұмытпай, қазақтың тілін, жерін қастерлеу керек екенін əкеміз үнемі есімізге салып, айтып отырады.

Біз де аталарымыздың рухын құрметтеп, Отанымызға сүйіспеншілікпен қарап, еліміздің əрі қарай дамуына өз үлесімізді қосуымыз керек деп білемін. Елім деп, жерім деп қан майданда келер ұрпақтың баққытты өмір сүру жолында жанын қиған аталарымыздың ұрпақтары болғанымызға мақтануымыз керек. Ұлы Отан соғысы аяқталған сәттегі жеңістің бағасын бағамдап, салмағын саралап жүретін болсақ, ата-бабамыздың алдында бүгінгі қой үстінде бозторғай ұялаған заман үшін мәңгі қарыздар екенімізді ұғынамыз. Қазіргі таңда азат елміз, тәуелсіз мемлекетпіз, өз Отанымыз бар. Әрдайым еліміз аман болсын, жамандық жуымасын дегім келеді.

ӘнуарТасбай

Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің 9сынып оқушысы

ТАЙПАҚ