24.01.2017, 11:07
Қараулар: 476
«Адасқандардың» айтары көп

«Адасқандардың» айтары көп

DSC_0230Драматург, қаламгер Кеңес Жұмабековтің «Адасқандар» драмасы аудан орталығында екі рет қойылғаны туралы оқырмандарымыз хабардар. Аудандық халықтық театры ұсынған қойылымды (режиссері – Гүлжамал Қайбалиева, аудандық мәдени-демалыс орталығының әдістеме бөлімінің меңгерушісі) көргендер редакцияға хабарласып, ой-пікірлерімен бөлісті. Алдымен, қойылымның қысқаша желісін баян етейік.
Басты рөлдегі жас отбасы иесі Баянғали (рөльде Әділжан Елешев, аудандық мәдени-демалыс орталығының мәдени ұйымдастырушысы) мен оның зайыбы Нұргүл (Гүлсая Айтымбетова, аудандық-мәдени демалыс орталығының әдіскері) теріс діни ағымға арбалып қалады. Рас, басында олар ата-бабаның ілімімен сусындап, тура жолды қалады. Тек, көлденең көк аттының ақылын азық қыламын деп, жолдарынан жаңылды. «Менімен жүрсеңдер, қор болмайсыңдар, әдемі әлем, мәнді өмір сол жерде. Байлық та, бақыт та, дін де сол жерде»,-деген Мәліктің (Ерболат Мұхтарұлы, аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы) «мырзалығына» сенген жас жанұя ұлдары Азатты (Ермұрат Ерболатов, №1 орта мектептің 8 сынып оқушысы) ертіп, Сирияға жол тартады. Баянғали бұл сапарға бөгет болуға тырысқан әкесінің (Біржан Кухаев, аудандық мәслихат депутаты) жанайқайына міз баққан жоқ.
Сөйтіп, ол өзінің де, отбасының да өмірін тозаққа айналдырғанын кеш түсінді. Өкінді. Өз ісіне лағынет айтты. Ақыры, Нұргүл екеуі арамзалардың қолынан қаза тапты. БҰҰ-ның араласуымен ғана Азат атасымен қауышады.
Сондай-ақ, аудандық мәдени-демалыс орталығының үйірме жетекшісі Сұңғат Жанаев (ауыл қарты), осы орталықтың көркемдік жетекшісі Әнуар Нұрғалиев (БҰҰ өкілі), «Ақжайық өрендері» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерлан Төленов (Баянғалидың досы Александр) және Ақжайық аграрлық-техникалық колледжінің студенті Асланбек Саламатовтың (Мәліктің қолшоқпары Хасан) өнеріне де көпшілік жоғары баға берді.

Мәлік МҰХТАР, облыстық мәслихат депутаты: режиссер рөльдерге актерлерді дәл таңдапты. Сосын, қатысушылардың дені жастар. Бұл, әрине, қуантады. Әр салада жұмыс жасаса да, бас біріктіріп, нәтижелі еңбектенгені көрініп-ақ тұр. Кәсіби актерлерден кем емес. Бүгінгі күннің өзекті мәселесін дөп басқан мағынасын айтсаңызшы. Мұны жан дүниемізбен сезіндік. «Ойраны шыққан отбасы кеш болса да, қатесін түсінді ғой, атамекенге аман жетсе екен» деп, тілекші болып отырдық. Сахнадағы өнер де Сириядағы өмірден алшақтаған жоқ. Баянғали мен Нұргүлді азапты күндерден тек өлім ғана құтқарды. Ата мен немеренің қауышқанына қуанып, тәубе дедік. Сәт сайын жанарымызға жас үйірілді.

Серік КАТАЕВ, Ақжайық аграрлық-техникалық колледжінің қызметкері: қойылым өмірдің ащы шындығын боямасыз баяндады. Ата-ананың тілін алмаған баланың адам болғаны бар ма? Өз әкесін өгейсініп, «кәпірсің» деп кінәлаған кейіпкер сияқты ұятсыз ұлдар өмірде бар екенін несін жасырамыз? «Жүзге бөлінгеннен дінге бөлінген жаман» деген осы.
Бір қарағанда, теріс ортаға тартып тұрған Мәлік бүгінгі күннің кемшіліктерін дөп басады. Шет елге сатылған сәби, парақорлық пен маскүнемдік, ар-намысты арзандатып, ұсақталған ұрпаққа налығандай болады. Бірақ, бұл жат жердегі жағымсыз тірлікке жетелеудің жарнамасы, адастырудың әдісі ғана. Мұны шалыс басқандардың кеш түсінетіні өкінішті.

Гүлнар ҒИЛМАНОВА, Жайық негізгі мектебінің кітапханашысы, “Нұр Отан” партиясы «Жайық» бастауыш ұйымының төрайымы: сахна өмірдің өзін көрсетті. Бір-екі діни кітапты оқып алып, «болдым, толдым» дейтін сауатсыз жастар Исламның тұнығын лайлап жүр. Енді бірі сақалын кіндігіне жеткізіп, жұрттың назарын аударғысы келетіндей көрінеді. Кейіпкердің теріс ортаға қалай бейімделгені, шет ел асқаны, жат ағымның неге ұрындырғаны, осының бәрін түгел қамтып, қалың көрерменге ой салған драмаға ризамыз.
Жуырда Чапаев ауылдық округі әкімі Нұртаза Нәбиденовтың, аудандық мәслихат депутаты Біржан Кухаевтың қолдауымен қойылымды өзіміздің Жайық ауылында тамашалауға мүмкіндік алдық.
Актерлердің ойнау шеберлігі ұнады. Әсіресе, Азаттың рөліндегі Ермұраттың талабына нұр жаусын.

Саламат ӨТЕУОВ, Жаңабұлақ ауылдық округінің жастар жетекшісі: қойылымды екінші рет көрдім. Қайта-қайта қарай бергім келеді. Әуесқой актерлердің өнеріне тәнті болдым. Ащы да болса, сұмдық тағдырлар тура жолдан жаңылмауға, ата-ана берген тәрбиеге адал болуға шақырады. Ой саларлық осындай қойылымдар басқа ауылдық округтерде де қойылса деген ұсынысым бар. Жуырда күрделі жөндеу көрген Жаңабұлақтың Мәдениет үйі «Адасқандарды» асыға күтеді.