23.11.2020, 10:21
Қараулар: 95
Қоржын толы жүлде

Қоржын толы жүлде

Аудан, облыс, республика, тіпті халықаралық деңгейде қашықтан ұйымдастырылып жатқан сайыс-байқаулар  ақжайықтық өрендерге аз олжа салған жоқ.

Осы айдың өзінде тоғызқұмалақ пен бес асық ойындарынан ауданымыздың балғын спортшылары жақсы жетістіктерге қол жеткізіп, ауыл-елдің мерейін асырды. Айталық, тоғызқұмалақтан мектеп лигасының қашықтықтан өткізілген облыстық онлайн жеке жарыста  5-11 сынып оқушылары арасында Алтынай Амирова (М.Әуезов атындағы ОМ) жеңімпаз атанса, Дияс Кенеев (М.Әуезов атындағы ОМ) 2 орынды иеленді. Осы мектептің оқушылары Томирис Мир,  Әлихан Ғиният, Таңшолпан Жолдаева 3 орында.

Бес асық ұлттық ойынынан мектеп лигасының қашықтықтан өткізілген онлайн жарыстың облыстық кезеңінде 9-11 сынып арасында ауданымыздың намысын қорғаған М.Әуезов ат. ОМ, Абай ат. мектеп-гимназия, Кеңсуат НМ командалары 3 орынға табан тіресе, 5-8 сынып арасында М.Әуезов ат. ОМ ұл-қыздары жеңістің екінші сатысына көтерілді. Жекелей текетірестерде Ақбота Нұрмұхамбетова мен Гүлнұр Мақтауғалиева (жетекшілері Қуаныш Телағысов) екінші орынды иеленді. Күні кеше облыстық деңгейде ұйымдастырылған бес асықтан жекелей онлайн жарыста Дина Бекмағамбетова жаттықтырған Ақбота Нұрмұхамбетова мен Ділназ Бақтығали 2 орынға ие болды.

Әсия ШЫРАЙ