19.07.2017, 12:00
Қараулар: 734
Сотта ашықтық, жариялылық өрістеуде

Сотта ашықтық, жариялылық өрістеуде

IMG_5215Аудан соттарында жылдың І жартысында сот төрелігін жүзеге асыру бойынша атқарылған жұмыс қорытындыларына арналып жүздесулер, баспасөз мәслихаттары ұйымдастырылды.

Ақжайық аудандық сотының төрағасы Әмірхан Куликешев аудандық прокуратура, ішкі істер бөлімі өкілдерінің қатысуымен өткен бұл шаралар барысында біраз дәйек-деректі саралады. Аталған мерзімде сот өндірісінде 15 қылмыстық іс түсіп, 10 үкім қабылданды. ҚК-нің 63-бабымен шартты жаза 1 адамға қолданылды, 3 адамға қоғамдық жұмысқа тарту, 3 адамға бас бостандығын шектеу жазасы берілді, 2 айыппұл салынды, 1 адам бас бостандығынан айырылды. 1 іс бойынша медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы қолданылған. Қылмыстық істерден медиация рәсімі қолданылған істер саны – 3. Соның біреуі жекеше айыптау бойынша ҚПК-нің 35-бабына сай қысқартылса, 2 іс тараптардың татуласуына байланысты қысқартылған.
Азаматтық істер бойынша сот өндірісіне 3 іс және 130 арыз түскен. 3 арыз кері қайтарылған, 121 іс қаралып, аяқталған, 68 шешім, 29 сот бұйрығы қабылданған, 21 іс қысқартылған. 14 іс медиация тәртібімен аяқталса, оның 11-і пилоттық жобаны енгізу тәртібімен қысқартылды. Апелляциялық сатыда 5 іс қаралып, шешімдер өзгеріссіз қалдырылған.
Әкімшілік істер бойынша 178 іс қаралып, 81 қамаққа алу, 48 айыппұл, 1 ескерту және 15 арнайы құқығынан айыру жөнінде әкімшілік жаза қолданылған. 33 іс қысқартылған. 13 жеке қаулы қабылданды.
Сот төрағасы заң үстемдігін қамтамасыз ету бағытындағы реформаларды іске асыру барысын, азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға тиімді жағдай жасауға қатысты міндеттерді де толық баяндап, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап қайтарды. Айталық, сот жүйесіне соңғы жылдары енгізілген өзгерістер азаматтардың сотқа қолжетімділігін арттырып, ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз етуде. Сот процестеріне үн-бейнежазбаны енгізу заманның бір аса қажетті талабына айналып, жүзеге асырылуда. «Ашық есік» күндерінің ұйымдастырылып тұруы да тұрғындардың көңілінен шығуда.
Сондай-ақ, Ақжайық аудандық №2 сотында үкіметтік емес ұйымдар, БАҚ өкілдерімен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына арналып «дөңгелек үстел» өтті. Аталған сот төрағасы Тамара Ғұмарова жүргізген бұл бас қосуда аудан прокуратурасының аға прокуроры Досбол Жұманов, Тайпақ ауылдық округінің әкімі Боранбай Қыдырғожин, Тайпақ ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғинолла Садыров, ауыл мешітінің имамы Тұрсынғали Құжапов, Тайпақ полиция бөлімінің кәмелет жасқа толмағандардың ісі жөніндегі инспекторы Бибігүл Ержігітова, БҚО адвокаттар алқасының адвокаты Салауат Берікқалиев, жастармен жұмыс жөніндегі кеңесші маман Дина Сәтбаева, «Жайық таңы» газетінің тілшісі Бекболат Қаленов Ұлт жоспарының еліміз өмірінде айрықша орын алып отырғанын айтты. Тамара Сәлімжанқызы тәуелсіз мемлекетіміздің сот жүйесіндегі жеткен жетістіктерін атап, бұрмалаушылықтарды болдырмау арқылы халықтың сотқа деген сенімін арттыруда бірқатар жүйелі де ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын баяндады.
Ұлт жоспарында айтылғандай, елімізде сот өндірісінде ақпараттық технологияларды кеңінен қолдану, әлемдік тәжірибені ескере отырып, электронды сот үлгісін дайындау жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта сот жүйесінде кеңінен қолданылып келе жатқан ақпараттық технологиялардың бірі – «Сот кабинеті». Бұл арқылы талап арыздар мен өтініштерді, жүгінулерді, апелляциялық шағымдар, наразылықтарды жолдау мен мемлекеттік төлемдерді онлайн түрде төлеу мүмкіндіктері қарастырылған. Мысалы, №2 сот бойынша жылдың өткен уақытында 48 талап арыз, әкімшілік істердің 73-і «Сот кабинеті» арқылы түскен. Осы және де басқа да жетістіктер жайында бас маман – сот мәжілісінің хатшысы Нұрбол Сауырбаев баяндама жасады.
Бұдан кейін бас қосу Т.С.Ғұмарованың 2017 жылдың І жартыжылдығының қорытындыларына арналған баспасөз мәслихатына ұласты. Аталған уақытта 19 тұлғаға қатысты 17 қылмыстық іс қаралып, соның 11-іне қатысты үкім шыққан және 5 тұлғаға бас бостандығын шектеу, алтауына қоғамдық жұмыс тағайындалған. Сондай-ақ, 78 тұлғаға қатысты осыншама әкімшілік іс қаралған. Соның 57-сіне әкімшілік жаза қолдануға, 21-іне қатысты әкімшілк іс өндірістен қысқартылғаны жөнінде қаулы шыққан. 5 тұлғаға ескерту, 16 тұлғаға айыппұл, 29-ын қамаққа алу, жетеуіне көлік құралын жүргізу құқығынан айыру жазалары тағайындалған. Ал азаматтық іс бойынша 58 іс аяқталып, соның 23-іне шешім, 29-ына сот бұйрығы шығарылған. Алтауы медиация тәртібімен шешілген. Оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен 9 іс қаралған. Айта кетерлігі, барлық істе «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 20-шы қадамына сәйкес, үн және бейне жазба құрылғылары қолданылған. Бұл қағазбастылықтың алдын алып, судья мен сот хатшысының жұмысын жеңілдететіні сөзсіз.
Осындай көрсеткіштерге тоқталған төр-аға сот саласына енгізілген тың өзгерістердің тиімділігін тілге тиек етіп, ізденіспен одан әрі тыңғылықты жұмыстанатындарын айтты, журналистердің сұрақтарына жауап қайтарды.

Рахмет ҚАЛИ.

Суретте: №2 соттағы шарада.

Суретті түсірген автор.