23.11.2020, 10:17
Қараулар: 86
Апамның алды ақжайлау

Апамның алды ақжайлау

Алғабас ауылында дана, ақылды, тағдырдың бар салмағын қайыспай көтеріп, әр сынақтан сүрінбей өткен Ақсұлу Байғалиева апамызды ауыл халқы мақтан тұтады. Балаларына ақыл-кеңесін аямайтын, қай адамға болса да қол ұшын созуға даяр жан туралы қалың оқырман оқып, танып білсін деген мақсатта асыл мінезді апамыз туралы қолыма қалам алдым.

Әрине, ауылдастарының алдында Ақсұлу апаның мерейі жоғары. Екеуміз бір ауылда өсіп-өнеген жандармыз, оның өмірін бес саусағымдай білемін. Бұл кісінің анасы дүниеден ерте өтіп,  бұрымды жас қыз анасының орнын жоқтатпай, қарашаңырақты ұстап қалды. Сабағын да оқып үлгеріп, әкесі Халимолла ағай мен бауырларына қарайласып, өмірдің ащы мен тұщы дәмін көріп, қиындыққа қайыспады. Бойжеткеннің сол кездегі еңбекқорлығын көршілері, туған-туыстары мақтап айтып отырғанын талай естігенмін. Әкесін балаша бағып-күтті. Екі ағасы, үш інісін оқытып-тоқытып, білім алуына барлық жағдайды жасаған оның мейірімі мен шапағаты көп жанға үлгі болардай. Бауырлары да өсіп, өніп жанұя құрды. Ал Ақсұлу апа болса, ең кіші інісі аяқтанғаннан соң барып, тұрмыс құрды., Інісі Нәсіппен  бірге оқыдық. Арамыз небары бір-екі жас болса да, бүкіл үйелменге тірек болып отырған аяулы жанға «сен» деп айтуға ауыз бармапты. Қашан көрсең де, жайраңдап, қарсы алатын оны «Апа» деп құрметтеп келемін.

Тағдырдың жазуы шығар,  Ақсұлу апа алғашқы жолдасымен аз уақыт қана отасты. Соңынан Сәлімгерей ағамен бас қосты. Сәлімгерей жездеміздің жары аты жаман аурудан қайтыс болыпты. Қолында кіп-кішкентай үш ұл баласы бар. Олардың алды бес жаста, соңы бір жарым жаста. Аналарынан айырылған титімдей үш сәбиге Ақсұлу аналық сезімін көрсетіп,  қамқор болып, өз балаларындай көріп кетті.

«Әйел қырық шырақты» дегендей, ананың да, балаларының да  арасында махаббат пен мейірімділікке толы ұлы сезім қалыптасты. Маңдайына жазылғаны сол, үш балаға ана болу бақыты бұйырған ғой. Қазір үш ұлы үйлі-баранды, алды қырықтың үстіне шыққан апталдай азаматтар. Сәлімгерей аға болса, Алланың бұйрығымен о дүниеге аттанды. Немере қызығына тоймай, тәтті қылықтарына сүйсініп отырған Ақсұлу апаның қазіргі таңда үш ұлдан тараған 9 немересі бар. Үш келінді қолына алып, бір шаңырақ астында ың –шыңсыз  тату-тәтті өмір сүріп жатырған үлгілі отбасының бірі.

Үш ұлы Салауат, Руслан, Нұрболат аналарының көңіліне қаяу түсірмей, әлпештеп, сыйлап, қамқорлық танытып келеді.

Ақсұлу апа өсек-аян, көре алмаушылық, біреуді жамандау сынды нашар қасиеттерден аулақ жан. Әлі күнге дейін қонақтық- жиындарда жастарға ақыл айтып, үлгі-өнеге көрсетіп отырады. Тіпті шақырған жерге кей кездері уақытында келіп үлгермейтін. Себебін сұрасақ, «немерелеріме тамақ беріп жатырмын» деп әзілдеп жауап береді сәл ғана жымиып. Расымен, бұрынғы кезде ауыл арасында не көп, қонақтық көп болатын. Біреу садақа, біреу соғымға шақырады ғой. Үлкендер шақырған жерден қалмауға тырысса, апамыз балаларының қамын ойлап, үй-жайды қараусыз қалдыра алмайтын. Осы бір қасиеті үшін де апамды қатты құрметтеймін.

Бірақ сол қонақтықтарда апамыздың орны бір төбе. Көрші-көлем, ағайын-тума, күллі ауылдас апаның сөзі аз, ойы мол  әңгімесіне ұйып жатады. Өмірден түйгенін мақал-мәтелмен әрлеп, бұрынғы үлкендерден үйренгенін баяндап отырады. Сөзінің жаны мен дәмі еңбекке, еңбекқорлыққа барып тіреліп жатады.

Ұлдары мен келіндерін, немерелерін бірінен бірін артық санамай, тең көруі де ғибратты-ақ. Жұртымыздың салтын, дәстүрін дәріптеп, бүгінде немерелерінің құлағына құйып жүр. Орынды жерінде келіндерді мақтап, еркелететіні  халық педагогикасынан тоқығаны емес пе.

Алды ақжайлау Ақсұлу апаға жарық дүниедегі бүкіл жақсылықты тілеймін. Оның маңайына, менің өзіме өнегелі әрбір әңгімесі бір зор қуат.

 Мүбина СЕРІКҚЫЗЫ

АЛҒАБАС