29.09.2016, 10:37
Қараулар: 54
Орал төріндегі жыр кеші

Орал төріндегі жыр кеші

dsc_0353Орал қаласындағы Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында ақын, ұстаз, жұбантанушы Үзілдік Елеубайқызының «Ел деген алтын тұғырым» атты шығармашылық кеші өтті.
Осында мәдениет сала-сының ардагері, белгілі өлкетанушы Жайсаң Ақбай сөз сөйлеп, Ақжайық ауданынан ақын қарындасының өлеңдерінің ерекшелігі мен ақындық бітімін тілге тиек етті. Өнердегі тағы бір ағасы ақын, журналист Ті-лес Жазықбай Өлеңтінің өр мінезді қызының өлеңдерін саралап, мазмұнына үңіліп, әйгілі Жұбан Молдағалиевтің жырларымен үндестік іздеді.
Ақжайық аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Гүлбану Құлмұқанова кеш иесіне аудан әкімі Әділ Жоламановтың Алғысхаты мен естелік сыйлығын табыстады.
Айтыс өнеріндегі үзең-гілесі Дариға Мұштанова Үзілдік Елеубайқызының айтыстағы түйдек-түйдек түйіндері мен тыңнан тапқан теңеу-тіркестері, мәдени мәнері турасында сыр шертті. Оның аудандық мәслихат депутаты болып жүрген кезіндегі қызметі мен еңбегін, ел көкейінде жүр-ген сауалдардың шешімін табуда халықтың көзі мен құлағы бола алғандығы жайында айтып берді.
Достары, сыныптастары атынан ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қатимолла Бер-діғалиев әннен шашу шаш-ты. Кіндік қаны тамған жер – Есенсай ауылдық округі-
нің әкімі Құмар Арыс-танғалиев пен Құрайлысай ауылдық округінің әкімі Асылбек Досқалиев сөз сөйлеп, естелік сыйлықтар табыстады.
Ү.Елеубайқызына өмір жолынан, еңбек жолынан залдан сұрақтар қойылып, әдемі бір әңгіме өрбіді.
Жас айтыскер ақын Бекболат Қаленов апасына жаңа жырын арнады. Белгілі әнші Еркін Өтегенов «Жайықтың толқындары» әнін шырқаса, Инабат Қуанғалиев ақынның сөзіне сазгер Жасталап Қуанғалиев жазған «Саз-сырнай» атты әнін, №47 орта мектептің оқушысы Темір Ерназар «Білімнің ордасы» әнін нақышына келтіріп орындап берді. Жас ақын Әнуар Аманжолов пен Ү.Елеубайқызының шәкірті Асылайым Абат жыр шумақтарын арнаса, кеш иесінің «Біз – ақындар» өлеңін Асыланбек Шығыров айшықтап оқып берді. Облыстық көру қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернаттың 8 сынып оқушысы Дәріс Ырысхан ақынның брайль әдісімен жазылған шағын өлеңдер жинағын апасына тарту етті.
Ұлы Асхат Әбдешов анасының кешіне келген баршаға алғысын айтып, жас өнерпаздарға сыйлық тапсырды.
Кешті Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Бауыржан Халиолла түйіндеп, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының атынан Алғысхат тапсырды.

Арман МҰРАТ.

ОРАЛ.