12.05.2017, 15:01
Қараулар: 77
Жас болсақ та бас бола алатынымыздың тағы бір айқын дәлелі

Жас болсақ та бас бола алатынымыздың тағы бір айқын дәлелі

БезымянныйЕлімізде өткелі отырған ЭКСПО жайында әңгіме бола қалса, 2012 жыл есіме түседі. Тәуелсіздігіміздің 21 жылдық осы белесінің де Қазақстанға бергені қаншама. Міне, соның тек бірқатарын шолып өтсек. Көппартиялы Парламент жасақталды.
1 қаңтардан қызметін бастап кеткен Біртұтас экономикалық кеңістік – Елбасымыз Н.Назарбаевтың 1994 жылдың наурызында М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде ғалымдар мен саясаткерлердің назарына ұсынған еуразиялық интеграция идеясы іс жүзінде көрініс тапты. Кейіннен, 2000 жылы Астанада Беларусь, Ресей мен Қазақстан арасында қол қойылған Еуразиялық экономикалық қоғамдастық туралы шарт кеңістіктің құрылуын бір қадам жақындата түсті.
Қазақстанның Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына (ИЫҰ) жасаған төрағалығы да – осы жетістіктердің заңды жалғасы. 22-24 мамыр аралығында өткен V Астана экономикалық форумы «Жаһандық экономикалық өзгерулер: сын-қатер және даму перспективалары» деп аталды. Тәуелсіз Қазақстанның бас қаласы – Астанада бесінші рет қатарынан өткен жаһандық форумға әлемнің 85 мемлекетінен 6500 өкіл және 300-ден астам журналист қатысты.
Иә, сол бір шақта еліміз тәуелсіздігі тарихынан ойып тұрып орын алатын тағы бір айрықша оқиға – халықаралық «ЭКСПО-2017 қай елде өтеді?» деген сұрақтың жиілеген тұсы осы жыл еді. Мұның Сіздің де есіңізде екені сөзсіз деп есептеймін. Көрме өткізуге талпынған Қазақстанның мықты әрі басты қарсыластарының бірі – Бельгия болатын. Астана мен Льеж қаласы арасында болған пікірлесуден соң, басымдық бізге беріліп, жас болсақ та бас бола алатынымызды тағы да дәлелдедік. 2012 жылдың 22 қарашасы ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуді жеңіп алған тарихи күн болды. Шешім ЭКСПО халықаралық көрмелер бюросы Бас Ассамблеясының Париждегі 152-ші сессиясында осы ұйымға мүше 161 мемлекеттің жасырын дауыс беруі нәтижесінде қабылданды. Бұл, сөз жоқ, Қазақстанның жаһан жұрты алдындағы беделін асқақтатты. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ол күндері Францияда сапармен болды. ЭКСПО-2017 көрмесінің Қазақстанда өтетіндігі жөнінде шешім қабылданған сәтте Президент ел халқына құттықтауын Парижден жолдады. Елбасы барша қазақстандықты зор жеңіспен құттықтап, енді біздің алдымызда ЭКСПО-2017 көрмесін лайықты деңгейде өткізу міндеті тұрғанын жеткізді. Астанада ЭКСПО көрмесін өткізу республикамыздың инновациялық дамуына серпін беретінін айтты.
2012 жылдың соңғы парақтары да әрине, ел тарихында айрықша мәнді оқиғамен өрнектелді. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев бір жылда екінші мәрте Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» деп аталатын Жолдау еліміздің жасампаздық жолын жалғастырудың басым бағыттарын айқындап берді.
ЭКСПО туралы әңгімемізге оралайық. Бұл Халықаралық көрме – индустрияландырудың символы. Яғни, әлем мемлекеттері өздерінің ең үздік технологиялық, ғылыми, мәдени жетістіктерін көрсетеді.
Оның шежіресіне көз салсақ, талай тамашаға қанығамыз.
