21.01.2016, 17:12
Қараулар: 117
Тарихтың күмбірі бар көненің бәрінде

Тарихтың күмбірі бар көненің бәрінде

IMG_0840Ежелден жұртымыз өзінің баһадүрлері, олардың жауынгерлік жорық-тары, ақын-жыраулардың отты жырлары, әулие-әмбилердің қайырлы істері жайында өздерінен кейінгілерге ауызекі деректер, аңыз-әңгімелер қалдырып отырған. Біздің аймағымыздан да оның мысалын жүздеп табуға болады. Дүниеден озған көрнекті тұлғалардың басын ерекше қарайтып, олардың мәңгілік мекенін айшықтап, ажарландырғаны да өз алдына үлкен тақырып болып табылады.

Дерек-дәйектерді тілге тиек етейік. Жайықтың сол жағалауындағы Қосбармақ елдімекені маңындағы Жанайдар, Ақайдар (Қарақырқа, Жылқыайдар) күмбезді кесенелерін халық батырлардың рухына бағыштап тұрғызған.
Қара-оба күмбезді мазарлары Сайқұдық ауылының Еламан бетінде орналасқан. Қалқаман Тана батырларының рухына арнап көтерілген. Таймас күмбезді мазарларын атақты Тайлан батырдың ержүрек немерелерінің аруағына арнап салынған үш күмбезді құрылыс. Бүгінде соның екеуі толық құлаған, үшіншісі құлағалы тұр. Биіктігі 6 метр, Қабырғасының қалыңдығы 0,9 метр. Осы жердегі бір құлпытастағы жазуды аударып оқысақ: «Таймас немересі Әсет баласы Мыңжасар офат болды, 73 жасында, 1877 жылы, Өтеке мырза».
Белгілі өлкетанушы, еңбек ардагері Әленғали Кереевтен өлкеміздегі кезінде ерекше көтерілген зират, бейіттерге қатысты біраз дерекке қанығуға болады. Оның жинаған мәліметтері бойынша, мәселен Жайықтың сол жақ бетінде, Құмқұдық мекеніндегі Қызылмола мазары өз заманында ақылы мен әулиелігін ел мойындаған қазақтың бір хас сұлуының (есімі белгісіз) рухына арнап тұрғызылыпты. Күні бүгін де тұрғылықты халық Қызылмола мазарын сұлулықтың символы, белгісіз арудың бізге жеткен әрі мұңлы, әрі парасатты, өр де өжет бейнесі деп қабылдайды. Ғасырда бір туар осындай әйел заты, ару-ана өмірде болғаны сөзсіз. Әйтпесе, жоқ нәрсеге ешкім ескерткіш қоймас еді. Тек осындай дүниелерді сақтап, ұл-қыздарға ежелгіні қадірлеуді үйретуді айт.
Керік күмбезді мазары Базаршоланнан 80 шақырым жерде орналасқан. Ысықтың ықпалды бір байының сүйікті әйелі болыпты. Дүниеден ерте озған деседі. Базаршоландық Ақнәжім ақсақалдың айтып кеткен әңгімесі бойынша, жұбайын жоқтап бас көтерместен жатып алған ақсүйек азамат сол төңіректегі елдің ақылына құлақ асып, 1916 жылы бейіт басына өңірдегі ең зәулім құрылыс тұрғызады. Арнайы алдырған сазды жылқының сүті мен қылына қосып илеп, кірпіш дайындатады. Құрылыс аяқталғанда дүйім елге хабар салып, ас береді. Ат жалын тартып мінер жастағы Ақнәжім марқұм сондағы ат бәйгесіне қатысқанын үнемі әңгімелеп отырады екен.
Сайын далаға тіл бітсе, шіркін… Ежелгі ескерткіштер қаншама тірліктен, халқымыз тағдырынан хабар береді. Мысал дегенің жетеді. Міне, Бәшен күмбезі. Жыра мекенінен теріскей 4 километр шамасында орналасқан (Базартөбе ауылдық округі). Кесене қирап, топырақ үйіндісіне айналған. Құрылыс жергілікті тұрғындардың айтуына қарағанда, ең зәулімнің бірі болған. Марқұмның өзі туралы дерек әзірге кездеспеді. Өңірдегі ықпалы зор тұлғалардың бірі болған болуы керек. Сол жыра маңында, солтүстік шығысқа қарай 1 километр жерде Орақ әулие мазары бар. Бүгінде толық құлаған. Білетіндер тұсынан бет сипап
өтетін зиярат-қорым санатында. Сол Базартөбе аумағындағы Достан күмбезі саз соқпадан тұрғызылған көлемді кесене болған. Бүгінде төмпешік болып жатыр. Тағы да осы аумақтағы Қарасат күмбезі (жалпы көлемі 70х100 метр шамасында) де құлаған, құлпытасының жерүсті бөлігінің биіктігі 3,5 метр. Осындағы көрнекті екі құлпытас жазулары жерленгендердің Қарасатқа қатысты жандар екенін білдіреді. Мәтіндік ерекшелігі де жоқ емес.
