21.12.2016, 9:56
Қараулар: 7
Табиғат берген талантты шыңдаса…

Табиғат берген талантты шыңдаса…

dsc_0692Тәу етер тәуелсіздігімізбен бірге жеткіншектерге қосымша білім беру ілгері басқанын еліміздің жер-жерінен көруге болады. Оқушылардың оқып-үйренуге талпынысын жан-жақты қанағаттандыру мақсатында жүзеге асырылатын үздіксіз білім жүйесінің ажырамас бөлігі біздің ауданымызда да барған сайын тынысын кеңейтуде. Саламатты өмір салтын қалыптастыру, жеке тұлғаны дамыту, шығармашыл балаларды іздеу, оларға қолдау көрсету, балалардың құқықтарын қорғауға назар аудару, міне, бағыт осы. Мұның ізбасарларды қоғам өміріне бейімдеп, азаматтық сана-сезімінің қалыптасуына жағдай жасаудағы орны орасан.

Аудан бойынша 6385 оқушы болса, соның 3420-сы балалар шығармашылығы орталығына тартылған. Яғни, жыл өткен сайын бұл мекемеге бауыр басқан ұл-қыздар саны көбейіп, тұрақтануда. Олар өздерінің көңіліне қонар сүйікті іспен айналысу үшін үйірмелерге әрдайым асығып келіп жатады.

Өмірге жолдама алғанына 10 жылдан асқан балалар шығармашылығы орталығында бүгінгі таңда «Қолөнер», «Көркемсурет», «Фото-әуесқой», «Би», «Жас зергер» сияқты үйірмелер жұ-мыс істейді. Сонымен бірге 2015 жылы қараша айында «Роботтехника» үйірмесі ашылды. Оған 60-тан астам оқушы қатысуда. Бұл үйірмелердің алға қойған мақсаты – балалардың түрлі шығармашылыққа қызығушылығын арттыру, қабілетін дамыта отырып, кәсіби, мәдени дамуына мүмкіндік жасап, бос уақыттарын мәнді ұйымдастыру. Қазіргі таңда БШО ұжымында 18 білікті педагог жұмыс жасайды. Олардың арасында жасөспірімдердің туабітті шығармашылық қабілеттерін ашудағы еңбегімен өңірімізге танылып отырғандар аз емес.

dsc_0683dsc_0652dsc_07032015-2016 оқу жылының өзінде талай оң өзгеріске, ілгерілеуге қол жетті. Өнерлі өрендер ордасының
тәрбиеленушілері аудандық, облыстық, халық-аралық сайыстарға қатысып, биіктерден көрініп, орталық жетістіктерінің шежіресін одан әрі байытты. Мысалы, Гүлден Оңғарова жетекшілік ететін «Дарын» бишілер тобының тек биылғы табысы сүбелі-ақ. Тараз қаласында өткен балалар мен жасөспірімдердің республикалық “Өнерге қанат қаққандар” ән-би байқауында бас жүлдені иеленді. Өткен айда Ақтөбе қаласында өткен I Халықаралық «Кең дала» фестиваль-конкурсында «Құрбылар биімен» ерекшеленді. Өнердің қандай сұлу екеніне осы туындыдан да көз жеткізуге әбден болады-ау… Бұл биде құрбылардың «Соқыр теке», «Сақина салу» секілді ұлттық ойындары жанарды баурайтын қимыл арқылы жаңғырады. Иә, біздің ұлттық ойындарымыздың өзі-ақ тұнып тұрған тәрбие, ой ғой. Он саусағы ғана емес, тұла бойы түгел майысқан қыздардың көз ілеспес қимылдарына еріксіз тәнті болған әділқазылар бас жүлдені осы топқа лайық деп таныды. Топ мүшелері Милана Биғалиева, Адель Жаукенова, Ару Жасқайрат, Назерке Аққайыр, Алуа Орасай, Мәдина Сағынғали, Аягөз Ғазизова, Аяу-лым Мәлікқызы, Аружан Ерболат, Айсұлу Хабашова, Айбөбек Тимурқызы, Жасмин Бисенбаева және Аруна Қуатованың ізденістері, талпынысы тәуелсіздік мерейтойына арналып аудан орталығында өткен «25 Жұлдызды күндердегі» «Ортақ мақтанышымыз» атты фестивальде мақтанышпен аталды. Еңбекке деген құрмет, еңбекке деген мақтаныш осы емес пе!