Бірінші дүниежүзілік көрме 1851 жылы Лондондағы Гайд-саябағында мемлекет қайраткері, кәсіпкер және дизайнер Генри Коулдің және Альберт Девиз ханзаданың бастамасымен өткен. Көрме «Барлық елдер ұлы іс – адамзатты жетілдірумен айналыссын!» деген ұранда болыпты.
Көрмелердің табысты болғаны соншалықты, кейбір елдер оны қайталауға шешімдер қабылдады. 1855 жылы Наполеон III көрмені Парижде өткізуге бұйрық берді. 1862 жылы форум Лондонда қайтадан өтті. 1867 жылы Парижде қатысушы елдердің экспозицияларын арнайы салынған ұлттық павильондарға орналастыру дәстүрін бастаған кезекті дүниежүзілік көрме өтті. Францияның астанасы ұзақ уақытқа басты көрме орталығы болды. 1889 жылғы Эйфель мұнарасы әлі күнге дейін Париж көрмесінің жарқын белгісі болып сақталған.
Мысалы, тұңғыш телефон аппараты осындай көрмелердің көмегімен әлемге жол тартқан. 1876 жылы Филадельфиядағы бүкіләлемдік көрмеде «сөйлейтін телеграф» қалай жұмыс жасайтыны таныстырылып, адамзатты тамсандырған екен. Ал 1878 жылы Париждегі бүкіләлемдік көрме кезінде фонографты (дыбысты жазуға арналған құрылғы) көргендердің тіпті «есі кетті». 1893 жылы Чикагода өткен бүкіләлемдік көрмеде алғашқы ең биік айналаны шолу дөңгелегі көрмеге қойылған. Дөңгелектің биіктігі 80 метрден асатын, ал салмағы 2 мың тоннаға дейін жететін. Сондай-ақ, 1901 жылы Буффалодағы көрмеге қойылған рентген аппараты, 1904 жылы Сан-Луистегі көрмеде танылған балмұздаққа арналған вафлидан жасалған стақан, 1939 жылы Нью-Йорктегі көрмеде нейлон мата. Тағы бір айта кететін керемет, 1939 жылы Нью-Йорктегі көрме алғаш рет телехабар арқылы тараған. Бұл көрмеде теледидар саласындағы RCA-ның алғашқы жетістіктері және алғашқы су турбиналары көрсетілді.
1904 жылы Сан-Луисте (АҚШ) келушілер алғаш рет мұзы бар шайдың, ыстық бұршақтың, балмұздағы бар түтікшенің дәмін татып көрді және жаңадан туған нәрестелерге арналған инкубаторларды алғаш рет тамашалады.
1970 жылы Осакадағы көрмеде көпшілікті таңғалдырған ұялы телефон, 1982 жылы Носквилдегі көрмеде таныстырылған сенсорлық экран сияқты ғажайыптар шынымен адамзат игілігіне енді.
1939 жылғы Нью-Йорктегі дүниежүзілік көрмеден бастап, көрмелердің бастапқы сипаты өзгере бастады және оларды қоғамға арналған жарқын болашақты болжай отырып, нақты мәдени тақырыптарға арнады. Көрмелер инновацияларды алмастыру мақсатында белсенді мәдениетаралық байланысты қолдады.
Екінші дүниежүзілік соғыс біткеннен кейін адамзат қалжырап, рухани жаңартудың қажеттігін сезінді. Бейбітшілік пен ілгерілеу-ге деген ұмтылыс Біріккен Ұлттар Ұйымын құруға ұласып, ол дүниежүзілік көрмелердің рухынан көрініс тапты. Ал Брюссельдің Атомиумы, Фуллердің геодезиялық күмбезі және 1967 жылғы Монреальдағы израильдік сәулетші Моше Сафди жобалаған «Хабитат 67-сі», Сиэтлдегі «Ғарыштық ине» және Осакадағы «Күн мұнарасы» адамзаттың барлық жаңа және заманауи нәрселерге деген талпынысының көрінісі. Бұдан әрі дүниежүзілік көрмелер ойын-сауық және бос уақытты өткізу орындарына айналды. Монреальдағы «Ла Ронд» саябағы, Осакадағы «EXPOland» осының мысалдары. 1988 жылдан бастап елдер өздерінің көрмелік павильондарын өздерінің ұлттық бейнесін жақсартудың құралы ретінде пайдалана бастады.