Жаңақұдық мекені маңындағы Сәти батыр кесенесі. Биіктігі 6 метр, аумағы 6х6 метр, Үркен батыр кесенесінің қасынан салынған. Жалпы Үркен-Сәти қауымының (зираттың) алып жатқан аумағы 150-90 метр. Құлпытастардың кейбір бөлшектері жоқ. Осындағы ел ашаршылық жылдары қол диірмен жасауға пайдаланған деген дерек айтылады. Биіктігі әртүрлі, 1,5 – 2,4 метр шамасында. Ою-өрнегі бір-біріне ұқсамайтын сан алуан кескіндермен орындалған. Ру-тайпа таңбалары бірыңғай құлпытастың төменгі бөлігіне қашалған. Сыртқы бетіне ежелгі қыпшақ жауынгерінің қайқы қылышы бейнеленген. Қылыш кескінінің ұзындығы – 50 сантиметр. Көрнекті тасбелгінің біріндегі жазу: «Масқар руы, Жәдік тайпасы, Шектіб… офат 74 жасында, 1845 жылы Тас қойған баласы Қыдыр-мырза».
Жамантай батыр (баба) кесенесі. Жамантай-сегіз Арыс масқарлардың Қадірқұл тайпасының ұрпағы, батыр, беделді тұлға. Мұндағы қорымның жалпы аумағы 300х100 метр шамасында. Төңірегінде 10-нан астам құлпытас (биіктіктері 2,5 метрге дейін) көрінеді. Соның ішінде екі құлпытастағы жазуларда Жамантай бабаға қатысты деректер бар: «… Жамантай баласы, Кенебай әйелі, офат болды 49 жасында, 1859 жылы Тас қойған…», «Масқар руы, Қадірқұл тайпасы, Жамантай әйелі Алданыш офат болды 40 жасында, 1823 жылы Тас қойған Қаракенже баласы Маңырай».
Далбан батыр мазары. Саспан мекенінен 5 километр жерде. Кесене формасы табанынан дөңгелек үлгіде орындалған, диаметрі 4 метр, саман тастан салынған. Құрылыс құлағалы тұр. Қабырғасының қалыңдығы 90 сантиметр. Құлпытасындағы жазу: «Руы ысық, Өте-Бостан бөлімі, Тінәлі ұлы Далбан-ата». Кесене маңында аумағы 30х40 метр болатын ескі қорым бар. Өзге құлпытастардағы жазулар оқылмайды.
Құлпытас демекші, облысымызда жазба деректер кешеніне жататын эпиграфикалық ескерткіштерді зерттеп, хаттауға қатысты соңғы жылдары ауқымды іс қолға алынғаны мәлім. Бұған «Нұр Отан» партиясы облфилиалы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесі, «Жайық Пресс» ЖШС, тарихшылар, өлкетанушылар айрықша белсенділік танытуда. Зерттеулердің алғашқы легінен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халқымыз жақсы хабардар деп білемін. Әрине, құлпытастар мәтіндерін оқи білу көпшіліктің қолынан келе бермейтіні мәлім. Бірақ құлпытас кілтін ашатын мамандар қатары көбеюде. Ауылдарымызда солармен байланыс жасап, дәрістер ұйымдастыру жағын қолға алсақ қайтеді деген ойымызды да ортаға сала кетейік.
Эпиграфикалық ескерткіштердің көлемінің, ою-өрнектерінің сипаттары, құпия-сыры туралы да зерттейтін жайттар аз емес.
Базаршолан ауылдық округі аумағындағы тағы бір көне кесене Шудабай батырдікі болып табылады. Жапан даладағы жалғыз кесене. Ұсақ саз-саманнан өрілген. Ерекшелігі – құрылыстың формасы 4 қырлы, яғни кесене 4 бұрышты. Ені мен ұзыны бірдей және 4 метр. Қабырғасының қалыңдығы 1 метр. Құлпытасының биіктігі 3 метр. Жазуы: «Ысық руы, Шудабай Шоқайұлы 78 жасында офат болды 1842 жылы».
Сарытоғай ауылдық округі жеріндегі күмбезде Мырзакелді батыр екі ұлымен қатар жерленген. Рас, қазір төмпешікке айналған. Батырдың өзі 1790 – 1870 жылдары ғұмыр кешкен. Құрылыс опырылып құлағанда құлпытас топырақ астында қалған.
Сарытоғай ауылдық округі аумағында бұдан өзге Айбас батыр, Өмірәлі батыр, Естібек батыр, Байтөбет батыр, Қармыс батыр, Келбет батыр, Жүсіп батыр, Айтмағанбет батыр кесене-мазарлары бар. Олардың әрқайсысын жан-жақты зерттеп, құлпытасын оқу, сипаттама беру болашақтың ісі.
Жас ұрпақ шалқар дала төсіндегі осындай ескерткіштерді, Алаштың алып тұлғалары туралы біліп жүрсе дейсің. Тарихи жад деген содан басталады. Білімнің көзі деген сол. Сабақтастықтың алтын арқауын үзбей, кешегіні бүгінге жалғау деген, ой байлығы деген сол. Біз жоғарыда атаған дүниенің бәрін, құлпытастарды да, сурет, ою-өрнектерді де қазіргі сапалы фотоаппараттармен түсіріп алып, әр ауылда шежірелесе, құба-құп.

Иә, ел-жұрт дәм-тұзы таусылған ақылман данасын, ел қорғаған айбынды батыр дарасын есте қалдыратын белгі орнатып, топырақ бұйырған жеріне оба, қорған, қорым, күмбез, кесене, мазар түріндегі бақилық мәңгі үйін тұрғызған. Солардың ішінде әсіресе, уақыт тезіне төзіп, жер бетінен өшіп кетпей бүгінге жеткен обалардың, бейіттердің, құлпытастардың тұсына жақын келіп, іргесінде тұрғаныңда, адамзаттың нешебір ойшыл ғұламалары жете түсіндіріп бермек болған Уақыт, Кеңістік ұғымдары ойыңа еріксіз оралады…

Бақтығали ҚОСПАЕВ.

«Жайық таңы».