26.05.2016, 9:30
Қараулар: 8
Жалған ақпаратқа – қатаң жауапкершілік

Жалған ақпаратқа – қатаң жауапкершілік

ЛоготипБіздің қоғамда өмір сүру дағдысы заңмен реттелген. Ал заңнан да заңғар адамгершілік құндылықтар бар, осындай заңдылыққа бағынбаған бей-берекет қоғам ешуақытта гүлденіп, жетістікке жеткен емес. Бұған тарих куә.
Алайда, сол заңдылықтың өзінен «шикілік» тауып, ел-жұртты «алатайдай бүлдіруге» ұмтылып жүргендер де бар. Әлбетте, мұның соңы жақсылыққа апармайды. Заң талаптарын бұрмалап көрсетушілер заңға күйе жаққан күйінде құйтұрқы сөздерімен бірталай аңғал адамның обалына қалары анық.
Атырау облысынан басталып, Ақтөбе, Қызылорда, Алматы өңірлерінде жалғасын тапқан «жер дауының» сипаты – заңдылықты әдейі бұрмалау. Рас, Жер кодексінің кейбір нормаларына байланысты жұртшылықтан орынды мазасыздану бар. Бұл дұрыс, әрине. Сонымен қатар, өкінішке қарай, аталған кодекстің кейбір тармақтарын өздерінше «тарқатқандар» жердің шетелдіктерге сатылатынын айтып, ел-жұрттың дегбірін кетіруге тырысқан оқиғалар болды.
Осыған орай, ҚР Бас прокурорымен жер сату жайлы жалған ақпарат таратқан арандатушылардың заң шеңберінде жазаланатынын және ауылшаруашылық жерлерін шетелдік азаматтардың иелігіне беруге қатысты шыққан әңгімелердің әдейі бұрмаланған жалған ақпарат болып табылатынын басып айтты.
Өйткені, тыныш отырған елді дүрбелеңге салатын мұндай шараны ұйымдастыру – арандатушылықпен бірдей. «Күлтөбенің басында – күнде жиын» өткізген бабаларымыз ұлан-байтақ жерімізді жаудан қорғап қалуды ойласа, әлгіндей жарияланбаған жиындар – заңды белден басушылық, сол заңдылық нормаларды өрескел бұзу. Орны толмас олқылыққа бастап, берекесіздікке жел бергендер де, жұртты дақпыртқа толы жиынға шақырушылар да жазасыз қалмайды.
Басылым беттерінде, ғаламторда жер сатуға қатысты жалған ақпарат беретін жарияланым үшін де жауапкершілік қатаң. Бұл реттегі қолданар заң шарасы баршаға ортақ екенінің тағы бір дәлелі.
Жалғандықтың жалынан ұстаған әккі әрекет әрбірден соң заңсыз митинг пен жиындарға шақырып, жағдайдың тұрақсыздануына итермелейді. Аталған заң нормаларының бұзылуына байланысты әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Бас прокурордың бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде жер мәселесіне байланысты жалған ақпарат берудің қылмыстық жауапкершілікке апаратынын түсіндіруі бекер емес. Демек, «делебесі қозып», демократияны желеу етіп, ел ішін бүлдірген демагог-желөкпелер еліміздің Қылмыстық кодексімен жазаланатын болады.

Ерлан ЖАҢБЫРБАЙ,

Ақжайық аудандық прокурорының орынбасары.