Осындай мысалдар, адамзат тарихындағы бетбұрыстар тамсандырмай қоймайды. Одан да зор игі жаңалықтар адамзатты әлде де таңғалдырары сөзсіз.
Қазақстан Халықаралық көрмелер бюросының мүшелігіне 1997 жылы қабылданған болатын. Біздің ел мүше болғаннан кейінгі көрме 1998 жылы Португалияда «Мұхит – болашақтың мұрасы» тақырыбында өтті. Тақырып португалдық теңізші Васко да Гаманың Үндістанға дейін ашқан теңіз жолының 500 жылдығына байланысты таңдалыпты. Көрмеге шамамен 11 млн адам барған. ЭКСПО-1998 алаңы 5 км-ге созылды. Көрменің басты жаңалығы швейцариялық «Swatch» сағат кәсіпорыны болды.
ЭКСПО-2000 көрмесі «Адам – табиғат – техника – жаңа әлемнің тууы» деген тақырыппен Германияда өтті.
Қазақстан көрмеге белсенді экспонент ретінде 2005 жылдан бері қатысты. Бұл жылы көрме Жапонияда өтті. Онда 100-ден астам ел болды. Көрменің негізгі әрекет етуші «тұлғалары» – айналаны тазалаумен айналысқан, келушілерге ақпарат берген және балалармен ойнаған сансыз роботтар болған. Ал 2008 жылы Испания «Су және тұрақты даму» ұранымен болған бүкіләлемдік көрмені қабылдады. Үш ай ішінде бәрінің назары су тақырыбында болды. Көрменің қорытындысы бойынша, қатысушы 104 елдің арасында, «С» санаты бойынша Қазақстанның павильоны сыртқы және ішкі безендіру бойынша үшінші орын – қола жүлдеге лайық болды. Біздің Мемлекет басшысы осы Сарагосадағы ЭКСПО-2008 халықаралық көрмесіне жасаған сапары кезінде мұндай шараны Астана қаласында да өткізуге болатынын айтқан болатын.
Содан кейінгі көрмелерде Қазақстанның жетістіктері арта берді. Мәселен, 2010 жылы Қытайдың Шанхай қаласында өткен бүкіләлемдік көрмеде де еліміз ерекше белсенділік танытты. Көрменің тақырыбы «Жақсы қала – жақсы өмір» деп аталған болатын. Оған 198 ел мен 27 халықаралық ұйым қатысты. Ондағы Қазақстанның павильоны «Азия» аймағында Жапония және Оңтүстік Кореямен көршілес орналасты. Шанхай көрмесінде қазақстандық павильонның негізгі мақсаты – Астананың халықаралық жайғасымын, оның ең жас және серпінді түрде дамып келе жатқан астана екендігін көрсету. Қазақстанның «Астана – Еуразия жүрегі» ұлттық павильонына шамамен 1 млн.-дай адам келді.
2012 жылы Оңтүстік Кореяның Ёсу қаласы «Тірі мұхит және жағалау» деген ұранмен Халықаралық мамандандырылған көрмені өткізді. Бұл жолы Қазақстан өзінің павильонын Дүниежүзілік ЭКСПО әмбебап көрмесінде төртінші рет көрсетті. Қазақстанның павильоны мәдениет пен ғылымдағы, бизнес пен туризмдегі дәстүрлер мен инновацияларды ескере отырып, салынған. Павильон су тақырыбына арналды және Қазақстанның тарихы мен салт-дәстүрлері туралы, оның заманауи өмірі мен болашағы туралы баяндады. Қазақстандық павильон 6 аймақтан тұрды. Келушілер бүкіл павильон бойынша таратылған интерактивтік шоуларды тамашалады. Қазақстанның павильоны Астанаға ерекше назар аударды. Сол кездің өзінде елордамыз «Болашақтың қуаты» ЭКСПО-2017-ні өткізуге үміткер қала болған.