dsc_0653Сондай-ақ аталмыш конкурста Данияр Ізбасаровтың мақтаулы оқушыларының бірі, «Дизайнер» үйірмесінің мүшесі Дулат Дендер «Қырандай көкке самғаған» атты кескіндеме туындымен бас жүлдені иемденді. Оның бұл еңбегінде елге пана болған батыр бейнеленген. Шығарма халқын, жерін қорғаған ата-бабаларымыздың ерлігін ұлықтайды. Жұртымыз көрген қиындықтар мен азап, өзін басынғанға қарсы намыс найзағайы жаңғырғандай. Композициясы ұғымды, идеясы анық. Көріп, үңілген адамға ой тастайды.

Қат-қабат ұтымды жұмыстың бірі – үйірмелер мүшелерін ғылыми-зерттеу және жобалау жұмыстарына баулу, олардың ғылыми және шығармашылық жетістіктерін қоғамға әйгілеу. Осы мақсатта өткен «Үздік шығармашылық жоба» байқауына 7 – 10 сынып оқушылары шақырылды. М.Әуезов атындағы орта мектептің 10 сынып оқушысы Әлия Есенғазиева биология бағыты бойынша «Тұрмыстық қалдықтардың табиғи ортаға тигізетін әсері және онымен күресу жолдары» тақырыбын дайындап, I орын алды. Оқушының өте жақсы дайындалып келгендігі көрінді. Жұмыс барысында ол тұрмыстық қоқыс мөлшерінің өсу деңгейін, Чапаев ауылының сонымен ластанған жерлерін анықтаған. «Көп мөлшерде қалдықтар жиналуының бір себебі – бір реттік қолданысқа ие заттардың көбеюі. Бұлардың қорапшаларының көз тартар әдемілігі бар, бірақ қайта қолданысқа пайдасы жоқ синтетикалық пластмасса заттардың көптігі. Чапаев ауылындағы тұрмыстық қалдықтардың азаюы үшін оны өңдейтін кәсіпорын салу керек деп ойлаймын»,- дейді оқушы. Бұл байқауда оқушының бойында қоршаған ортаға, табиғатқа деген сүйіспеншілік сезімі, әсемдік пен сұлулыққа құштарлығы көрінеді.
Ал осы тұрмыстық қалдықтарды далаға тастамай, бұдан түрлі бұйымдар жасап жүрген оқушылар бар. Ислам Өтегенов Алғабас орта мектебінің 9 сыныбында оқиды. «Қолөнер» үйірмесінің белсенді мүшесі. Ислам бір рет пайдаланылатын қасықтан гүлдер жасап, оның сабағына шырын түтіктерін пайдаланады. Әр гүлдің ішіне диот шамдарын салып, бұны істемей қалған қуаттағыш құралға жалғаған. Сөйтіп, тоққа қосқанда құмырадағы гүлдер сәуле шашады. Оқушы бұндай жұмыстарын жетекшісі Гүлнәр Хаймулдинамен бірігіп жасайды, «Шеберлікті шығармашылық шыңдайды» атты көрмеге «ЭКСПО тарихы» тақырыбындағы туындыларын ұсынды. «ЭКСПО гүлдері» деп атаған туындысымен I орынды жеңіп алды. Ислам үйірмеге екі жылдан бері қатысып жүргенін және осы уақыт ішінде көп нәрсені үйренгендігін айтады.

