22.11.2016, 15:13
Қараулар: 762
Естен кетпес ерекше күн

Естен кетпес ерекше күн

%d0%bd%d1%83%d1%80%d0%b5%d0%ba%d0%b5Өңіріміздің шежіресінде елеулі орын алатын, қаншама жыл өтсе де халықтың жадынан өшпейтін мына ерек оқиғаға тура 25 жыл болған екен. Бұл – Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың тәуелсіздігіміздің таңы атар сәтке санаулы күндер қалғанда облысымызға жасаған сапары болатын. Алда – 1991 жылғы 1 желтоқсанда тұңғыш рет Ел Президентінің бүкілхалықтық сайлауы таяп қалған еді.

Сол жылғы қараша айының 11-інде Н.Ә.Назарбаевпен кездесу бұрынғы Чапаев ауданының Аңқаты ауылының тұсында, Самара – Шымкент күрежолының бойында өтті. Осы бір үлкен шараны ұйымдастырудың бел ортасында болу құрметі мен үшін жүрегімнің түкпірінде естен кетпес болып жазылып қалды. Ол кезде халық депутаттары Чапаев аудандық кеңесінде ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып қыз-мет істейтінмін.
Аудандық кеңес төрағасы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты Тілекқабыл Бөлеев мені өзіне шақырып алып, ерекше тапсырма берген-ді. Ол тапсырманың негізгі мақсаты – жүздесу барысында Н.Ә.Назарбаевқа мүмкіндігінше жақындап, оның әрбір айтқан сөзін қағаз бетіне түсіру, аудан үшін орны бөлек аса маңызды оқиғаның әр сәтін қалт жібермеу болатын.
Жадымнан кетпестей, ұмытылмастай болып қалуының бірден-бір себебі – сол кездесуде Нұрсұлтан Әбішұлының да, оны қарсылаған өңір халқының да жүздеріндегі шынайы қуаныш пен шаттық еді.
Қазақы дәстүрге орай, әнмен қарсы алған ана-әжелерге Нұрсұлтан Әбішұлы күлімсіреп, жайдары үнімен «Бұл қай жердің әні?»,-деп сұрады. Ал әжелеріміз барша қазаққа таныс «Қоғалы-ай» әнін әуелеткен болатын. Олар көп мүдірмей «Қайдан білейік, өзімізге ұнаған ән болған соң, барымызды салып жатырмыз ғой»,-деп жауап берді.
Бұл жерде меніңше, қадірлі мейман «Қоғалы-айдың» еліміздің қай өңірінен шыққан ән екенін жақсы біліп, ал орындаушылар соны білетінін-білмейтінін аңғару үшін бір жағынан жеңіл әзілмен әлгі сұрақты қойғаны шығар.
%d0%bd%d1%83%d1%80%d0%b5%d0%ba%d0%b5-1Қол созым жерде тұрып Елбасының әр сөзін есімде жаттауға тырыстым.
Қазақ елі Президентінің аузынан шыққан әр сөзді әлемге таратуды мақсат еткен ондаған бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің құрал-саймандары сыртылдап, қаламдары сусылдап, алашапқын күйде еді. Олардың қатарында «CNN», «Би-Би-Си», «Правда», «Известия», «Комсомольская правда», т.б. өкілдерінің болуы мұндай жүздесудің маңызын айқын аңғартқан-ды.
Жергілікті ақын Сатқан Ахметжанов салтанатты арнаудың шымылдығын ашып:

Ассалаумағалейкүм, Нұрсұлтаным!

Қазақтың жарқыратып жақтың шамын.

Айналдым алтын-асыл анаңыздан

Өзіңдей ел басқарар ұл тапқанын.

Әпердің қазағыма егемендік,

Халқыңа егемендік – теңдік, елдік.

Ұмытқан қазағымның салт-дәстүрін,

Тілін, ділін келеміз енді игеріп.

Оралдық мұсылмандық қалпымызға,

Сондықтан Сізге разы халқымыз да!

Табыстық шетел асқан қандастармен,

Келеді көріктеніп салтымыз да,-

деп, егемендіктің елең-алаңындағы халықтың шынайы ықыласы мен көңіл-күйін жеткізсе, оған ілесе шабыттана сөз алған белгілі мәдениет қызметкері Салауат Нарышев:
Қазағым егемендік алып жатыр,

Танылды Тоқтардайын ұшқыш батыр.

Бұл-дағы Өзіңіздің қолдауыңыз,

Халқымыз оны-дағы біліп жатыр.

Қош келдіңіз Ақжайықтай жерімізге,

Күтеміз сан мәртебе келіңіз деп.