Еліміз Италияның Милан қаласында өткен 2015 жылғы халықаралық көрмеге де қатысты. Қазақстанның Ұлттық павильоны «Тақырып пен мазмұнның үздік ашылуы» номинациясы бойынша ең үздік павильондардың үштігіне енді. Жалпы ауданы 3000 шаршы метрлік аумақта орналасқан Қазақстан павильонының тақырыбы «Қазақстан – мүмкіндіктер елі» деп аталды. Біздің еліміздің павильоны көрменің бүкіл кезеңі бойына көрермендер ең көп келген павильондар қатарына кірді және көрмені ұйымдастыру комитеті өткізген дауыс беру нәтижелері бойынша көшбасшы болды.
Талайға мәлім, ЭКСПО-2017 көрмесінінің басты тақырыбы «Болашақтың энергиясы» деп аталады. Бұл тақырыпты ұсынудың себебі, ол ең алдымен, баламалы энергия көздерін дамытуды қоса алғанда, энергетикадағы сапалы өзгерістер жолы мен оны тасымалдау тәсілдерін іздестіруге бағытталғандығы болып табылады. Қазақстанның бұл тақырыпты таңдауының басты негізі – еліміздің дәстүрлі энергиялық ресурстардың елеулі қорына ие бола отырып, баламалы энергия көздерін пайдалану жөніндегі шараларды дәйекті түрде қабылдауда және «жасыл» экономика құру бағытын ұстанғандығы.
Бүгінде күллі әлемде энергия тапшылығы байқалып отырғаны белгілі. Әлем елдері энергияны үнемдеу, күн, желден баламалы энергия көздерін алуға көше бастады. Қауіпсіздік жағынан талапқа сай келетін әрі арзан энергия көздерін пайдалануға әлемнің көптеген елдері құштар.
Міне, сол күн де таяды. Астанада ЭКСПО өтетін алаңның жалпы аумағы 173,4 гектарды құрайды. Оның ішінде 25 гектары көрме кешенінің өзіне тиесілі болса, 148 гектар аумақта тұрғын үй құрылысы, әлеуметтік-мәдени, білім және денсаулық сақтау нысандары, сауда және ойын-сауық орталықтары, саябақтар, гүлзарлар, жолдар орналасты. Ондағы Қазақстан павильоны киіз үйге ұқсайды.
ЭКСПО-2017 көрмесінің басты символы болып табылатын іші бірнеше қабаттан тұратын, шар тектес нысанның ауданы 24000 шаршыметрді құрайды екен. Павильон дизайны «Заманауи киіз үйге» ұқсас жасалған. Бұл жоба дәстүрлі қазақ архитектурасының жаһандық өркениетке ұласқан заманауи келбетін паш етеді, дейді сарапшылар.
Қазақстан Елтаңбасы негізіндегі заманауи киіз үйдің шаңырағы аспан аясындағы күмбез ретінде айналаға сәуле шашады. Аталмыш эскиз-идеяның негізгі тұжырымдамасы бойынша бұл болашақ қалалардың үлгісі болумен қатар, ол жаңғырмалы электр қуатын дамыту және тарату орталығы болмақ. Ал бұл заманауи технологияларды ашатын зертханалар болашақта ұрпақ игілігіне айналмақ.
Астанаға бұйырған ЭКСПО халықаралық көрмесі 2017 жылдың 10 маусымынан 10 қыркүйекке дейін созылады. Төрткүл дүние назары – Қазақстанда. Жас мемлекет болсақ та бас бола алатынымыздың бір зор дәлелі осы ғой. Іске сәт! Мынау ортақ үйіміз, ұямыз Жер шарында әр таңымыз арайлап атсын, айымыз оңынан тусын, жақсылық жамырасын!

Райхан ҚАНАТҚЫЗЫ,

студент.

ЧАПАЕВ.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Түсініктеме