6.01.2016, 18:04
Қараулар: 107
Сент-Луис, 1904 жыл: 1500 құрылыс нысаны тұрғызылды

Сент-Луис, 1904 жыл: 1500 құрылыс нысаны тұрғызылды

ЛоготипУақыт шіркін, зымыран ғой. Әр күн бізді елордамызда өтетін ЭКСПО-2017-ге жақындатып келеді. Еске сала кететін болсақ, 2012 жылдың 22 қарашасында өткен ХКБ-ның 152-ші Бас ассамблеясында жасырын дауыс беру нәтижесінде Қазақстан Республикасының елордасы Астана қаласы осы Халықаралық мамандандырылған көрмені өткізу құрметін жеңіп алған еді. Елбасымыз Нұрсұлан Назарбаевтың ерек еңбегінің, әлемдік ауқымдағы көшбасшылық беделінің арқасында келген бір жеңісіміз болды бұл.
«Астана ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінің басты тақырыбы – «Болашақтың энергиясы» деп белгіленгені көзі қарақты жандардың баршасына мәлім. Бұл жаһанда көптен бері айтылып жүргендей, жылдан-жылға тапшылығы да, басқа да күрмеулері ұлғайып келе жатқан энергетикалық тұтыну проблемасына деген үлкен алаңдаушылықты айқындайтын ауқымды тақырып. Қоршаған ортаға көмірқышқыл газын шығару көлемін азайту, тиімді энергетика жағдайындағы өмір салты үшін Астанадағы бұл көрмеден адамзат зор үміт күтіп отыр.
Желтоқсанның басында, дәстүрлі Индустрия-ландыру күніндегі тікелей телекөпір барысында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Ерейментаудағы бірінші жел электр стансасын іске қосты. Міне, «жасыл технологияларға» құтты қадамның бірі осы болып отыр.
Аумағы 60 гектарлық алып ЖЭС тынымсыз жұмыс үстінде. Мұнда Германияның «Fuhrlander Wind Technology» фирмасының әрқайсысы 2,05 МВт қуаттағы 22 турбинасы орнатылған. Құрылыс алаңына мұнаралар мен қалақшалардың 12 топтамасы жеткізіліп, 19 жел қондырғысы тұрғызылды. Барлық 22 технологиялық алаң жұмысын толық атқаруда. Сондай-ақ, қосымша жабдықтары қарастырылған 63000 кВА қуат трансформаторы орнатылды.
Жел электр станциясына жұмсалған шығын 8 жылда өзін ақтайды деп күтілуде. Дәл бүгінгі күні «Бірінші жел электр стансасы» ЖШС алғашқы мезеттегі 45 МВт қуаттағы жобасын толық қамтамасыз етіп отыр. Келешекте ғажап нысанның өнімі 300 МВт-ға жеткізілмек.
Сөйтіп, «Болашақтың энергиясы» ұранын көтерген «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі Ерейментау ЖЭС өндірілген электр қуатын пайдаланатындығы мынау тарлан тарихымыздағы бір зор қуанышымыз!
Елордадағы көрме 2017 жылдың 10 маусымында басталып, 10 қыркүйегіне дейін жалғасады деп жоспарлануда. Көрмеге 100 мемлекеттің өкілдері қатысады деп күтілуде. Қазіргі күнге дейін әлемнің 50-ден астам мемлекеті және 11 халықаралық ұйымы «Астана ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысатындығын растады.
«Жайық таңы» ЭКСПО шежіресінен БАҚ материалдары негізінде жарияланымдар беруді жалғастырады.
Бүгінгі кезек – Сент-Луис, 1904 жыл.

Бұл айтулы шара 1904 жылдың мамырында ашылып, 1 желтоқсанына дейін өткізілді.
Соның алдында Франциядан Луизиана штатын сатып алу АҚШ тарихындағы аса үлкен сауда-саттық оқиғасы болды. Міне, осы тарихи оқиға құрметіне арналған көрме өткізу шарасы да өте үлкен ауқымда жоспарланды. Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесін өткізу шараларын ұйымдастыруға Луизиана штатын сатып алу құнымен пара-пар – 15 миллион доллар қаржы жұмсалды.
Тек ауыл шаруашылығы павильонының өзі ғана 324 мың шаршы метр аумақты алып жатты. Көрме қалашығында барлығы 1500 құрылыс нысаны тұрғызылды. Негізгі павильондардың өзін сырттай аралап шығудың өзі туристер үшін аптаға жуық уақытты қажет ететін еді. Берік құрылыс материалдарынан тұрғызылған ғимараттар да аз болған жоқ. Мәселен, осындай екі ғимаратта әлі күнге дейін көркемөнер және тарихи мұражайлар орналасқан.
Осы көрме шеңберінде 1904 жылғы жазғы Олимпиадалық ойындарды да өткізу туралы шешім қабылданды. 1900 жылы Париждегі ІІ жазғы Олимпиадалық ойындардан кейін Халықаралық Олимпиадалық комитет төрағасы Пьер де Кубертен Грекия мен Франциядан кейін келесі Жазғы ойындарды АҚШ-та өткізу туралы ұсыныс жасады. Жазғы Олимпиадалық ойындарды өткізу бәсекесіне бес қала: Буффало, Нью-Йорк, Сент-Луис, Филадельфия және Чикаго қалалары түсті. 1903 жылы 10 ақпанда Кубертен ІІІ жазғы Олимпиадалық ойындардың Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесі шеңберінде 1904 жылы Сент-Луис қаласында өткізілетінін жариялады.
Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесі шежіресінде көптеген қызық кездесетінін айтып жату артық шығар. Мәселен, 1893 жылы Колумбтың Америка құрлығын ашқанына 400 жыл толуы құрметіне Чикаго қаласында өткізілген ЭКСПО-ны ұйымдастырушылар Эйфель мұнарасынан асатын «керемет» ойлап тапқысы келді. Осы мақсатпен инженер Джордж Феррис дүние жүзіндегі алғашқы «сайтан доңғалағын» ойлап тауып, құрастырып, шығарды. Оның биіктігі 80 метрге жетті. Осы «сайтан доңғалақ» 1904 жылы көрме өткізілетін Сент-Луис қаласына көшірілді. Әрине, бұл «сайтан доңғалақ» Эйфель мұнарасынан асып түсе алмағанымен, соңынан әлемнің барлық ірі қалаларындағы демалыс паркіндегі көңіл көтеретін негізгі қондырғыға айналды. Кейіннен адамзаттың игілігіне айналған мұндай өнертапқыштық жаңалықтан Сент-Луис көрмесі де құр алақан қалған жоқ. Осы көрме кезінде балмұздақ сататын 50-ден астам сауда нүктесі алғаш рет балмұздақтарды вафельді стақандарға салып сату тәсілін қолданды.
Туристерді қызықтырудың небір амалдары жасалды. Арнайы жасалған үлкен сахнадан әлемдегі ең үлкен органнан концерт берілді. Жеті ай бойы төрткүл дүниеден келген қонақтарды таңдандыратын нәрсе аз болған жоқ.

Дайындаған Айдын НҰРБЕРГЕН.