dsc_0657dsc_0667«Бұл оқушым өте алғыр. Әр жұмысын жауапкершілікпен орындайды. Құмырадағы ток арқылы жанып тұратын гүлдер жасау туралы өз ойын айтты. Кейін іске кірісіп, бірнешеуін жасадық»,- деді жетекшісі Г.Хаймулдина.
Бір рет пайдаланылатын майлықтарды шебер пайдаланушының бірі Жұбан Молдағалиев атындағы орта мектептің 5 сынып оқушысы Рашида Асылбек болып табылады. Ол түрлі-түсті майлықтардан туындылар және пенопластан да әлденеше дүние жасаған. Пенопласты көк матамен қаптап, алдымен Туымыздың суретін салып, поэткамен уақ шегелер арқылы әсемдеген.
Бударин орта мектебінің 7 сынып оқушысы, «Жас тарихшы» үйірмесінің мүшесі Назира Камал Қазақстан монеталарының тарихы туралы, ұлттық монеталардың үш түрге бөлінуі, коллекциялық монеталардың жіктелуін өте жақсы зерттеген. Қазақстанда бүгінгі күнге дейін 190-нан аса топтамалық, мерейтойлық жəне ескерткіштік монеталар соғылды. «Қазақстанның тарихи-сəулет ескерткіштері жəне қолданбалы өнер», «Көшпенділер алтыны», «Ескіше соғылған монеталар», «Жібек жолы инвестициялық алтын монетасы», «Əлемнің ең шағын алтын монеталары», жəне т.б. монеталар топтамалары жарық көрді. Сонымен қатар, «Абайдың 150 жылдығы», «ҚР ұлттық валютасына 10 жыл», «Түркістанның 1500 жылдығы», «Қазақстан Тəуелсіздігінің 10 жылдығы», «Қазақстан шимайтастары» сияқты жекелеген мерейтойлық монеталар жасалды. Осындай мәліметтермен жұмысын қорытындылаған зерек шәкірт әділқазылар алқасының шешімімен тарих бағыты бойынша ІІІ орынға лайық деп танылған болатын. Бұл шараға қатысқан оқушылар жұмыстарын қорғау кезінде интерактивті тақтаны ұтымды қолданып, слайдтар арқылы жұмыстарының тақырыбын, мақсатын, тақырыптың маңыздылығын, қойылған мақсатқа жету әдісте-рін, қорытындылардың ғылыми-тәжірибелік құндылықтарын кеңінен аша білді. Қойылған сұрақтарға да қиналмай жауап берді.

Талап орта мектебіндегі «Фотоәуесқой» үйірмесіне 30 оқушы қатысады екен. Ақболат Шынтас сағат пен пирамиданы ПВХ материалынан жасаған. Сағаттың ішіндегі Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған логотив пен ЭКСПО логотипін жасауға «Photoshop» бағдарламасын қолдан-ған. Замануи фотопринтермен шығарылып, бетіне 3D пленкасын жапсырған. «Шеберлікті шығармашылық шыңдайды» атты байқау қорытындысымен бұл еңбек те жүлделі орын алды. Өзінің тәжірибиесі мен білімін балаларға үйретуден жалықпайтын қосымша білім беру педагогы Оралхан Ибраев та марапатталды.

Балаларына талбесіктен тәлім-тәрбие беріп, талабы мен талантын ұштап, елге мақтан етердей азамат тәрбиелеу әрине, ата-анамыз зор парызы, міндеті болып табылады. “Ортақ мақтанышымыз” атты фестивальде үйірме мүшелерінің әке-шешелерінің де Асғысхатпен қошеметтелуі колледж мақтан тұтар отбасылардың аз емесін көрсетті.
«Өскелең ұрпақты тәрбиелеуде мектептен тыс ұйымдардың алатын орны мен жұмысының тиімділігі өте жоғары. Қабілетсіз бала болмайды, тек оның бойындағы сол қабілетті дөп басып танып, дамыта түсу қажет. Халқымызда «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген дана сөз бар. Ауданымыздың абыройын асқақтатқан үйірме мүшелері әрине, өте көп. Сондықтан оқушыларды шығармашылық жұмысқа баулып, олардың белсенділіктерін, қызығушылығын арттыра түсу үшін әр түрлі әдіс-тәсілдерді жүзеге асырудамыз»,- дейді орталық директоры Руслан Есеналиев.

Бибіжан НҰРПЕЙІСОВА.

«Жайық таңы».

Суреттерде: Талап орта мектебіндегі Оралхан Ибраев; БШО-ның мерейлі педагогтарының бірі Эльмира Тулақбаева; жүлдегер оқушылардың қатарындағы Ақжүніс Мұхамедиярова (Қаршы орта мектебі, 7 сынып) пен Нұрдана Меңдіғали (Алмалы орта мектебі, 4 сынып); мерейтойлық жылы шәкірттер қолынан шыққан туындылардың бірсыпырасы.

Суреттерді түсірген Нұрбек ИХСАН.