Тілейміз деніңізге саулық, аға,

Шыға бер президенттік төріңізге!,

-деп, алдағы бүкілхалықтық сайлауда Нұрағаға Ақжайық өңірінен ақжолтай тілегін арнады.
Осы кездесу барысында тағы бір есте қаларлық, қазақы жоралғыға сай өнеге боларлық шара жүзеге асырылды: сол уақытта Аңқаты учаскелік ауруханасында дүниеге келген нәрестеге ата-анасы елге жоғары мәртебелі қонақ келуін жақсы ырымға балап, Президентке ұлдарына өзінің есімін сыйлап, ат қойып, бата беруін өтінген болатын.
Қазір сол – Тәуелсіздіктің төл құрдасы Нұрсұлтан Болатұлы Сақбаев туған жерінде заман талабына сай кәсіпкерлікпен айналысып, отбасында ұл, қызын тәрбиелеп, ғұмыр кешіп жатыр.
Мына бір көрініс те есімде қалды: Нұрсұлтан Әбішұлына аудан басшысы Т.Бөлеев ел атынан домбыра тарту еткенде де ол кісі жылы шыраймен:
– Домбыраның құлақкүйі келтірулі ме?-деді.
Оған Тілаға:
– Домбырашы өз даусына ыңғайлап, күйін келтіріп алады ғой,-деп жауап бергенде, Нұрсұлтан Әбішұлы жайдары көңілмен:
– Ә, солай ма? Қарап көрелік,-деп, қолына домбы-раны алып, құлақкүйін келтіріп, құлаққа жағымды қоңыр даусымен салған әнін әлі күнге ұмытқан емеспін:
…Қиын екен жігітке жұртқа жақпақ,
Жаман-жақсы көңілін бірдей таппақ.
Сыйлайды екен жөн білген,
Оңбайды екен сөз терген.
Анау-мынау десең де,
Қимайды екен көз көрген…
Тәуелсіздіктің арайлы таңы жақындап қалған сол бір кездің өзінде-ақ Нұрсұлтан Әбішұлы халқымызды қаншама ауыртпалықтың күтіп тұрғандығын, заманның тар жол, тайғақ кешуін алдын-ала болжап айтқандай екен.
Жаңа қоғамдық қатынастарға өту барысында ауыр, нартәуекел шараларға біреулер ұғыныстықпен қараса, басым көпшіліктің қиналарын да, алғашқыда түсіне алмаушылық кездесуі мүмкін екенін де сезгені сөзсіз, әлгі ән арқылы соның бәрін жүрегімен жеткізсе керек.
Иә, тәуелсіздіктің бастапқы жылдары өте ауыр болғаны рас, жарты жылдан астам уақыт жалақы, зейнетақы, жәрдемақы алмаған кезеңдерді де бастан кештік, сүріндік, қиналдық, талай сыннан өттік, қиындыққа мойымадық, өйткені алдан жақсылық күттік. Біз үшін ең қымбаттысы – еліміздің тәуелсіздігі, халқымыздың еркіндігі еді.
Міне, қазір сол арман еткен күнімізге де жеттік. Бірлігімізді бекемдеп, еңсемізді тіктедік. Жиырма бес жылдағы қазіргі жетістігіміз таңданарлық болса, келешегіміз мақтанарлық екендігіне толық сенетін жағдайға жеттік. Оған нақты дәлел, мысалдарды тек еліміз бойынша ғана емес, облысымызда, ауданымызда атқарылып жатқан жарқын істерден айқын көруге болады. Шалғай ауылдарға 70 жылдан астам уақытта Кеңес үкіметі жеткізе алмаған таза су, газ, тас жол бүгінде халықтың игілігіне айналып, жас ұрпағымыздың баянды болашағына қызмет жасауда. Бұған қайта түлеген, құлпырған аудан, облыс орталықтарын қосыңыз. Әлемнің Бейбітшілік қаласына айналған Астанамыздың өзі неге тұрады!
Сондықтан да Ұлы мәртебелі Тәуелсіздігімізге мың тәубе!
25 жыл уақыт бір қарағанда, көп мерзім емес сияқты, алайда осы кезеңде кездескен қиындықтарды еңсеріп, ата-бабамыздан қалған ұланғайыр кең далаға иелік еткен Қазақ елін өзге де алып мемлекеттермен терезесі тең, керегесі кең дәрежеде осы күнгі деңгейге жеткізу оңай болмағанын да ұмытпауымыз керек.
Бұндай жетістікке қол жеткізудің басты қозғаушы күші – Елбасымыздың алысты болжай білетін көрегендігі мен сарабдал саясаты, халқымыздың бірлігі мен ынтымағы.
Ынтымақ, бірлік, келісім – ең асыл бақыт ел үшін!,-деген осыдан шығады. Бабаларымыз аманаттаған, бізге тапсырған осы асыл қасиетімізді әрдайым әспеттеп, қадірлей білгенге не жетсін!

Дәулетжан ЖАҚСЫБАЕВ,

Қазақстан мәслихаттарының Құрметті депутаты, Ақжайық ауданының құрметті азаматы.

Суреттерде: 1991 жылғы 11 қараша, Ел Президентімен кездесуден (суреттер «Жайық таңының» қорынан алынды).